Нұр-Сұлтанда 350-ден астам тергеуші жұмыс істейді.
Бүгінде тергеушілер орташа есеппен 200-250 мың теңге жалақы алады. Ескеру керек, жалақы көлемі тергеушінің еңбек өтілі мен шеніне де байланысты. Сонымен бірге біздің мамандар баспанамен қамтылады. Өздеріңіз білетіндей, Нұр-Сұлтанға өңірлерден келушілер көп, олардың бәрінің бірдей тұрғын үйі жоқ. Осы орайда, біз оларды қызметтік баспанамен қамтимыз. Бүгінде қалада 358 тергеуші маман бар, − деді Ғұмар Шыныбеков баспасөз мәслихатында.
Дегенмен, ол тергеу саласында кадр тапшылығының барын баса айтты.
Қазіргі таңда Нұр-Сұлтанда тергеу қызметінде 13 бос жұмыс орны бар. Біз маман тапшылығын шешу мақсатында қаладағы заң саласы мамандарын даярлайтын бірнеше жоғары оқу орнымен меморандум жасастық. Соның негізінде бізге қажетті мамандар әзірленіп жатыр, – дейді Ғұмар Шыныбеков.
Одан өзге, ведомство өкілі тергеу бөлімшелері қызметкерлерінің кәсіби деңгейін жоғарылату мақсатында заңнамадағы өзгерістерді қосымша зерделеу мен талқылау бойынша сабақтар, курстар мен семинарлар үнемі өткізіліп тұратынын атап өтті.
Ведомстволық жоғары оқу орындарында біліктілікті арттыру курстары да қарастырылған. Одан бөлек, тергеу бөлімінде жұмыс істеуге ниеттілер Қарағанды академиясының базасында 6 айлық бастапқы дайындық курсынан өту мүмкіндігі бар. Біздің мақсат – қылмыстық процеске қатысушылардың құқықтары мен бостандықтарын қорғап, азаматтардың құқық қорғау органдарына деген сенім деңгейін арттыру, − деді Полиция департаментінің өкілі.