Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолияның Сыртқы қатынастар министрі Батмунх Батцэцэгті қабылдады, – деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.
Мемлекет басшысы Нұр-Сұлтан қаласына ресми сапармен келген Моңғолияның Сыртқы қатынастар министрі Батмунх Батцэцэгті қабылдады.
– Моңғолия – біздің сенімді әрі стратегиялық серіктесіміз. Мемлекеттерімізді ортақ тарихымыз біріктіреді. Моңғол халқына, Сіздің мемлекетіңізге деген құрметіміз ерекше. Сіздер біздің халықаралық бастамаларымызға түсіністік танытып, үнемі қолдау көрсетесіздер. Сондай-ақ халықаралық алаңдарда бірге белсенді жұмыс істеп келеміз. Осы ынтымақтастығымызды одан әрі арттырып, іс жүзінде нығайта беруіміз қажет деп санаймын. Бұл, ең алдымен, сауда-экономикалық ықпалдастыққа қатысты. Біз көлік логистикасы саласын пысықтай түсуіміз керек, – деді Президент.
– Президентіміздің шынайы сәлемін жеткізуді зор мәртебе санаймын. Моңғолия мен Қазақстанды жақын көрші елдер деп айтуға болады. Қазақстан Республикасымен арадағы байланыстарды дамыту ісі Моңғолияның сыртқы саясатында маңызды орын алады. Біз бұл қатынастарды жандандырғымыз келеді. Келесі жылы елдеріміз арасында орнаған дипломатиялық қатынастардың 30 жылдық мерейтойын атап өтеміз, – деді Батмунх Батцэцэг.