Көнеден қалған зиратқа жүз жылдан асыпты. Бейіттің кейбірі жойылу алдында тұрса, енді біріне жету - қиынның-қиыны. Зират елорданың дәл қақ ортасында екен. Нақтырақ айтсақ, Нұр-Сұлтандағы Сығанақ пен Е-27 көшелерін байланыстырып тұрған жаңа жолдың бойында орналасқан. Сол маңайда топтасқан бес қорым болған. Қазір оның үшеуі ғана қалған: Талдыкөл, Башан және Омар. Олардың өзі жойылу алдында тұр.
«Омар зираты «Жеті кешен» тұрғын үй кешенінің жанында орналасқан. Тіпті, құрылысшылар салған қара жолға тиіп тұр. Ал зираттың қазір тұрған қоршауы жобалап қойылған. Меніңше, қорым одан әлдеқайда үлкен. Өйткені барлық қабірге құлпытастар қойылмауы мүмкін. Себебі, қазақтар ХХ ғасырдың басына дейін қабірге мүлде құлпытас қоймаған. Өздеріңіз білесіздер, көшпенді қазақтарда ондай үрдіс болмаған. Сондықтан ол жерге археологиялық сараптамасыз жол салу мүмкін емес. Мұның қалай болғанын мүлде түсінбеймін», – дейді зерттеуші.
– Бұл зираттар бұрын қалаға тиесілі емес еді. Мұндағы зираттар мен ауылдар ғасырлар бойы сақталып, ата-бабамыздан қалған дүние. Нұр-Сұлтан қаласының Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде бұл жер – ХХ ғасырдың басындағы зират деп тіркелген. Бірақ бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Әрине, түсінемін, құлпытастардағы датамен бекіте салуы мүмкін. Бірақ, археологтардың сөзінше, бұл зират XIX ғасырда пайда болған. Тіпті, одан кейінгі ғасырларға тиесілі болуы мүмкін. Себебі, олар ортағасырлық қорымдардың орнында пайда болған, – деді Теміртас Ысқақов.
– Зираттың үшеуі де ата-бабамыздан келе жатқан қорым. Оның тарихы XIX ғасырдан басталады. Онда орта жүздің Арғындары жерленген. Осы жақта олардың қыстақтары болған. Маңындағы көлдердің арқасында тіршілік етіп, ашаршылық пен қуғын-сүргін жылдардан аман қалған. Бүгінде қала қарқыны тез өсіп, осы жерге де жетті. Қазақтың қыстайтын жерін қалпына келтіріп, табиғи тарихи-архитектуралық саябақ жасаудың орнына қала қатарына қосқалы жатқанын түсінбедім, – дейді Теміртас Ысқақов.