Тірі екеніңді дәлелде!
Тірі екеніңді дәлелде!
290
оқылды

Петропавл қаласының әкімдігі тірі адамды «өлдіге» санап, тұрғын үй кезегінен шығарып тастаған. Жетім жігітке тірі екенін дәлелдеп, кезекке қайта тұру үшін талай табал­дырықты тоздыруға тура келді. Шенеуніктер бұл қателікті техникалық ақаумен байланыстырып отыр.

Александр Рябуха есімді жігіт тағдырдың тәлкегін бала кезінен көріп келеді. 8 жасында анасы о дүниеге аттанғаннан кейін үйел­мелі-сүйелмелі төрт бала жетімдер үйіне тапсырылған. Сонда жүрген кезінде-ақ Александр үй кезегіне тұрған екен. Жетімдер үйі Айыртау ауданында орналас­қан­дық­тан, Александр сол ауданның орталығы Саумалкөл ауылындағы үй кезегінде болған. Кейін Петро­павлға көшіп кеткендіктен, ол ж­ақ­тағы кезектен шығып, тұрғылықты жері бойынша тіркелген. Төрт жыл­дай кезекте тұрған адамды биыл наурыз айында бәзбіреулер «өлді» деп көрсетіп, есептен шыға­рып тастапты. Содан кейін тірі екенін дәлелдеу үшін талай табал­дырықты тоздыр­ғанымен, еш нә­тиже шықпаған соң Александр журналистерден араша сұрады. «Кезектен мені неге шығарып тастағандарын түсінбедім. Мүмкін біреуге қажет болған шығар. Тех­никалық ақаулық деп түсіндіріп отыр. Оның анық-қанығын кім біл­сін? Қайда барсам да, «өлі» адам­ның «тіріліп» келгеніне бәрі аң-таң болады», – дейді Александр Рябуха. Александр әділдік іздеп, про­куратураға барғанын айтады. Бірақ онда ешкіммен сөйлесіп, мән-жай­дың анық-қанығын білудің сәті түс­пепті. Тек жазбаша арызын ғана қалдырған. Кейін өтініші қарас­ты­руға қабылданғаны туралы SMS-хабарлама келген. Александр Башировичтің ай­туынша, кезек тоқсан сайын жа­ңартылады. Наурыз айында кезек­тен шығарылғанын өзі досынан білген көрінеді. «Досым өзінің ке­зе­гін тексерген екен. Сол келіп, мені кезектен таба алмағанын айт­ты. Сайтты ашып қарап едім, өз кө­зіме өзім сенбедім. Кезектен шы­ғарылу себебі деген бағанаға «өлі­міне байланысты» деп жазып қойыпты. Қалалық әкімдікке бар­сам, «өліп қалғанына байланысты кезектен шығарып тастадық» деген жауап алдым Тірі екенімді дәлелдеу үшін талай табалдырықты тозды­руыма тура келді», – дейді Александр.

ТЕХНИКАЛЫҚ ҚАТЕЛІК ПЕ? ӘЛДЕ?..

Петропавл қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Азат Ыбы­раев­тың айтуынша, бұған техникалық ақаулықтар себеп болған. «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бө­лімі жыл сайын кезектегілердің мәртебесіне түгендеу жүргізіп оты­рады. Себебі біреулер басқа жаққа көшіп кетуі немесе үй сатып алуы, тіпті қайтыс болуы мүмкін. Наурыз айындағы жоспарлы түгендеу ба­рысында 1996 жылы туған Алек­сандр Рябуханың мәртебесі мәлі­меттер базасында «өлі» болып шық­ты. Әкімдік өз тарапынан мәр­­тебені өзгерте алмайды, тек отбасы мүшелерін ғана кезекке қоса алады. «Өлілер» тізімінде бол­ғандықтан, ол автоматты түрде ке­зектен шығарылған. Бірақ кеше оның кезегі қалпына келтірілді. О баста оның кезегі 1 680-ші болса, енді 1 342-ші, яғни ол бұрынғы ор­ны­на тұрғызылды. Біз мұны тех­никалық ақаудың салдары деп ойлап отырмыз. Бірақ техникалық қателік пе, әлде біреудің салдыр-салақтығы ма, оны кейін анықтап, тиісті шешім қабылдайтын бола­мыз», – деді Азат Серікұлы. Әділет органдарындағылардың айтуынша, мұндай жағдайларға көбіне-көп адамның жіберген қа­телігі себеп болады. Облыстық Әділет департаменті басшысының орынбасары Гүлнара Қожахметова өз тәжірибесінде мұндай қателік кездеспегенін айтады. «Біздің об­лыста мұндай оқиға болып көрген емес. Біздің базада «Александр Ря­буха өлді» деген жазба тіркелмеген. Негізі, осындай қателіктер адам фак­торына байланысты жіберілуі мүмкін. Кейде аты-жөні, туған күні, айы, жылы бірдей адамдар кездеседі. Соларды шатастырып алуы да мүмкін», – деді Гүлнара Қа­лиқанқызы. Енді Александр Азаматтық хал актілерін тіркеу органына барып, өтініш жазуы керек. Одан кейін оған өлімі туралы хал актісі тіркел­мегені туралы анықтама беріледі. Әрі көші-қон полициясы бөлі­мінен де анықтама алуы керек. Себебі онда оның мәртебесі «бел­гісіз» деп көрсетілген. Азат Ыбы­раев­тың айтуынша, бұл көші-қон полициясы оны тіркелген жеріне барып тексергенде, таба алмаға­ны­на байланысты болуы мүмкін. Сон­дықтан басқа елге көшіп кетті деп санауы ғажап емес.

ТАСБАҚА АЯҢ

Қалалық әкімдіктің мәліметін­ше, пәтерлер баспана құрылысына байланысты кезектегілерге пайыз­дық қатынаста бөлінеді. Бүгінде Петропавлда 14 мыңнан астам адам пәтер кезегінде тұр. Оның 1 700-і – жетімдер. Биыл 65 пәтер осы санат­тағы адамдарға беріліпті. Бұл был­тырғыдан екі есе артық. 2020 жылы жетімдерге 30 шақты ғана пәтер бе­рілген екен. Александр Рябуха­ның қашан үй алатыны әлі белгісіз. Кезектің жылжуы үйлердің құры­лыс қарқынына байланысты. Кезек тасбақа аяңмен жылжиды. Алек­сандрдың өзі әрі кетсе 5-10 жылдың ішінде баспаналы боламын деген үмітте. Әзірге құрылыста бел жаз­бай жұмыс істеп, кезектің тезірек жылжуына үлесін қосып жүрген жігіт пәтердің бір бөлмесін жалдап тұруға мәжбүр. Қайтыс болған адамдардың кезегі автоматты түрде оның мұра­герлеріне беріледі. Бірақ Александр әлі үйленбегендіктен, оның кезегі ешкімге ауыспапты. Өзінің ай­туынша, туған ағасы Жетімдер үйі­нен кезекке тұрып, Саумал­көлден баспаналы болған. Үлкен апасы қайда екені белгісіз. Ал қа­рындасын ерлі-зайыпты бір отбасы асырап алған екен. Оның да тағды­рынан Александр хабарсыз. Петропавл қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Азат Ыбы­раевтың айтуынша, пәтер кезегіне қатысты мәліметтер базасы жалпы республикаға ортақ. Онда Қазақ­стан бойынша кезекте тұрған бар­лық адам біріктірілген. Қателік рес­публика деңгейінде де кетуі мүмкін. Ал жергілікті жерлердегі жауапты тұлғалар тек сол мәлі­меттер базасындағы деректердің дұрыс-бұрыстығын тексеріп қана отырады екен. Дегенмен шенеунік қалалық әкімдік Александр Рябу­ханың алдында ауызша түрде ке­ші­рім сұрауға дайын екенін жеткізді. Ал Александр мұндай қателік алдағы уақытта басқа адамдарға қа­тысты қайталанбағанын қалай­ды. «Маған бәрібір, менің рухым мықты, өзім оптимиспін. Сондық­тан бұл жағдайды аса қиналмай, күліп қабылдадым. Ал менің ор­ным­да басқа біреу болса, мәселен нәзік мінезді қыз бала болса немесе егде жастағы қария болса, қайғылы оқиға орын алмасына кім кепіл?», – дейді жетім жігіт. Азат Ыбыраев бұдан басқа мұн­дай мысалдар жоқ екенін айтып сендірді.

Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы