EXPO-2020: павильон құны – 18 миллион доллар
EXPO-2020: павильон құны – 18 миллион доллар
271
оқылды

Қазанның басында Ду­байда әйгілі EXPO көрмесі басталды. Былтыр панде­мияға байланысты өтпей қал­ған EXPO-2020 көрме­сінен Қазақстан да қалыс қалған жоқ. Тіпті, ірі па­вильон салып, біраз қаржы шы­ғын­дапты. Шенділердің ойын­ша, дүниежүзілік көр­меге қомақты қаржы жұм­сау түбі бір пайда әкелетін көрінеді.

Дубайдағы дүниежүзілік көр­менің ашылуына байланысты мәлімдеме жасаған QazExpoCongress ұлттық компаниясының басқарма төарғасы Аллен Шай­жүнісов қазақстандық павильон­ның құны 8 миллиард теңге ша­масында болғанын айтты. Әрине, әр тиынына дейін есеп берген жоқ. Бірақ артық-кемі жоқ 8 млрд теңге болғанның өзінде бұл сома 18 миллион 800 мыңнан астам АҚШ доллары болмақ. Әрі 2015 жылы Миланда өткен көрмеге жұмсаған қаржыдан (17 млн еуро немесе 2015 жылғы валюта бағамымен 35 млрд 360 млн теңге шамасында) аз болса керек. «Қаржы үш жыл бұрын қарастырылған болатын. Ол бюджеттен жұмсалды. Ол шамамен 8 миллиард теңге бол­ды. Осы тұста біздің павильонның 3400 шаршы метр екенін, жетілген инфрақұ­рылымы, ұлттық мейрам­ханалары мен кәдесый дүкендері бар екенін атап өткім келеді», – деді А.Шай­жүнісов. Оның сөзіне қарағанда, 2015 жылы Миланда өткен көрмеге де Қазақстан тарапы мол қаржы жұмсапты. Бірақ ол кезде павильон көлемі қазіргіден кіші болыпты. «Бұл, әрине мол қар­жы. Бірақ егер Қазақстанның Миланда өткен EXPO-ға жұм­са­ғаны шығынымен салыстырсақ, ол кезде жұмсалған қаржы қа­зіргіден мол болды. Ал павильон аумағы 2000 шаршы метр ғана еді», – дейді QazExpoCongress басшысы.

Павильон елге турист тарта ма?

Әрине, EXPO көрмелеріне қатысу арзан болмайтынын байқап жүрміз. Қазақстан мұндай көрмені 2017 жылы өткізгенде біраз қаржы жұмсаған. 2 млрд доллар жұмсаған Astana EXPO-2017 мамандан­ды­рылған көрмесі Миландағы EXPO-дан да қымбатқа түскен. Дегенмен елордадағы көрмеден соң көптеген нысандар, ғимараттар өзімізде қалды. Қаланың тәуір ауданы қалыптасты. Ал шетелдердегі көр­мелерге қатысудан тек үміт қана күтеміз. Айталық, А.Шайжүнісов атап өткен Миландағы көрмеге Қазақстан 17 млн еуро жұмсаған. 2015 жылы еуроның ұлттық валю­таға шаққандағы құны 207-208 теңге шамасында болғанын ескер­сек, 2000 шаршы метрлік па­вильон­ға шамамен 35 млрд 360 млн теңге шығындаппыз. Бұл дегені­ңіз – қазіргі 8 млрд теңгеден 4 есе­ден астам көп сома. Әрі арада өт­кен алты жылда теңгенің де біраз құнсызданғанын ескерсек, А.Шай­­жүнісовтың Дубайдағы көрме­ні «арзандау болды» деуінің де жаны бар. Айырмашылық көзге бірден көрініп тұр. Бірақ дүниежүзілік көрмелерге қатысудың нақты қан­дай дивиденті бар екенін дөп басып ешкім айта алмайды. Көрме павильонын жасақтауға жауапты мамандар оның ел мүмкіндіктерін паш етіп, туризмді дамытуға ықпал етуі мүмкін екенін болжайды. Тіпті, А.Шайжүнісов Дубайдағы Қазақстан павильонынан кел­ген­дер Қазақстанды «сағынатынын» айтады. Яғни, павильонды көрген соң Қазақстанға турист ретінде келуді қалайтындар көбейеді-мыс. Алайда осы күнге дейін Қазақстан қатысқан дүниежүзілік көрме­лер­дің туризмді дамытуға нақты қан­дай ықпалы болғаны белгісіз. Мәселен, 2010 жылы Шанхайда өткен көрмеге дейін Қазақстан павильондарды жалға алып келді. Сол жылы Шанхайда өз қаржы­мызға жеке павильон тұрғыздық. Ал сол көрме өткен Қытайдан Қазақстанға ресми түрде турис­тердің алғашқы тобы 2016 жылы келді. Топпен саяхаттаған Қытай туристері тек ШҚО-да кәдесыйлар мен азық-түлік сатып алуға 2,6 млн теңге жұмсапты. Әлем елдері «бізге келсе ғой» деп аңсайтын Қытай туристерінің Қазақстанға келуіне Шанхай көрмесі әсер етті ме әлде 2015 жылы Миланда құрған па­вильо­нымыз ықпал етті ме, біле ал­маймыз. Демек, қымбат көрме павильонды тұрғызу турист тартуға ықпал етеді деп бірден кесіп айтуға болмайды. Ал түрлі келісімдерге келсек, дүниежүзілік көрме аясында Қа­зақстанға қызыққан түрлі ком­паниялар мен отандық кәсіпкерлер өзара серіктес болу үшін келіссөз­дер жасауы мүмкін. Оны А.Шай­жүнісов те айтты. «Нақты келі­сім­шарттарға қол қою жоспар­ланып отыр. Мұның барлығы муль­ти­пли­кативті әсер береді, сөйтіп біздің павильонға жұм­салған ақша ақ­та­лып, Қазақстан экономи­касына қо­­сымша диви­денд­тер әкеледі», – деді ол. Бірақ келісімшарттар көр­ме павильо­нының әдемілігі мен қымбаттығы үшін жасала ма, жоқ әлде кәсіп­керлер еліміздегі нақты салалардың даму мүмкіндігін байқағандықтан жасала ма, ол жағын QazExpoCongress басшысы айтпады. Біздің па­йымдауымызша, павильонның қым­баттығы емес, компания­лар­дың нақты табыс табуға болатын саланы байқап қ­а­луының нәти­же­сінде ғана келі­сімшарттар жасалса керек. Екін­шіден, қымбат па­вильон салудан гөрі Президенттің шетелдерге сапары барысында жасалатын келісімдер әлдеқайда пайдалы шығар деп болжаймыз. Дегенмен кейбір мамандар бола­шақты да ойлау қажет екенін айтады.

«Әлеуетті туристер саны артады»

Ұзақ жылдардан бері туризм саласын дамыту мәселесімен айналысып жүрген сарапшы, өлке­танушы маман Амандық Әмір­хамзин Дубайдағы павильон­ның қосымша әсері бәрібір бола­тынын айтады. Әрі пандемия ал­да­ғы бірер жылда аяқталып, адам­дардың саяхат жасау мүмкіндігі кеңейген кезде туристер жаңа ба­ғыт іздеуі мүмкін екенін айтады. Әрине, туризм саласы бұрынғы қал­пына келмегенімен, бәрібір табысты болып қала бермек. Сон­дықтан Қазақстан жаһандағы әлеуетті туристерге қосымша бір бағыт ретінде өзін-өзі танытуына Дубайдағы көрме ықпал ететін болса керек.

Миландағы көрмеге Қазақстан 17 млн еуро жұм­саған. 2015 жылы еуроның ұлттық валю­таға шақ­қандағы құны 207-208 теңге шамасында болғанын ескер­сек, 2000 шаршы метрлік па­вильон­ға шамамен 35 млрд 360 млн теңге шығындаппыз. Бұл дегені­ңіз – қазіргі 8 млрд теңгеден 4 есе­ден астам көп сома.

«Енді, Дубайдағы EXPO көр­месіне оралатын болсақ, жоғарыда айтқандай, пандемия өз әсерін тигізді. Біріншіден, жұмсалатын қаражат қысқарды. Екіншіден, жалпы, EXPO көр­месіне қатысу елдің беделі. Әрине, біздің павильон әдемі және ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып, аумағы үлкен павильон­дардың бірі. Бірақ біз мына жайтты ескеруі­міз керек. Мысалы, осы павильонға миллиондаған адам келеді десек, Қазақстан туралы мағлұматтары кеңейеді және әлеуетті туристердің саны артуы мүмкін. Мысалы, мына санға назар аударайық. БАЭ көрмеге әлемнің 192 елінен 25 млн адам келеді деп болжанып отыр. Оның 70 пайызы шетелдік қонақтар және жалпы келушілердің 20 проценті бизнес өкілдері, яғни көрме тек туристерді тартып қана қоймайды, Қазақ­стан­ның өзге елдерінің кәсіпкер­лерімен бизнес қатынастарды да­мытуына жағдай жасайды. Әрине, ақша қаражаты көп жұмсалды деген сауал бар. Бірақ елдің маркетингі және брендингі үшін қажетті шара деп ойлаймын», – дейді Амандық Әмірхамзин.

«Көршілердің шығыны бізден де көп»

Бір қызығы, Дубайдағы па­вильон­ды салуға жауапты болған компания басшысы жұмсаған 8 млрд теңгені ақтау үшін бірқатар мемлекеттердің шығынымен де салыстырды. А.Шайжүнісовтың сөзіне қарағанда, Беларусь елі 2500 шаршы метрлік павильон үшін 20 миллион доллар, Ресей 4000 шар­шы метрден астам павильон үшін 40 миллион доллар жұмсағанын айтады. Рас, Дубайдағы көрмеде қымбат павильон жасаған мемле­кеттер баршылық. Бәлкім, па­вильон жасауға жауапты шенділер елдің имиджі, брендинг, потен­циалды турист тарту тәрізді фак­тор­ларды ескерген де шығар. Бірақ өзгесін қайдам, турист тартуда дүниежүзілік көрменің ықпал ететініне күмәніміз бар. Мәселен, 2018 жылы Қазақстанға 8,5 млн турист келді дейді ресми ақпарат. Сөйтіп, 2017 жылғымен салыстыр­ғанда, 10 пайызға өсіпті. Елордада халықаралық көрме өткен жылы 7,7 млн турист келіпті. Бірақ олар­дың тек 1,2 пайызы немесе 81 635 адам шекерадан өткенде тол­тыра­тын көші-қон құжатына келу мақ­сатын «туризм» деп көрсеткен. Ал 6,5 млн адам «жеке мақсатпен» кел­генін атап өткен. Ал 2019 жыл­дың алғашқы үш тоқсанында Қа­зақстанға келген туристер саны 8,16 млн болған. 2020-21 жылдар­дың жағдай белгілі. Бірақ статис­тикада көсретілгендей, ел халқы­ның жартысына жуықтайтын ту­рист келген болса, көзге түсер еді. Демек, шекарадан өткендердің барлығын турист деп бағалау бар деген сөз. Ал мұндай қонақтардың қаржысы тікелей туризмді дамыта қоймайды. Моңғолиядағы қанда­сымыз, Ber Travel компаниясының иесі Айнабек Қабдыуәли көрікті жерлерді, тарихи орындарды көру­ге келетін туристер алдын ала тап­сырыс беріп, кеңес алатынын, содан кейін келетінін айтады. «Шекарадан өткеннің бәрін турист деуге келмейді. Олар, әрине азды-көпті ақша қалдыратын шығар. Бі­рақ біз Баян-Өлгейге Қазақстан­нан туысшылап келетін қазақтарды турист ретінде бағаламаймыз. Олардың қаржысы бәлкім елде қалатын шығар. Бірақ мақсатты емес. Сол сияқты біздің Қазақ­стан­ға қыдырып барған сапары­мызды да туризм деуге келмес. Иә, Нұр-Сұлтан, Алматы тәрізді қала­ларды аралайтынымыз рас. Бірақ ұлттық парктерге арнайы бармай­мыз, тарихи орындарды сирек аралаймыз. Туристік компания­лардың қызметін пайдаланбаймыз. Өзімізді турист ретінде сезінбей­міз», – дейді ол.

Туризмді дамытуға павильон емес, әуе рейстері ықпал етеді

Біздің мұндай тұжырым жаса­уымызға 2020 жылдың басындағы зерттеу себеп болды. FinReview зерттеуінде БАӘ, Үндістан, Ма­лай­зияға тікелей әуе рейстерінің болуы аталған елдерден келген ту­ристер санын 2019 жылы сәйке­сінше 50, 49 және 44 пайызға өсір­гені айтылған. Яғни, 2018-2019 жылдары ашылған тікелей әуе рейс­тері елге келетіндер қатарын өсірген. Тікелей Қазақстанда сая­хат жасауға келмегеннің өзінде ұшақ аялдайтын бірнеше сағатта елмен танысуға мүмкіндік туады екен. Айталық, Қытай және Үндіс­тан азаматтарына 72 сағаттық ви­засыз режимнің енгізілуі туристер санына ықпал етуі мүмкін. Бірақ бұл режим 2020 жылдың басында енгізілгендіктен әзірге нақты нә­ти­жесін көру қиын. Пандемия кері әсер етіп жатыр. Сол сияқты Түркістанда жаңадан ашылған халықаралық әуежайдың да туризмге қосатын үлесі әзірге нақ­тылана қойған жоқ. Бірақ Түр­кістан түркі тілдес мемлекеттерден келетін туристерді қызықтыра бастағаны байқалады. Демек, Дубайдағы павильон да, өзге түрлі көрмелерде Қазақстанды таныту үшін ұйымдастырылатын шара­ларға емес, жүйелі көлік қатынас­тарына, сапалы инфрақұрылымға назар аударған жөн шығар. Инфра­құрылым демекші, ол жағынан ұятты екеніміз де шетелдіктердің келуіне кері әсер етуі мүмкін еке­нін жоққа шығармаймыз.

Ардақ СҰЛТАН