Семейдегі «Ертіс» стадионының орнына жаңа мектеп салынуы мүмкін. Қалалық ақпараттық орталықтың таратқан мәліметіне сүйенсек, қазір жерді меншік иесінен қайтарып алу мәселесі қарастырылып жатыр. Ал стадионның иесі бұған қарсы.
«Біз стадионның құрал-жабдықтарын 1996 жылы сатып алғанбыз. Ол кезде мемлекет акті берген жоқ, тек техникалық құжатты берді. Осы 25 жыл көлемінде біз стадионды сақтап қалдық. Бұл жерде балалар футбол ойнайды. Олимпиадалық резерв мектебінің оқушылары жаттығу жасайды. Қыста мұнда мұз айдыны жұмыс істейді. Бұл жерге мектеп салып, стадионды құртудың қаншалықты қажеті бар? Біз стадион үшін ғана алаңдаймыз. Стадионның сақталып қалғанын қалаймыз. Біз бұл участокты мемлекетке беруге дайынбыз. Бірақ бір ғана талабымыз бар: стадион стадион болып қалуы керек. Маған стадионның жабдықтарының да, ақшаның да қажеті жоқ. Бұл жерге мектеп салу орынсыз деп білемін», – дейді стадионның иесі Дәуірбек Айманов.Сол маңайдағы кейбір тұрғындар Instagram әлеуметтік желісіндегі «Типичный Семск» паблигі арқылы стадионның орнына мектеп салуға қарсылық білдіріпті. «Балалар қайда баруы керек? Стадионның жанында онсыз да екі мектеп бар емес пе?», «Одан да жақсы бір стадион салмайсыздар ма? Бұл ақшаны текке шашу ғой. Шәкәрім паркінің күйін кешпесе болғаны...», «Қыста балалар сырғанақ, коньки тебетін осы аудандағы жалғыз мұз айдыны еді. Оны да құртпақсыздар ма?» деген пікірлерін қалдырыпты. «Қайдағы стадион? Бос дала ғой бұл жер» деген пікірді де көзіміз шалып қалды. Ал Семей қаласы әкімінің орынбасары Димитрий Гариковтың айтуынша, дәл қазір ешкім стадионды тартып алғалы жатқан жоқ. «Меншік иесінің жерді жалға алу мерзімі 2024 жылы аяқталады. Соған дейін стадион жұмыс істей береді. Қазір жер учаскесін қайтарып алу шарасы жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу үшін қажет. Жобалау процесі аяқталған соң ғана тиісті қаржы бөлініп, мектеп құрылысы басталады», – дейді қала әкімінің орынбасары.
Азамат ҚАСЫМ, Семей қаласы