Батыс Қазақстан облысында жылдар бойы созылған коммуналдық инфрақұрылым мәселелері біртіндеп шешімін тауып келеді. Тозығы жеткен су және жылу құбырларын, электр желілерін жаңартуға қомақты қаржы бөлініп, жүздеген шақырым инженерлік жүйе реттеліп жатыр.
Коммуналдық инфрақұрылым жаңартылып жатыр
106
оқылды

Оған дәлел – Орал қаласын­дағы №29 кәріздік сорғы станса­сы. 2009 жылы пайдалануға бе­ріл­ген бұл нысанның құрал-жаб­дығы 80 пайызға дейін ескіріп, құбырлары жиі істен шығып тұратын. Қазір мұнда қайта жаң­ғырту жұмыстары басталып, екі арнаулы техника, 20-ға жуық ма­ман жұмылдырылған. Жоба­ның құны – 1,8 миллиард теңге. Жұмыс аяқталған соң стансаға жалпы қуаты 290 киловатт бола­тын, Швецияда жасалған үш жаңа сорғы агрегаты орнатылмақ.

«Жаңа құрал-жабдық бұрын­ғы­дан екі еседей қуатты. Бұл стан­са­ның өнімділігін арттыра­ды», – дейді «Батыс су арнасы» ЖШС-ның бөлім басшысы Ға­рифолла Кенжин.

Бір стансаны ретке келтіру – атқарылып жатқан қыруар шаруаның бір бөлігі ғана. Жалпы, облыста сумен қамту бағытында құны 15,5 миллиард теңгеге баға­ланатын бес жоба қолға алынған.

Жылу желілерін жаңарту да бас­ты назарда. Оралдағы №7 жылу магистралінде екі шақы­рымға жуық құбыр ауыстырылды. Сонымен қатар тағы екі жылу магистралі, Строитель шағын­ауданы­ның ішкі желілері жаңар­тылып, жалпы ұзындығы 10 ша­қырымдай коммуникация қай­та төселді.

«Жылумен қамту бойынша бар­лық жоба аяқталды. Оларды жү­зеге асыруға 6,1 миллиард тең­ге бағытталды», – дейді БҚО Энер­гетика және ТКШ басқар­масының басшысы Бейімбет Мусин.

Жылу маусымы басталар шақ­та бұл жұмыстың маңызы зор. Магистральдар қаншалықты сенімді болса, суық түскенде оқыс оқиғалар азаяды.

Инфрақұрылымды жаңғырту облыс орталығымен ғана шек­телмейді. Өңірде электр желі­леріне де ерекше көңіл бөлініп отыр. Ұлттық жоба шеңберінде 40 елді мекенді қамтитын 501 шақырым желі жөнделді.

2026-2027 жылдары жалпы құны 16,5 миллиард теңгені құрайтын тағы жеті жоба жүзеге асы­рылмақ. Биылдың өзінде то­ғыз аудандағы 70-тен астам ауыл­да 380 шақырым электр желісі жаңар­тылмақ. Сонымен қатар екі қосалқы станса салынады. Ал Ақсай қаласында сумен қамтуға бағытталған төрт жоба басталады деп жоспарланып отыр.

БҚО – энергетика мен ком­му­налдық секторды жаңғырту жөніндегі Ұлттық жобаға алғаш­қылардың бірі болып кіріскен аймақ. Өңірде осы мақсаттарға 31,6 миллиард теңге тартылған. Қазір 11 жобаның жұмысы жүріп жатыр, тағы 11 жобаны биыл аяқ­тап, пайдалануға беру жос­парда бар.

Бағдарламаның ауқымы тек бөлінген қаржымен шектелмейді. Басты мақсат – апат болғанда ғана іске кірісіп, жыртықты жа­май­тын бұрынғы әдістен арылу. Сондықтан облыс мамандары тозығы жеткен жерлерді жар­тылай жөндеуді қойып, жүйелі түрде толық жаңартуға көшті.

Арнайы жоспар бойынша 2029 жылға қарай өңірдегі электр желілерінің тозуын 11 пайызға, су ағызу инфрақұрылымын 48 пайызға, су мен жылу жүйелерін 43 пайызға төмендету көзделген. Енді бұл көрсеткіштер қағаз бетінде қалмай, тұрғындардың тұрмысында көрініс табуы үшін қыста үй жылы болып, краннан тоқтаусыз су ағып, тозған сымдардың кесірінен себепсіз жарық өшпей, коммуналдық жүйелер үздіксіз жұмыс істеп тұруы керек. 

Айдар ДӘУІТҰЛЫ