Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне тиесілі жер учаскесін иемденіп, сатып жіберді деген күдікпен бірнеше лауазымды қызметкер ұсталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлады.
Агенттіктің мәліметінше, жер 2018 жылы сатылған.
«Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің бұрынғы қызметкері, «Алматы облысы бойынша азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ филиалы Қарасай аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімінің, Қарасай ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшыларын 2018 жылы Кемертоған кентінде орналасқан ауданы 9,0 га жер учаскесі түріндегі университеттің мүлкін ұрлады деген күдікпен ұстады» делінген ресми хабарламада.
Университеттің жері бірнеше жеке-жеке учаскелерге заңсыз бөлінген. Ұсталған шенеуніктерге жалған құжаттар арқылы үлестес болып рәсімделген. Олар жерді кейіннен сатып жіберген.
«Осы тұлғалар 2021 жылдың қаңтарында қылмыс іздерін жасыру және жер учаскесін университет балансына жалған қайтару мақсатында мемлекеттің жер қорынан құқық белгілейтін құжаттарсыз санитарлық аймақтағы және жекеменшікке беруге жатпайтын Көлді кентінде орналасқан жер учаскесін заңсыз бөлген. Бүгінгі таңда барлық күдіктілерге соттың санкциясымен бұлтартпау шарасы тағайындалды. Тергеу жалғасуда, жасалған қылмысқа қатысы бар басқа адамдарды анықтау мақсатында қажетті тергеу шаралары жүргізілуде» делінген ресми хабарламада.