Солтүстік Қазақстан облысында былтыр пандемия кезінде тұрақтандыру қорына тонналап сатып алынған дәрі-дәрмек бүгінде қажетсіз болып, қоймаларда үйіліп жатыр. Тұрғындарды арзан дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге келісіп, облыстық әкімдікпен келісімшарт жасасқан фармацевтік компания басшысы енді бюджеттен бөлінген қаражатты қалай қайтарарын білмей дал.
Былтыр әлемді пандемия жайлап, жаман тұмау тараған кезде халық дәрі-дәрмек, тіпті бетперде таппай қиналғаны әлі естен шыға қойған жоқ. Тіпті, құны тиын-тебен ғана тұратын аспирин, парацетамол тәрізді дәрілер дәріхана сөрелерінен жоқ болып кеткенін талайдың көзі көрді. Сол кезде жергілікті билік өкілдері фармацевтік компанияға халықты арзандатылған дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету туралы өтініш айтқан еді. Шенеуніктердің сөзін екі етпей, айтқанына көнген компания басшысы бүгінде дене қызуына және түрлі вирусқа қарсы препараттар сатылмай жатқанын айтып, дабыл қағуда. – Біз бұл жобаны жүзеге асыруға кіріскен кезде мұндай боларын білмедік. Өзіміз әкімдікке барып, қызметімізді ұсынған жоқпыз. Бізге билік өкілдері өздері шығып, фармацевтикалық қызмет көрсету туралы өтініш айтты. Ақыр аяғында осы жоба мен үшін де, әріптестерім үшін де нағыз тосынсыйға айналды, – дейді компания директоры Мұрат Жәкенов. Тұрақтандыру қорын құруға келіскен Мұрат Тұрғынбайұлы өз мойнына былтырғы мылтықсыз майдан кезінде қажетті дәрі-дәрмекті іздеп тауып, тұрғындарға арзандатылған бағамен ұсынуға міндеттеме алды. Тапшылық кезінде осының өзі оңайға соқпағаны айдан анық. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 250 миллион теңге бөлінген болатын. Осы қаржыны кәсіпкер барлық тауарын сатып болғаннан кейін бюджетке қайтаруы тиіс. Дәл осы тұсқа келген кезде қиындық туарын ешкім де болжамап еді. Бүгінде дәрі сатылмай, қоймаларда шаң басып жатыр. Көбінің қолдану мерзімі аяқталуға таяу. Мұрат Тұрғынбайұлы миллиондаған қаржыны қалай қайтарарын білмей, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүр.«Үнемделген қаржы есебінен 100 миллион теңгені қайтарудың сәті түсті. Бұл қаржыны үнемдеу де оңайға түскен жоқ. Өндірушілермен және жеткізіп берушілермен мардымды келіссөз жүргізу қажет болды. Көтерме баға бойынша 400 теңгенің дәрісін 170 теңгеге сатуын өтінген кездерім болды. 50 пайыз жеңілдік те сұрап қиылдым. Енді 150 миллион теңге қарызым қалды. Мұның бәрі медикаменттерге жұмсалған болатын. Дәрі сатылған жоқ. Оның 28 миллион теңгесі жеке сауда желісінде, ал негізгі бөлігі – 122 миллион теңге аудандық ауруханаларға арналған дәріхана қоймасында жатыр. Бұл – облыстық Денсаулық сақтау басқармасының тапсырысы еді. Дәрі сатылмаса, бюджет қаржысын қалай қайтарамын?» – деп налиды шақшадай басы шарадай болған кәсіпкер.Білуімізше, аудандық ауруханалардан тапсырыс некен-саяқ, оның өзі енді ғана түсе бастаған. Кәсіпкердің айтуынша, шалғайдағы елді мекендерді емге дәру арзан препараттармен қамтамасыз етуге ешкім де құлық танытып отырған жоқ. Сатылып алынған тауардың тек 15 пайызы ғана саудаланған. Облыс орталығында тұрақтандыру қорының арзанқол дәрісі тек алты дәріханада ғана сатылады.
«САТЫП АЛУҒА МӘЖБҮРЛЕЙ АЛМАЙМЫЗ»
Тұрақтандыру қорының дәрісі шалғайдағы ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы үшін медицина мекемелерінде сауда нүктелері ашылған болатын. Жоспар бойынша аудандық ауруханалар бірыңғай оператор жеткізіп берген дәріні елді мекендердегі қосындарға бөлуі тиіс еді. Тұрақтандыру қорының жалғыз операторы жеткізілген дәрі-дәрмек тұтас бір облысқа шақталып, аса ірі көлемде алынғанын, қай ауданға қанша дәрі бөлінетіні алдын ала есептелгенін айтады. Түптеп келгенде, дәрінің мыңдаған түрі компанияның қоймасында артық жүк болып жатыр. Тек өздерінің дәріханалар желісінде ғана сатылады. Фармацевт Алма Бірімжанова: «Бұл қиынның қиыны. Қазір халықта онсыз да ақша жоқ. Оларға неліктен арзандатылған дәрілерді сатпасқа? Арзан препараттарды, әсіресе ауыл-аймақтарға жеткізу керек», – деп есептейді. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасындағылар халықты дәрі сатып алуға мәжбүрлей алмайтынын айтып ақталады. «Нарық бұл препараттарға лық толы. Сөз болып отырған бағдарлама бойынша бүгінде медициналық жүйелер мен жекеменшік дәріханалар арқылы шамамен 9 миллион теңгенің дәрісі сатылды. Бұл ретте жүкті тиеу, жеткізу және сату – бірыңғай оператордың міндеті. Біз дәріханалары жоқ ауылдарды дәрімен қамтамасыз ету тұрғысынан ғана көмектесе аламыз. Адамдарды дәрі сатып алуға мәжбүрлей алмаймыз ғой. Олар өз қажетінше керегін алады. Егер бұл дәрілерге сұраныс болмаса тұрғындарды қалайша мәжбүрлейік?», – деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Құмар Күсемісов. Тұрақтандыру қоры құрылған кезде облыстық Денсаулық сақтау басқармасы кеңесші ретінде қажетті препараттардың тізімін жасаған болатын. «Егер бұл дәрілер қажет болмаса бюджет қаржысын шығындап, осынша көлемде сатып алудың қажеті қанша еді? Қазір мен қоймаларды жалға алғаным үшін, штатты кеңейткенім үшін шығынға батып отырмын. Шын мәнісінде, тауарды сатуға болушы еді. Бірақ бұл жоба ешкімге керек емес болып тұр. Біз дәрілерді ең арзан бағаға сатқанымыздың есесінен ғана ұтып отырмыз. Мәселен, парацетамолдың бағасы бізде 60 теңге. Басқа дәріханаларда ол 80 теңге тұрады», – дейді фармацевтік компания директоры. Кәсіпкер биыл 9 маусымға дейін бюджет қаржысын қайтаруға тиіс еді. Оның сәті түспегендіктен, әрі коронавирус дерті әлі де тарап жатқандықтан, Мұрат Тұрғынбайұлы бұл мерзімді тағы бір жылға ұзартуды өтінген. Енді келесі жылдың 9 маусымына дейін дәрілер сатылмай, пайдалану мерзімі өтіп кетсе, кәсіпкер шығынға белшесінен батайын деп тұр.Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы