22 қыркүйекте газетімізде жарияланған «Қалжырды кім ластап жатыр?» деген мақалада көтерілген мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев назар аударып, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне аталған проблеманы егжей-тегжейлі тексеріп, кінәлілерді жауапкершілікке тарту туралы тапсырма берген болатын. Президент тапсырмасының қалай орындалып жатқанын бақылау мақсатында жақында облысымызға Парламент Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Саиров арнайы келіп, Күршім ауданындағы өзендердің жағдайымен танысып қайтты. Халық қалаулысымен Өскеменде жолығып, шағын сұхбат құрған едік.
– Ерлан Биахметұлы, жағдайды көзбен көру үшін Күршім ауданына арнайы барып қайттыңыз. Не түйдіңіз? Не көрдіңіз? – Бірден айта кетейін, бұл іссапардың мақсаты – Президент тапсырмасының сапалы әрі толыққанды орындалуын Парламент Мәжілісі депутаттарының қоғамдық қадағалауы. Осы мақсатта 8 қазанда Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев, облыстық Экология департаменті, Ертіс бассейндік инспекциясы, Жер қатынастары басқармасы өкілдерімен және Күршім ауданының әкімі мен аудандық мәслихат депутаттарының қатысуымен аудан орталығында кездесу өткіздік. Жиынға аудан аумағында жұмыс істеп жатқан кен өндірушілер де қатысты. Аудан әкімі Дулат Қажанов өз сөзінде алтын өндіруші үлкен компанияларға лицензия министрліктен, шағын компанияларға, яғни жеке кәсіпкерліктерге лицензия тек облыстық басқарма тарапынан берілетінін айтты. «Олар бізге аудан аумағында жұмыс істейтін кен өндірушілердің тізімін бермейді. Бұл да бір ескеретін мәселе» деді. Осы кездесуден кейін Күршім мен Қалжыр өзендерінің сағасына барып, онда жұмыс істеп жатқан кен өндірушілермен кездестік. – Сонда сіз Президент пәрмен берген Қалжыр өзенін ғана емес, Күршім өзенінің де жағдайымен таныстыңыз ғой. – Иә, себебі Күршім өзеніне жақын маңдағы Маралды ауылының тұрғындары бұған дейін бірнеше мәрте шағымданған болатын. Ең әуелі біз алтын өндірумен айналысатын «Маралды» ЖШС жұмыс істеп жатқан Күршім өзенінің жағасына бардық. Бұл кәсіпорында экологиялық талаптардан ауытқушылық байқалады. Талап бойынша алтын шаятын орын судан алыстау жерде болуы керек. «Маралды» ЖШС өкілдері тасқыннан жиналатын суды пайдаланып жатырмыз деді. Ал жергілікті халық «ол жерде кішкентай бұлақ бар» дейді. Мұны облыстық Экология департаментінің өкілдері де растап отыр. Кен орнына жергілікті халықтың аздаған өкпе-реніші бар екенін де аңғардық. Сондықтан оларға жергілікті халықпен бірлесе жұмыс істеу керегін, бірінші кезекте ауыл тұрғындарын жұмысқа алу қажетін түсіндірдік.Сұхбаттасқан Азамат ҚАСЫМ, Шығыс Қазақстан облысы