Нұр-Сұлтанда әйел адам екі жасар қыздың қолынан ұялы телефонын тартып алды, деп хабарлайды қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Елорда тұрғыны полицияға хабарласып, белгісіз әйел екі жасар қызының қолынан Samsung А-21 телефонын алып кеткенін хабарлады.
Полицияға хабар берген адам қонақүйде әкімші болып жұмыс істейді. Ал оқиға болған уақытта кішкентай бүлдіршінмен болған.
«Ол қызына смартфонын беріп, екінші қабатқа көтеріліп кеткен. Тонау сәті бейнебақылау камерасының объективіне түсіп қалды. Кадрларда баланың баспалдақ арқылы көтеріліп бара жатқаны, ал телефонын тартып алған әйел адам төмен түсіп келе жатқаны көрінеді. Жолай қыздың қолындағы телефонын көріп, оны алып кетіп қалған», - делінген хабарламада.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктіні қолға түсіріп, полицияға жеткізді. Ол бұрын сотталған 34 жастағы қала тұрғыны болып шықты.
Күдікті кінәсін мойындап, ұрланған телефонды иесіне қайтарды.
Бұл фактіге қатысты «Тонау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.