Түйені түгімен жұтуға даяр
Түйені түгімен жұтуға даяр
159
оқылды

Кейбір баукеспелер зат­тар­мен шектелмей, тұтас ны­санды жым­қырады. Қара­ғанды қаласын­да ұры 90 жас­тағы тұрғынның металдан жа­салған гаражын көлікке тиеп, алып кеткен. Гаражы­ның орнын сипап қал­ған қария де­реу қалалық орта­лық полиция бөліміне жүгінді.

Ол белгісіз біреудің темір гаражды ұрлап кеткенін хабарлаған. Панажай ішіндегі үш дөңгелек пен құрылыс материалдары да қолды болған. Келтірілген шы­ғын көлемі 750 мың теңгеге баға­ланды. Гараж қала сыртында емес, көпқабатты үйдің дәл жанында орналасқан. Жұрт шырт ұйқыда жатқан түнгі уақытта ұры жүк көлікпен келіп, гаражды тиеп, алып кетеді. Мұны қылмыс орнында қалған шинаның іздері дәлелдеді. Тәртіп сақшылары Қылмыс­тық кодекстің 188-бабы (Ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғал­ды. Жедел-іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері күдіктіні – 30 жастағы ер адамды тауып, ұстады. Ол қылмысын мойындады. Ай­ғақты зат – металл гараж тәркі­ленді. Сотқа дейінгі тергеу барысында полицейлер күдіктінің осы­ған ұқсас тағы бір қылмысқа қатысын анықтады.

Ерік ЕРДЕНОВ