Жаһандық жылыну алаңдата бастады
Жаһандық жылыну алаңдата бастады
216
оқылды

Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Париж келісімінің мақсат­тарына және Қазақстанның көміртегіне бейтараптығына қол жеткізу жолдары» атты ха­лықаралық конференцияға қатысты. Бұл туралы Ақорда­ның баспасөз қызметі ха­барлады. 

Президент қазіргі уақытта кли­­маттың өзгеруі ең өзекті мә­селеге айналғанын атап өтіп, БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш­тің көміртегінен таза ел болуға қатысты үндеуін қолдай­ты­нын айтты. Мемлекет басшысының пікі­рінше, Орталық Азиядағы жылыну процесінің жылдам қарқын алуы алаңдаушылық тудырып, шұғыл әрекетті талап етеді.
– Бұл су мен азық-түлікті және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан өте маңызды. Қазақстан бидай мен ұн өндіруші ірі елдердің ондығына кіреді және жылына 7 миллион тоннаға дейін бидай экспорттайды. Алайда жағ­дай нашарласа 2030 жылға қарай бидай өнімі шамамен 40 пайызға төмендеуі мүмкін. Қазақстанның Орталық Азиядағы жалғыз экс­порт­таушы ел екенін ескерсек, бүкіл аймақтың азық-түлік қауіп­сіздігіне қатер төнетіні сөзсіз. Бұл қарапайым ғана мысал. Климат­тың өзгеруіне қарсы күрес – мұ­ның ортақ іс екенінің дәлелі. Бұл аса маңызды мәселе, – деді Президент.
Мемлекет басшысы еліміздің табиғи қазбаларға айтарлықтай тәуелді екеніне қарамастан, Қа­зақ­стан осы ғасырдың ортасына қарай көміртегіне бейтараптыққа қол жеткізетін алғашқы жүз елдің қатарында болатынын жарияла­ғанын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев эко­номика мен өнеркәсіпте көмір­тегін аз пайдаланудың  базалық тәсілдерін қарастыратын Қазақ­стан­ның 2060 жылға дейін кө­міртегінен таза ел болу доктри­насын әзірлеп жатқаны туралы айтты. Президент Доктрина, түптеп келгенде, прагматикалық әрі рационалды болуы, ел эконо­микасының қажеттіліктерін, оның ерекшелігі мен құрылымын ес­керуі тиіс деп есептейді. Президент елімізді көгал­дан­дыру бағдарламасына ерекше тоқталды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025 жылға дейін 2 миллиард ағаш отырғы­зылады.
– Бұл бастама – халықаралық резонанс тудырған, шын мәнінде, ауқымды ұлттық жобаға ай­налады. Жүктеліп отырған міндет өте өзекті. Сондықтан оның са­нын кө­бейтумен айналыспай және көзбояушылыққа салмай, дұрыс орындау керек, – деді Президент.