Жамбыл облысындағы әскери бөлімде жиі қайталанатын жарылыстан әбден мезі болған Қайнар ауылының тұрғындары басқа жерге көшіруді талап етуде. Олар жексенбі күнгі жағдайдан қатты шошынып қалған. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.
Билік өкілдері де бұл аумақта әлі де қауіп бар екенін мойындайды. Сондықтан әскерилер елдімекендегі жұрттың бәрін шығарып залалсыздандыру жүргізіп жатыр. Жексенбі күні таңғы сағат жеті шамасында Байзақ ауданындағы әскери бөлімде тағы да жойқын жарылыс болды. Гүрс еткен дауысты естіген тұрғындар ұйқыдан тұра сала жан-жаққа қаша жөнелген. Кейін бәрі басылған соң баспаналарына қайта оралды. Ал шұғыл жиналған әскерилер мен шенеуніктер жұртты сабырға шақырып әлекке түсті. Олардың сөзіне сенсек, бұрынғы өрттен зақымдалған оқ-дәрілер жарылыпты. Бұған дейін «қорқуға еш негіз жоқ деген» билік өкілдеріне тұрғындар «енді сенбейміз» дейді.Ресми мәліметке сүйенсек, ешбір адам жарақат алмаған және ешқандай ғираматқа зақым келмеген. Бірақ тұрғындар кейбір үйдің терезелері сынғанын көрсетті. Жергілікті билік жұртқа қауіп бар екенін түсінген тәрізді. Өйткені Қайнар ауылынан тұрғындар түгел шығарылған. 37 адам туыстарын паналауға мәжбүр. Тіпті елдімекендегі қираған баспаналарды қалпына келтіру жұмыстары да уақытша тоқтады.Қайнар ауылының тұрғыны Жанар Сүйіндікова: «Енді тағы қайталанатын болса, бізді басқа жаққа көшірсін. Ақыры өздері сенімсіз. Көшірсін, бұл жерде тұрмаймыз. Қалатындар қала берсін, әркімнің өз еркі», – дейді.
Тау болып үйілген зақымдалған оқ-дәрілерді жойып жіберу көзделген. Алайда ол үшін құрылған арнайы комиссия шешім шығаруы тиіс. Тек содан кейін жұмыс жүзеге асырылады. Ал әзірге ауыл тұрғындары қашан өз баспанасына оралатыны белгісіз. Қайнар ауылына кіреберісте блокбекеттер қойылып, полицейлер ертелі-кеш күзетіп тұр.Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Исмайыл: «Қарқынды жұмыс жүргізіп жатыр. Жоспарлы жарылыстар болуы да мүмкін. Соған байланысты әзірге тұрғындарды ішке кіргізбейміз. Яғни, бір мезетте үйінділерді жару бойынша шаралар қабылданып жатыр», – дейді.
Биыл 26 тамызда Байзақ ауданындағы әскери қоймада жойқын жарылыс болып, 17 адам қаза тапты. Із-түзсіз кеткен әскери қызметкер де табылмай жатыр.