Бейсенбі күні Маңғыстауда өткен «Хазар қорғаны – 2026» оқу-жаттығуы кезінде 14 әскери қызметші қаза болды. Бұл оқиға сарбаздардың жақындарымен қоса, қалың елдің де қабырғасын қайыстырғаны анық.
Теңізге тұншыққан тағдырлар
182
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты. Ізін ала 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні етіп жариялады. Еліміз осылай Отан алдындағы борышын өтеу кезінде қыршын кеткен сарбаздарын қайғырып еске алып жатыр.

Бірдің қайғысын мың бөлісер

Жалпы, бұл оқиға бір елдің ғана көңілін алаң етіп қоймады. Алыс-жақын елдердің бұқара­лық ақпарат құралдары да оқи­ғаға зер салып, хабар таратып отырғанын аңғардық. Көрші ел­дердің басшылары да ел билі­гіне көңіл айтуды ұмыт қалдыр­мады. Қасым-Жомарт Тоқаев Ре­сей Президенті Владимир Путинге Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қазақстандық әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты көңіл айтқаны үшін ризашылығын білдіргенін Ақорда хабарлады. Мемлекет басшысы ел үшін осындай ауыр сәтте Қазақстан Ресей көшбасшысы мен халқы­ның шынайы тілектестігін және қолдауын ерекше бағалайтынын атап өтті.

Каспий теңізіндегі оқу-жат­тығу жиыны кезінде қазақ­стан­дық әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты көңіл айту жеделхаттары мұнымен толастамады. Қазақстан Прези­дентінің атына шет мемлекеттер басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен көңіл айту жеделхаттары келіп түсіп жатыр. Өзбекстан Пре­зи­денті Шавкат Мирзиёев пен Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Қасым-Жомарт Тоқаевқа және қаза болған жан­дардың туған-туыстарына, сон­дай-ақ Қазақстан халқына қай­ғыға ортақтасып көңіл айтты. Мемлекет басшысы қиын сәтте жұбату сөзін жеткізген әріптес­теріне ризашылық білдіріп, ха­лықаралық қолдау мен тілеу­лес­тіктің айрықша маңызды екенін атап өтті.

Аза тұту күні жөніндегі өкім­ге қол қойған сәтте Мемлекет басшысы Үкіметтік комиссияға оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қажетті шаралар қабыл­дау­ды және қайтыс болған жандар­дың отбасына көмек көрсетуді тапсырғаны есте. Бұдан кейін Премьер-министрдің орынба­сары Қанат Бозымбаев бастаған Үкіметтік комиссия Маңғыстау облысындағы төтенше жағдай болған жерге шұғыл барды.

Кінәлілер қалай жазаланбақ?

Ауқымды құтқару және із­дес­тіру жұмыстарына тартылған адам мен техника аз болмады. Операцияға 252 әскери қыз­метші, 34 бірлік арнайы жерүсті техникасы, 37 әскери сүңгуір, 14 кеме мен катер, сондай-ақ 4 тік­ұшақты қоса алғанда, 20-дан астам әуе кемесі жұмылды­рыл­ды. Ведомстволардың күштері мен құралдарымен су айдыны, жағалау аймағы және оған ірге­лес аумақтар әуеден үздіксіз ба­қыланып, тексерілді. 

«Хазар қорғаны – 2026» оқу-жаттығуы кезінде ауа райының күрт нашарлап, желдің күше­юіне байланысты 17 адам суға кеткені белгілі болатын. Қай­ғы­лы оқиға күні олардың 12-сінің мәйіті табылып, үш әскери қыз­метші құтқарылған еді. Қал­ған екі әскери қызметшінің де­несі келесі күні табылды.

Премьер-министрдің орын­басары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтік комиссияның отырысында бі­рінші кезектегі тергеу іс-шара­ла­рының нәтижелері және бол­ған оқиғаның барлық себептері мен мән-жайларын анықтау жөніндегі шаралар қаралғанын айта кетейік. Жиында Ішкі істер министрінің орынбасары Сан­жар Әділов екі бап бойынша қылмыстық іс қаралып жатқа­нын айтты. Олар: Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі («ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау») және 465-бабы («кеме жүргізу қағида­ларын бұзу»). Бұл баптар кінәлі­лерді 5 жылға дейін бас бостан­дығынан айыруы мүмкін. 

– Тергеу барысында әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оқу-жатты­ғу­лар­ды ұйымдастыруға және құт­қа­ру іс-шараларын жүргізуге бай­ланысты заңбұзушылықтарға жол берді деп күдікке ілінген лауа­зым­ды тұлғалар анықталды. Олардың іс-әрекеттеріне құ­қықтық баға беріледі, – деді Сан­жар Әділов.

Көп өткен жоқ, Әскери-те­ңіз күштері қолбасшысының бірін­ші орынбасары – штаб бас­тығы, екі әскери бөлімнің ко­мандирі, теңіз жаяу әскерле­рі­нің ротасы­ның және «Қайсар» қа­терінің командирлері, бар­лы­ғы бес адам ұсталғаны хабар­ланды. Ішкі істер министрлігінің нұсқасы бойынша, 24 қыр­күйекте Каспий теңізінің жаға­лауында, Ақтау қаласынан 43 шақырым жердегі оқу-жаттығу барысында «Қай­сар» катерінен жеке құрамды тү­сіру кезінде қо­лайсыз метеоро­ло­гия­лық жағ­дай болған, сал­дарынан әскери қызметшілерді теңіз ағысы алып кеткен. Тергеу жаттығуды ұйым­дастыру және шешім қабыл­дау­дың мән-жай­ларын, қауіпсіздік талаптарының сақталуын, ауа райы жағдайының ескерілуі, катердің техникалық жай-күйін, жеке құрамның қа­уіпсіздігіне жауапты лауазымды әскери­лер­дің әрекеттерін тек­серіп жат­қаны мәлім болды.

Мәселе Халық Кеңесінде көтерілуі мүмкін

Жалпы, ел тарихына зер са­лып қарасақ, кейінгісін қосқан­да 13 рет аза тұту күні жария­лан­ған екен. Басым бөлігі жерасты шах­талары мен әскери салаға қа­тысты оқиғалар кезінде тір­кел­ген. Қазақстанның саяси жү­йе­сінде биыл ауқымды өзге­рістер болып жатқанын білеміз. Соның бірі – құрамы осы аптада ғана белгілі болған Халық Ке­ңесінің құрылуы. Кеңес Құрыл­тай­да қа­ралатын заң жобала­рына баста­машы да бола алады. Бұл оқиғаға қоғам өкілдері, бел­сенділерден бастап, аталған ор­ганның мүше­лері де пікір ай­тып үлгерді. Мә­селен, Халық Ке­ңесінің мүшесі Мұрат Әбе­нов­т­ің сөзінше, салаға ірі ре­формалар қажет. Оның ұсынысы бойынша, Халық Ке­ңесі мен Құ­рылтай жанынан әскери­лер­дің мәселесін қарас­тыратын, тұ­рақты жұмыс істей­тін комис­сия құру керек. 

– Армия жабық, оқшаулан­ған топ болмауға тиіс. Бұл ко­миссияның құрамына міндетті түрде азаматтық қоғам өкілдері кіруі керек. Ол барлық тергеуге қол жеткізіп, Парламентке жү­йелі ұсыныстар енгізгені жөн. Қатаң қоғамдық бақылау қажет. Екіншіден, бейбіт уақытта әс­кери соттардың монополиясын жойған абзал. Сарбаздардың қазасын азаматтық тергеушілер тергеп, істер ашық соттарда қа­ралуы керек. Ата-аналар шын­дықты білуге тиіс, – деді Халық Кеңесінің мүшесі.

Мұрат Әбенов бұған қоса «хабарлау және әскери құрмет көрсету хаттамасын» заңнама­лық тұрғыдан бекіту қажет еке­нін айтады. Бұл тақырып ел ішін­де көп талқыланып жат­қа­нын жасырмаймыз. Әскери қыз­меткердің қаза тапқан сар­баз­дардың есімін қоршаудың ішін­де тұрып есімдерін атағаны көпшіліктің жанына батты. Біз­дің ойымызша, бұл мәселе ал­дағы уақытта мінберлерден ай­тылып, талқыға түсетіні сөзсіз. Ал әзірге таразының қай жағын­да әділет барын бағамдау қиын. Бір жағында әскери тәртіп не­гізінде әрекет еткен қызметкер, екінші жағында баласы үшін қайғы жұтқан ата-ана. 

Қалай алғанда да, бұл оқи­ғаға қатысты тиісті ведом­ство­ның жауаптыларын ақтай ал­май­мыз. Қыршын кеткен тағ­дыр­ларды ешкім де қайтара ал­майды. Дегенмен бұл оқиға та­рихтағы трагедия ретінде ғана есте қалмай, әскери саладағы командирлердің, басшылардың жауапкершілігін арттыруға түрт­кі болғаны жөн. Сала әр сар­баз­дың қауіпсіздігіне кепілдік бе­руге міндетті дегеннен асырып айтарымыз жоқ.

Мадияр ТӨЛЕУ