Шымкенттік бір топ шаруа соңғы екі айда сотқа жолданған субсидияның әлегімен әуреге түсті. Бұл мәселе тамыз айында қалалық Ауыл шаруашылығы басқармасынан келген хабарламадан кейін басталған. Онда 10 күннің ішінде субсидияны қайтару керегі немесе сотқа талап-арыз жолданатыны жөнінде айтылған.
Сор болған субсидия
Бұл туралы «Зәуре» шаруа қожалығының директоры Жәния Ашықбаева айтқан екен. Алайда шаруалар алғашында бұл хабарламадан еш нәрсе түсінбеген. Сөйтсе, даудың басы осыдан 3 жыл бұрын жылыжай өндірісін дамыту үшін бөлінген қаржыдан шыққан. Ол кезде енді ғана республикалық маңызға ие болған Шымкент қаласында барлық сала бойынша даму кезеңдері басталған. Ауыл шаруашылығы саласында да бірқатар өзгеріс болып, аграрлық-индустриалды аймақ ашылып, түрлі жоба жүзеге аса бастайды. Сондай-ақ инвестициялық субсидия арқылы шаруалар жылыжайлардың жаңа кешендерін салуға ынталандырылды. Мемлекет алған несиесінің төрттен бірін өтеуді міндетіне алған соң шымкенттік шаруалар бұл мүмкіндікті пайдаланып, талапқа сай заманауи технология бойынша жылыжай салады. «Біз 2019 жылы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы үш гектар жерге несие алып, өнеркәсіптік жылыжай құрылысын салдық. Құрылыс жұмыстары біткен соң талап бойынша мемлекет тарапынан берілетін субсидияға өтініш қалдырдық. Жобамызды Ауыл шаруашылығы басқармасы қолдады. Сөйтіп, несиеге алған 660 млн теңгенің 25 пайызын субсидиялау бойынша 2019 жылғы мамыр айында 175 миллион теңгеге өтініш тастадық. Qoldau порталы арқылы жасалған бұл жұмыстар бойынша түсетін қаржы шаруалардың қолына емес, тікелей «Аграрлық қаржылық қолдау» қорының есепшотына түседі. Солай бола тұра, қолымызға ұстамаған ақшаны қайтарыңдар деп отыр», – деп ашынды фермерлер. Талап бойынша жылыжай кешенінің құрылысын шаруалар өз қаражатына салуы тиіс, ал мемлекеттік жеңілдік ақша жылыжайға құрал-жабдық алу үшін беріледі екен. Осы тұста бір түсініспеушілік болған сияқты. Шаруалар жылыжайдың құрылысын толық бітіп болған соң, құрал-жабдық алуы үшін 25 пайыздық субсидияға Qoldau порталы арқылы өтініш тастағанда порталдан «құрал-жабдыққа» деген белгіні таппай, «құрылыс үшін» деген белгіні басқан. Кілтипан осы тұстан кетіпті.Сергелдеңнің соңы...
Мемлекеттік аудиттың тексеру қорытындысы бойынша прокуратура жергілікті әкімдікке шаруаларға субсидия түрінде алынған ақшаны қайтарту туралы хат жолдайды. Соңы үлкен дауға айналған. Мұндай хабарламаға шошынған шаруалар тез арада мәселенің мәнісін зерттеуге кіріскен. «Мұндай мәселе біздің басымызда ғана болған жоқ. Шымкент қаласындағы жылыжай өндірісін дамытпақ болған 7-8 шаруа осынау проблемаға бетпе-бет келіп, біраз әуреге түсті. Хат жазбаған құзырлы орган қалмады. Қала әкімдігінен бастап, министрлікке, Президентке, Бас прокурорға, «Атамекен» кәсіпкерлердің құқын қорғау палатасына дейін шағымдандық. Тексеру шараларынан соң, қателік порталдан кеткенін білдік. Ал тексеруші аудиторлар мен прокурорлар оның анық-қанығына көз жеткізбеген. Мұны «бас ал десе, шаш алатын» тәсіл деп есептеймін. Әйтпесе, бір қағаз қанша жанды сергелдеңге салды. Шаруалар үшін жаздың әр күні қымбат. Алтын уақытымызды сарп етіп, жан-жаққа сабылумен жүрдік. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында БАҚ өкілдерін шақырып, жиын өткіздік. Одан бөлек, қаржылық шығындар да бар. Адвокаттың жұмыс ақысы да оңай болған жоқ. Міне, үш айға жуық артыс-тартыстың арқасында жеңіп шықтық. Жуырда әкімдік сотқа жолдаған талап-арызды қайта алыпты деп естідік», – дейді шаруа. Біз мәселенің анық-қанығын білу үшін Шымкент қалалық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Қаныбековке хабарласқанбыз. «Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің бас сарапшы – мемлекеттік аудиті А.Сепетованың берген жазбаша қорытындысы бойынша жолданған Шымкент қаласы прокуратурасының 2021 жылғы 29 шілдедегі ұсыныс хатына сәйкес, шаруаларға субсидияны қайтару туралы хабарлама хат жолданғаны рас», – дейді басқарма басшысы. Ресми өкілдің мәлімдеуінше, 7 шаруа қожалығына 1,8 млрд теңге көлемінде субсидияны қайтару міндеттелген. Бұл хабарламаға қарсылық білдіріп, оның күшін жою бойынша шағым түсірген шаруа қожалықтары да бар. Алайда басқарма басшылығы бүгінде бұл процесс бойынша сотқа дейінгі реттеу тәртібі жүргізіліп жатыр деп жауап берді. Ал Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасы таратқан мәліметке сенсек, инвестициялық субсидияларды негізсіз қайтару мәселесі кәсіпкерлердің пайдасына шешілген. 30 қыркүйекте Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты субсидияларды бюджетке кері қайтару туралы талап қою арызы қараусыз қалдырылсын деген ұйғарым шығарыпты.Көмекке бизнес-омбудсмен келеді
Кәсіпкерлер палатасының өкілі мәселенің жан-жақты қаралғанын айтады. «Атамекен» ҰКП төралқа басшысы Тимур Құлыбаев өңірдің кәсіпкерлерімен онлайн кездесуі барысында шаруалар осындай проблемаға тап болғанын айтып, шағымданады. Одан бөлек, түйткілді жайттың шешілуіне Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі Рустам Жүрсінов біраз үлес қосыпты. Бизнес-омбудсмен бұл мәселе бойынша Бас прокурор Ғ.Нұрдәулетовке жүгінген. Осылайша, Бас прокуратура бизнес-омбудсменнің офисімен бірлесе отырып, қалыптасқан жағдайға талдау жүргізген. Әрбір субсидиялау жағдайын зерделеп, мұндай жағдай бойынша субсидияларды қайтару орынсыз деген қорытындыға келген. Нәтижесінде, Бас прокуратура аумақтық прокуратураларға жергілікті атқарушы органдарға енгізілген бұзушылықтарды жою туралы ұсынымды кері қайтарып алу туралы тапсырма береді. Зардап шеккен инвестициялық жылыжайы бар шаруа қожалықтарының қатарында Taza onim ШҚ, IGM-corporation ЖШС, «А.В.Колесников» ШҚ, Agropark KZ ШҚ, Arman agro ШҚ, «Зәуре» ШҚ және «Шәріпов» жеке кәсіпкерлігі бар. Аталған фермерлердің әрқайсысы әртүрлі көлемде мемлекеттен қолдау ретінде субсидияға ие болған. Осы тұста «Зәуре» шаруа қожалығының басшысы өзінің ренішін де жеткізді. 2019 жылдың соңында отырғызған қияр мен қызанағы 2020 жылғы ақпан айында жеміс берген. Енді саудаға шығарғалы отырғанда карантин басталып, шекаралар жабылған, барлық кафе, мейрамханалар да жұмысын тоқтатқан. Өкінішке қарай, ең алғашқы өнім пайдадан гөрі шығынға кетеді. Өтпей қалған өнімдер қоймада сақталып қалады. «400 теңге болып жүрген қиярды шіріп бара жатқан соң 15 теңгеге дейін сатуға мәжбүр болдық», – дейді. Содан бері әлі оңала алмай келе жатқанын еске салды. «Мәселен, Өзбекстанда шаруаларға электр энергиясына, көгілдір отынына, тыңайтқышына және жылыжай салғаны үшін көптеген жеңілдік бар. Ал бізде коммуналдық қызметтің құны ұшып тұр. Жуырда танысым 6 гектар жылыжайға Түркиядан 4,5 млн доллар шамасында құрал алып жатыр. Ал оның кеденге төлейтін салығының өзі 1 миллион теңгеге жетіп тұр. Осындай жағдайдан кейін ауыл шаруашылығы қалай дамиды? Мемлекет осындай қиындықтарға жеңілдік жасаса, субсидия дегеннің қажеті жоқ еді. Қазір мемлекеттің берген жеңілдігі осындай шығындармен-ақ кетіп қалады», – дейді шаруа. Иә, қандай қиындықпен болса да шаруалар кінәсіздігін дәлелдепті. Алайда осынша әуреге түсірген, әсіресе артынан «мемлекеттің қаржысын жеп қойды» деген намысқа тиер ауыр сөздерді естірткені үшін кім жауап береді? Қайта еті тірлігінің арқасында таласып жүріп, кінәсіздігін дәлелдеп шықты. Егер алда-жалда жанайқайын тыңдар құлақ болмағанда, талай отбасы сорлап қалар еді. Ал елдің бәрін қырқыстырып қойған тексеруші органның қызметкерлері мұндайда жауап бере ме? Мәселе – сонда?!Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы