Өмірі өнермен өрнектелген...
Өмірі өнермен өрнектелген...
480
оқылды

«Бандыны қуған Хамит». «Біржан сал». «Құнанбай»... Үш образ да ірі. Үшеуі де бөлек. Бірақ ол үшеуін біріктіретін бір дүние бар: ол – Досхан. Жолжақсынов «Даладағы қуғыннан» кейін арада 30 жылдық үзілістен соң «Біржан салға» барды. Одан бөлек, театрда да, кинода да мың сан рөлдері болды. Солай бола тұра, көрермен Хамит, Біржан, Құнанбай образдарын ерекше жақсы көреді. Бүгін сол дара дарын 70-тің желкенін керді.

«Даладағы қуғын» – менің кинодағы алғашқы қадамым. Ма­ған өте қымбат. Кино актер ретінде менің өзімді, көрермен­дерімді қалыптастырған – осы фильм» дейді актер. Рас, Досхан Жолжақ­сынов ойнаған әрбір кейіпкерлер ерекше талғампаздық сұрыптауы­нан өткен, актердің ішкі түйсігі мен тегеурініне әбден лайық, жү­ректен өткізген, жеріне жеткізген бейнелер халық жа­дында сонша­лық жақсы сақтал­ған, әсіресе Хамит образы жас та жігерлі Досханның өнер бәйгесіне қосқан ақбоз аты. Әлі күнге дейін ел-жұрт экрандағы Хамит пен өмірдегі Досханды бір-бірінен ажырата алмай қараса, ол шын шеберліктің, хас өнерге деген жан толғанысы мен жан берілісінің барынша айшықты үлгісі сана­лады. Әйгілі кинорежиссер Аб­долла Қарсақбаев Досханды кино әлеміне ендіріп жіберді. Сөйтіп, актер Досхан қалыптасты. Актердің ақтарыла айтқан мына бір әңгімесі жадымызда: «Менiң өскен ортам өнерден кен­де болған жоқ. Шешем: «Бала күнiмiзде ауыл арасында Бейiмбет Майлиннiң «Шұғасын» жиi ой­найтынбыз», – деп айтып отыра­тын. Ал әкем өле-өлгенше қо­лы­нан домбырасын тастаған емес. Ауылдың ақсақалдары «әкең ән салғанда...» деп әлi күнге дейiн тамсана еске алып отырады. Ол суырыпсалма ақын едi. Әңгiме­лерi де сұмдық болатын. Аузынан Бiржан сал, Ақан серi, Мәди, Жаяу Мұса түспейтiн. Байрон «Менiң жазған өлеңдерiм – бiр жастан бес жасқа дейiн көрген-бiлгендерiм» дептi. Менiң өнер әлемiне жол тартуыма, домбыраға әуестенуiме осы әкемнiң салған әндерi мен айтқан әңгiмелерi түрткi болды». Жолжақсыновтың актерлікке келу тарихы да қызық. Тоғы­зыншы сыныпта оқып жүрген кезінен аға­сы оны ҰҚК мектебіне дайын­дайды. Алматыға келсе, ол кәдімгі шекарашылар училищесі екен. Жолда пойызда келе жатып екі құлағына суық тигізіп алады. Содан училищенің гарнизонында жатқан бала госпитальдан бір-ақ шығады. Бір-екі апта сонда жа­тады. Шықса, жоғары оқу орнына қабылдау емтихандары өтіп ке­тіпті. Ауыл шаруашылығы инсти­тутына, мединститутқа да, зоо­вет­ке де, бәріне барады. Өкініш­тісі – бәрінде де қабылдау емти­хандары өтіп кеткен. Ол кезде «пәленшенің баласы Алматыға оқуға кетіп, түсе алмай келіпті» деген сөз – өте ұят. Ауылға бара алмайды. Ал енді әкесі жалғыз ауылға ғана емес, жалпақ бір облысқа сыйлы адамдардың бірі болса, амал не? «Жолжақсы­нов­тың баласы оқуға түспей келді» деген сұмдық сөз ауылдағы атқа мінген азаматтың беделін түсі­ретін, бетіне шіркеу болатын ауыр жағдай-тын. Абырой болғанда Досханның үлкен әпкесі қыздар педагогикалық институтының музыка факультетінде оқиды екен, сол кісі: «Мына Құрманғазы атын­дағы өнер институтының театр бөліміне екінші топқа тү­лектер қабылдап жатыр. Хадиша Бөкее­ваның сыныбына» деп бағыт сіл­тейді. Досхан дереу ба­рып, құжа­тын өткізеді. Бағы жа­нып, емти­хандардан сүрінбей өтіп, оқуға түсіп кетеді. Досхан­ның өнерге ке­лу жолы осылай басталады. Сөйтіп, ол 1969 жылы Құр­ман­ғазы атындағы консерва­то­рия­ға түседі. 1970 жылы Ғабит Мү­сiрепов атындағы балалар мен жасөспiрiмдер театрының қосал­қы труппасына жұмысқа қабыл­данады. Сонда «Ақан серi – Ақто­тыдағы» Ақан серiнiң рөлiн ой­найды. Сол бір сәттер туралы: «Жал­пы, актердiң қолында дом­бырасы, көмекейiнде әнi, яғни бесаспап өнерпаз болмаса бол­майды. Алдымен Алланың, одан соң әкенiң қаны мен ананың сү­тiнен дарыған болуы керек, ак­терлiк кәсiптi тез меңгердiм. Менiң рөлдерiм театрдың iшiндегi көр­кемдiк кеңеске ғана емес, көрер­мендерге де ұнады. Негiзi, Ақан серi туралы әркiм әрқалай жазады. Мен болсам, образды сомдағанда пластинкаға жазыл­ған Шәкен ағаның дауысын көп тыңдадым. Сол арқылы өз үнiмдi iздеуге ты­рыстым. Ақан серi мен үшiн Бiр­жан әлемiне жол сiлтеген қозғаушы күш дер едiм» дейтіні бар. Жолжақсыновтың ел құрмет­тейтін тағы бір қыры – әншілігі. Домбыраны шебер тартады. Өзі де «Домбыра – менің құлақ бұрауым. Домбыра – менің мұратым. Әкем­нен алып қалған аманатым. Серігім. Домбырамен ән айту ішкі сезімімді сыртқа шығару ғана. Өзімді әнші санамаймын. Осы күнге дейін ыңылдап ән айтатын өзімнің ортам бар. Сондықтан үл­кен сахнаға шығып ән айту ойымда жоқ нәрсе. Дәстүрлі ән – біздің классикалық дүниелеріміз. Бір­жан, Ақан, Мәди, Жаяу Мұсаның жолын жалғастырып келе жатқан қаншама талантты әншілеріміз бар. Солардың алдында ән айту мен үшін өте ыңғайсыз. Әкем дү­ниеден озғаннан кейін сағыныш­тан туған «Ауыл қарттары», «Дом­быра» деген әндерді айттым. Мен үшін сөзі құнарлы. Екеуінің де сөзін Сағи Жиенбаев жазған. Сұраған жерде өзім орындаймын» деп айтады. Досхан актерлік жолдан өтіп, режиссураға келді. Бұл жол оңай болған жоқ. Бұрын режиссураға барғандарды сынап жүретін адам. Ол режиссерлікті актерлік қабілеті жоқ болған соң, амалсыз барады деп ойлайтын еді. «Белгiлi режис­сер Талғат Теменов екеуiмiз 90-жыл­дардың басында «Бiржан сал» туралы фильм түсiре бастаған едiк. Сценарийге терең үңiлме­ген­дiктен бе, есiмде қалмапты. Онда Бiржан туралы тек жалпылама айтылатын. Қаражаттың жоқты­ғынан жұмыс орта жолдан тоқтады. Бұл, әрине маған оңай тиген жоқ. Өзiмдi Бiржанның алдында қары­зы бар адамдай сезiнiп жүрдiм. Ақыры, тәуекелге бел буып, серi туралы фильмдi қайтадан жалғауға кiрiстiм. Осы үшiн театрдан кеттiм. Қайта айналып театрға барған жоқпын. Өйткенi режиссура менi қызық­­­тырып әкеттi. Бұл салада жұ­мысқа деген жауапкершiлiк әлдеқайда жоғары екен. Бiр сөзбен айтқанда, кино өнерiне деген көз­қарасым өзгердi. Ойлана келе, сце­нарий жа­затын адам iздедiм», – дейді актер. Ал «Құнанбай» – мүлдем бөлек туынды. Рас, режиссер айтқандай, Құнанбайдың бейнесін экранда ғана емес, көркем әдебиетте де айқындай алмай келдік. Бұған дейін театр сахнасындағы Құ­­­нанбайдың образы да «сыңаржақ» болғаны анық. Өйткені Әуезовтің әйгілі «Абай жолының» өзінде де Құнанбайдың бейнесі бір жақты суреттеледі. «Құнанбай жайлы фильм түсіру идеясы туындағанда мен Құнан­байға қай тұрғыдан келгенім дұрыс деп біраз кітаптарды қарап шық­тым. Тұрсын Жұртбай ағамыздан бастап, бірнеше ғалымдардың зерттеулеріне зер салдым. Басқа да зерттеу еңбектерді оқи отырып аңғарғаным – Құнанбай іштей бірбеткей тұлға болмаған. Бірін­шіден, ол өте білімдар адам болған. Екіншіден, табиғатынан ізденім­паз, өнерпаз. Құнанбайдың өсу кезеңінің өзі үлкен прогрессивті жолда болған. Әкесі Өскенбай балаларының ішінен Құнанбайға бекер үміт артып, көзін тоқтатты дейсің бе? Өскенбай ел ісіне ара­ласуға, билікке, тұлғалыққа Құ­нанбайды сүйреген» дейтіні бар режиссердің. «Құнанбайдың» тілі көркем. Бұл – Таласбек Әсемқұ­ловтың еңбегі. Оны режиссердің өзі де жасырмайды. «Тәкең әйгілі мұрағаттар мен кітапханалардың бәрінде отырып, жұмыс істеген адам», – дейді. Оның қазір өз «Біржаны», «Құнанбайы» бар. Әлі де өмір берсе, Ақан сері туралы көркем дүние түсіретін болар. Қазақ кино әлемінде өзіндік бет-бейнесін қа­лыптастырған дара дарын Досхан Жолжақсынов туралы талай-талай көркем дүниелер жазылары хақ. Бастысы, алқалаған елінің орта­сында аман жүрсін деп тілейміз!

Айым БЕКТҰР