Қазанның басында Дубайда әйгілі EXPO көрмесі басталды. Былтыр пандемияға байланысты өтпей қалған EXPO-2020 көрмесінен Қазақстан да қалыс қалған жоқ. Тіпті, ірі павильон салып, біраз қаржы шығындапты. Шенділердің ойынша, дүниежүзілік көрмеге қомақты қаржы жұмсау түбі бір пайда әкелетін көрінеді.
Дубайдағы дүниежүзілік көрменің ашылуына байланысты мәлімдеме жасаған QazExpoCongress ұлттық компаниясының басқарма төарғасы Аллен Шайжүнісов қазақстандық павильонның құны 8 миллиард теңге шамасында болғанын айтты. Әрине, әр тиынына дейін есеп берген жоқ. Бірақ артық-кемі жоқ 8 млрд теңге болғанның өзінде бұл сома 18 миллион 800 мыңнан астам АҚШ доллары болмақ. Әрі 2015 жылы Миланда өткен көрмеге жұмсаған қаржыдан (17 млн еуро немесе 2015 жылғы валюта бағамымен 35 млрд 360 млн теңге шамасында) аз болса керек. «Қаржы үш жыл бұрын қарастырылған болатын. Ол бюджеттен жұмсалды. Ол шамамен 8 миллиард теңге болды. Осы тұста біздің павильонның 3400 шаршы метр екенін, жетілген инфрақұрылымы, ұлттық мейрамханалары мен кәдесый дүкендері бар екенін атап өткім келеді», – деді А.Шайжүнісов. Оның сөзіне қарағанда, 2015 жылы Миланда өткен көрмеге де Қазақстан тарапы мол қаржы жұмсапты. Бірақ ол кезде павильон көлемі қазіргіден кіші болыпты. «Бұл, әрине мол қаржы. Бірақ егер Қазақстанның Миланда өткен EXPO-ға жұмсағаны шығынымен салыстырсақ, ол кезде жұмсалған қаржы қазіргіден мол болды. Ал павильон аумағы 2000 шаршы метр ғана еді», – дейді QazExpoCongress басшысы.Павильон елге турист тарта ма?
Әрине, EXPO көрмелеріне қатысу арзан болмайтынын байқап жүрміз. Қазақстан мұндай көрмені 2017 жылы өткізгенде біраз қаржы жұмсаған. 2 млрд доллар жұмсаған Astana EXPO-2017 мамандандырылған көрмесі Миландағы EXPO-дан да қымбатқа түскен. Дегенмен елордадағы көрмеден соң көптеген нысандар, ғимараттар өзімізде қалды. Қаланың тәуір ауданы қалыптасты. Ал шетелдердегі көрмелерге қатысудан тек үміт қана күтеміз. Айталық, А.Шайжүнісов атап өткен Миландағы көрмеге Қазақстан 17 млн еуро жұмсаған. 2015 жылы еуроның ұлттық валютаға шаққандағы құны 207-208 теңге шамасында болғанын ескерсек, 2000 шаршы метрлік павильонға шамамен 35 млрд 360 млн теңге шығындаппыз. Бұл дегеніңіз – қазіргі 8 млрд теңгеден 4 еседен астам көп сома. Әрі арада өткен алты жылда теңгенің де біраз құнсызданғанын ескерсек, А.Шайжүнісовтың Дубайдағы көрмені «арзандау болды» деуінің де жаны бар. Айырмашылық көзге бірден көрініп тұр. Бірақ дүниежүзілік көрмелерге қатысудың нақты қандай дивиденті бар екенін дөп басып ешкім айта алмайды. Көрме павильонын жасақтауға жауапты мамандар оның ел мүмкіндіктерін паш етіп, туризмді дамытуға ықпал етуі мүмкін екенін болжайды. Тіпті, А.Шайжүнісов Дубайдағы Қазақстан павильонынан келгендер Қазақстанды «сағынатынын» айтады. Яғни, павильонды көрген соң Қазақстанға турист ретінде келуді қалайтындар көбейеді-мыс. Алайда осы күнге дейін Қазақстан қатысқан дүниежүзілік көрмелердің туризмді дамытуға нақты қандай ықпалы болғаны белгісіз. Мәселен, 2010 жылы Шанхайда өткен көрмеге дейін Қазақстан павильондарды жалға алып келді. Сол жылы Шанхайда өз қаржымызға жеке павильон тұрғыздық. Ал сол көрме өткен Қытайдан Қазақстанға ресми түрде туристердің алғашқы тобы 2016 жылы келді. Топпен саяхаттаған Қытай туристері тек ШҚО-да кәдесыйлар мен азық-түлік сатып алуға 2,6 млн теңге жұмсапты. Әлем елдері «бізге келсе ғой» деп аңсайтын Қытай туристерінің Қазақстанға келуіне Шанхай көрмесі әсер етті ме әлде 2015 жылы Миланда құрған павильонымыз ықпал етті ме, біле алмаймыз. Демек, қымбат көрме павильонды тұрғызу турист тартуға ықпал етеді деп бірден кесіп айтуға болмайды. Ал түрлі келісімдерге келсек, дүниежүзілік көрме аясында Қазақстанға қызыққан түрлі компаниялар мен отандық кәсіпкерлер өзара серіктес болу үшін келіссөздер жасауы мүмкін. Оны А.Шайжүнісов те айтты. «Нақты келісімшарттарға қол қою жоспарланып отыр. Мұның барлығы мультипликативті әсер береді, сөйтіп біздің павильонға жұмсалған ақша ақталып, Қазақстан экономикасына қосымша дивидендтер әкеледі», – деді ол. Бірақ келісімшарттар көрме павильонының әдемілігі мен қымбаттығы үшін жасала ма, жоқ әлде кәсіпкерлер еліміздегі нақты салалардың даму мүмкіндігін байқағандықтан жасала ма, ол жағын QazExpoCongress басшысы айтпады. Біздің пайымдауымызша, павильонның қымбаттығы емес, компаниялардың нақты табыс табуға болатын саланы байқап қалуының нәтижесінде ғана келісімшарттар жасалса керек. Екіншіден, қымбат павильон салудан гөрі Президенттің шетелдерге сапары барысында жасалатын келісімдер әлдеқайда пайдалы шығар деп болжаймыз. Дегенмен кейбір мамандар болашақты да ойлау қажет екенін айтады.«Әлеуетті туристер саны артады»
Ұзақ жылдардан бері туризм саласын дамыту мәселесімен айналысып жүрген сарапшы, өлкетанушы маман Амандық Әмірхамзин Дубайдағы павильонның қосымша әсері бәрібір болатынын айтады. Әрі пандемия алдағы бірер жылда аяқталып, адамдардың саяхат жасау мүмкіндігі кеңейген кезде туристер жаңа бағыт іздеуі мүмкін екенін айтады. Әрине, туризм саласы бұрынғы қалпына келмегенімен, бәрібір табысты болып қала бермек. Сондықтан Қазақстан жаһандағы әлеуетті туристерге қосымша бір бағыт ретінде өзін-өзі танытуына Дубайдағы көрме ықпал ететін болса керек.«Енді, Дубайдағы EXPO көрмесіне оралатын болсақ, жоғарыда айтқандай, пандемия өз әсерін тигізді. Біріншіден, жұмсалатын қаражат қысқарды. Екіншіден, жалпы, EXPO көрмесіне қатысу елдің беделі. Әрине, біздің павильон әдемі және ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып, аумағы үлкен павильондардың бірі. Бірақ біз мына жайтты ескеруіміз керек. Мысалы, осы павильонға миллиондаған адам келеді десек, Қазақстан туралы мағлұматтары кеңейеді және әлеуетті туристердің саны артуы мүмкін. Мысалы, мына санға назар аударайық. БАЭ көрмеге әлемнің 192 елінен 25 млн адам келеді деп болжанып отыр. Оның 70 пайызы шетелдік қонақтар және жалпы келушілердің 20 проценті бизнес өкілдері, яғни көрме тек туристерді тартып қана қоймайды, Қазақстанның өзге елдерінің кәсіпкерлерімен бизнес қатынастарды дамытуына жағдай жасайды. Әрине, ақша қаражаты көп жұмсалды деген сауал бар. Бірақ елдің маркетингі және брендингі үшін қажетті шара деп ойлаймын», – дейді Амандық Әмірхамзин.Миландағы көрмеге Қазақстан 17 млн еуро жұмсаған. 2015 жылы еуроның ұлттық валютаға шаққандағы құны 207-208 теңге шамасында болғанын ескерсек, 2000 шаршы метрлік павильонға шамамен 35 млрд 360 млн теңге шығындаппыз. Бұл дегеніңіз – қазіргі 8 млрд теңгеден 4 еседен астам көп сома.
«Көршілердің шығыны бізден де көп»
Бір қызығы, Дубайдағы павильонды салуға жауапты болған компания басшысы жұмсаған 8 млрд теңгені ақтау үшін бірқатар мемлекеттердің шығынымен де салыстырды. А.Шайжүнісовтың сөзіне қарағанда, Беларусь елі 2500 шаршы метрлік павильон үшін 20 миллион доллар, Ресей 4000 шаршы метрден астам павильон үшін 40 миллион доллар жұмсағанын айтады. Рас, Дубайдағы көрмеде қымбат павильон жасаған мемлекеттер баршылық. Бәлкім, павильон жасауға жауапты шенділер елдің имиджі, брендинг, потенциалды турист тарту тәрізді факторларды ескерген де шығар. Бірақ өзгесін қайдам, турист тартуда дүниежүзілік көрменің ықпал ететініне күмәніміз бар. Мәселен, 2018 жылы Қазақстанға 8,5 млн турист келді дейді ресми ақпарат. Сөйтіп, 2017 жылғымен салыстырғанда, 10 пайызға өсіпті. Елордада халықаралық көрме өткен жылы 7,7 млн турист келіпті. Бірақ олардың тек 1,2 пайызы немесе 81 635 адам шекерадан өткенде толтыратын көші-қон құжатына келу мақсатын «туризм» деп көрсеткен. Ал 6,5 млн адам «жеке мақсатпен» келгенін атап өткен. Ал 2019 жылдың алғашқы үш тоқсанында Қазақстанға келген туристер саны 8,16 млн болған. 2020-21 жылдардың жағдай белгілі. Бірақ статистикада көсретілгендей, ел халқының жартысына жуықтайтын турист келген болса, көзге түсер еді. Демек, шекарадан өткендердің барлығын турист деп бағалау бар деген сөз. Ал мұндай қонақтардың қаржысы тікелей туризмді дамыта қоймайды. Моңғолиядағы қандасымыз, Ber Travel компаниясының иесі Айнабек Қабдыуәли көрікті жерлерді, тарихи орындарды көруге келетін туристер алдын ала тапсырыс беріп, кеңес алатынын, содан кейін келетінін айтады. «Шекарадан өткеннің бәрін турист деуге келмейді. Олар, әрине азды-көпті ақша қалдыратын шығар. Бірақ біз Баян-Өлгейге Қазақстаннан туысшылап келетін қазақтарды турист ретінде бағаламаймыз. Олардың қаржысы бәлкім елде қалатын шығар. Бірақ мақсатты емес. Сол сияқты біздің Қазақстанға қыдырып барған сапарымызды да туризм деуге келмес. Иә, Нұр-Сұлтан, Алматы тәрізді қалаларды аралайтынымыз рас. Бірақ ұлттық парктерге арнайы бармаймыз, тарихи орындарды сирек аралаймыз. Туристік компаниялардың қызметін пайдаланбаймыз. Өзімізді турист ретінде сезінбейміз», – дейді ол.Туризмді дамытуға павильон емес, әуе рейстері ықпал етеді
Біздің мұндай тұжырым жасауымызға 2020 жылдың басындағы зерттеу себеп болды. FinReview зерттеуінде БАӘ, Үндістан, Малайзияға тікелей әуе рейстерінің болуы аталған елдерден келген туристер санын 2019 жылы сәйкесінше 50, 49 және 44 пайызға өсіргені айтылған. Яғни, 2018-2019 жылдары ашылған тікелей әуе рейстері елге келетіндер қатарын өсірген. Тікелей Қазақстанда саяхат жасауға келмегеннің өзінде ұшақ аялдайтын бірнеше сағатта елмен танысуға мүмкіндік туады екен. Айталық, Қытай және Үндістан азаматтарына 72 сағаттық визасыз режимнің енгізілуі туристер санына ықпал етуі мүмкін. Бірақ бұл режим 2020 жылдың басында енгізілгендіктен әзірге нақты нәтижесін көру қиын. Пандемия кері әсер етіп жатыр. Сол сияқты Түркістанда жаңадан ашылған халықаралық әуежайдың да туризмге қосатын үлесі әзірге нақтылана қойған жоқ. Бірақ Түркістан түркі тілдес мемлекеттерден келетін туристерді қызықтыра бастағаны байқалады. Демек, Дубайдағы павильон да, өзге түрлі көрмелерде Қазақстанды таныту үшін ұйымдастырылатын шараларға емес, жүйелі көлік қатынастарына, сапалы инфрақұрылымға назар аударған жөн шығар. Инфрақұрылым демекші, ол жағынан ұятты екеніміз де шетелдіктердің келуіне кері әсер етуі мүмкін екенін жоққа шығармаймыз.Ардақ СҰЛТАН