Шымкентте мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібековке ескерткіш қойылады
Шымкентте мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібековке ескерткіш қойылады
378
оқылды

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқанның Facebook желісінде жазды.

Оның жазуынша, Өзбекәлі Жәнібековке Шымкенттен ескерткіш орнату үшін байқау жарияланғаннан кейін мүсіншілер бірқатар нұсқалар ұсынған. Алайда бұл нұсқаларды қалалық әкімдікте арнайы комиссияда қарап шыққан соң, Шыңғыс Мұқан Өзбекәлі Жәнібековтің баласы Бауыржанға хабарласқанын айтты. Ол кісі белгілі мүсінші Тілеуберді Бинашевке тапсырыс беріп, ескерткіштің бір нұсқасын дайындатып қойған.
"Ескерткіштің тұғырда тұрғанын қаламаймын. Жоғарыдан төменге қарап. Ескерткіштің биік мінберде отырғанын қаламаймын. Ол кісі халықтың арасында болған. Көрісем десе де, кездесем десе де, кез келген адамның қолы жеткен. Сондықтан, ескерткіш адамның бойындай болып жасалып, халық көп жүретін бір саябаққа қоюды ұсынамын", – деген Бауыржан Өзбекәліұлы.
"Еңселі ескерткіштерді тұғырда немесе ия тақ, ия ат үстінде көріп үйреніп қалған санамыз жаңа көзқарасты ә дегеннен қабылдай қоймады. Ертең барып Өзағаңның ескерткішін жүргінші жолдағы өрнектастың үстіне қоя салсақ, біразға дейін гу-гуге арқау болуы мүмкін. Бірақ күн өткен соң, жаңалық қабылданып, ерекшеленіп тұрмақ. Өзбекәлі Жәнібековтің ескерткіші сонысымен құнды болмақ деп ойлаймын", – деп жазды Шыңғыс Мұқан.