Елордада Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойының аясында шыққан 10 томдық жинақтың тұсаукесері өтті. Айтулы іс-шараға Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Сенат және Мәжіліс депутаттары мен қоғам қайраткерлері қатысты.
Әуелі сөз алған Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев бұл жинақтың маңызына кеңінен тоқталды.«Біз бүгін ұлы Жамбылдың 175 жылдық мерейтойы аясында мемлекеттік тапсырыс арқылы жарыққа шыққан 10 томдық жинақтың тұсаукесер рәсіміне жиналып отырмыз. Ұлы жыраудың соңында қалған шығармаларын ұлттың игілігіне жаратып, келер ұрпаққа жеткізу – біз үшін ұлағатты парыз, асыл аманат, – деді ол.Тұсауы кесілген 10 томдыққа Жамбыл Жабаевтың өткен ғасырдың басынан бастап дүние салғанға дейінгі барша өлеңдері мен айтыстары, жырлары топтастырылған. Сондай-ақ ақын шығармашылығына қатысты ғалымдардың ғылыми зерттеулері, көрнекті ақын-жазушылардың естеліктері де енген.
«Бүгін тұсауы кесіліп отырған 10 томдық жинақ жамбылтануға қосылған үлкен үлес, халқымыздың рухани қазынасын молайтқан іргелі еңбек деп есептейміз. Жыр алыбы Жамбылдың бүкіл мұрасы, оның өмірі мен шығармашылығы туралы естеліктер мен ғылыми зерттеулер, Жамбыл библиографиясы тұңғыш рет толымды басылым ретінде жарыққа шықты», – деп Мемлекеттік хатшы туындының қазақ халқының руханиятына қосылған тағы бір құнды мұра болатынына сенім білдірді.
М.ТӨЛЕУ