Жамбылдағы жарылыстың жаңғырығы басылар емес. Күні кеше Байзақ ауданы Сарыкемер ауылындағы инженерлік оқ-дәрі қоймасының аумағында тағы бір дүмпу үні естіліп, бұқараны дүрліктірді. Жалынды көрген жұрт 40 күн бұрынғы жағдай қайталана ма деп, жаппай қашқанын да жасырмаймыз. Алайда кейіннен билік өкілдері басу айтып, мән-жайды түсіндіргендей болды. Бірақ олардың сөзі көпшіліктің көкейіне үміттен гөрі үрей ұялатты.
Жұмбағы мен сұрағы көп жауап
Олай дейтініміз, 10 қазан күні болған жарылыстан кейін Жамбыл облысы әкімдігі таратқан ресми ақпараттың жұмбағы мен сұрағы көп болды. Сарыкемер ауылындағы инженерлік оқ-дәрілер қоймасының аумағында бұрын зақымданған жарылғыш заттар өртенді. Жарылыс салдарынан оқ-дәрілердің қалдықтары мен бөлшектері жан-жаққа ұшпаған. Бұл жұмыстан тыс уақытта болған. Жақын жерде адамдар болмаған. Ғимараттар мен құрылыстар зақымдалмаған. Аудандағы ахуал тұрақты. Алдағы уақытта да мұндай жағдай қайталануы мүмкін. Одан бөлек, қойма аумағында қауіпті оқ-дәрілердің бақыланатын жарылыстары жүргізілетін болады», – делінді ресми хабарламада. Әрі дәл осы мәлімдемені Қорғаныс министрлігі де таратқан. Ресми мәлімдемінің «рельсіне» түсетін болсақ, «бұрын зақымданған жарылғыш заттар өртенді» деген сөз сананы сан-саққа жүгіртіп тұр. Себебі еліміздің Қорғаныс министрлігі де, жергілікті билік те тілсіз жау ауыздықталып, қойма аумағындағы өрт толықтай өшірілгенін айтқан болатын. Сонда 44 күн бойы жанып бітпей жатқан бұл қандай өрт? Егер оқ-дәрілердің қалдықтары жанды дегеннің өзінде, жауапты мамандар соны жинағанда оның өртенуі мүмкін екенін білмеді ме? Екіншіден, әкімдіктің «алдағы уақытта да мұндай жағдай қайталануы мүмкін» деген сөзін қалай түсінуге болады? Билік өкілдері бұқараға басу айтудың орнына неге халықтың үрейін үдетіп отыр? Әлде бұл ақиқаты анық шындықтың бір ұшы ма? Егер олай болатын болса, жақын маңдағы ауылдардағы ағайынның тұрғын үйін жөндеп, қайта қоныстандырғанша, керісінше оларды басқа жерге көшірмей ме? Ресми ақпаратта әкімдік «қойма аумағында қауіпті оқ-дәрілердің бақыланатын жарылыстары жүргізілетін болады» деп те айтты. Бұл қандай жарылыс? Қашан және қай жерде жүргізіледі? Аталған жарылыстардан жұртшылық тағы жапа шекпей ме?Жарылыс жұмыстары бір ай жүргізіледі
Сұрағы көп, жауабы жоқ Жамбылдағы жарылысқа қатысты байламнан гөрі болжам көп айтылғанын ешкім жоққа шығара алмас. Тіпті, осы күнге дейін бір әскеридің табылмай жатқаны да терең ойға қалдырады. Ал жергілікті биліктің «қойма аумағында қауіпті оқ-дәрілердің бақыланатын жарылыстары жүргізілетін болады» деген ресми мәтіннен кейін Тараз гарнизоны баспасөз қызметінің бір ақпараты «жылт» етті де, жарты сағаттан кейін қайта жоқ болып кетті. Алайда қырағы журналистер бұл ақпаратты қағып алды. «Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймадағы оқ-дәрі қалдықтарының жарылуына байланысты оларды жою уақыты қайта қаралды. Оқ-дәрі бөлшектерін жою үшін әскери бөлімнен 12 шақырымда орналасқан таулы аймақ таңдалып отыр. Қазір мамандар аталған аймақты мұқият тексеруде. Ол маңда елді мекендер болмағандықтан, қалдықтарды жаруға қолайлы болып тұр. Оған қоса, таулы аймақ жарылыстан оқ-дәрі қалдықтарының жан-жаққа ұшуына тосқауыл болады. Жарылыс үні халыққа естілетін болғанымен, бірақ ауыл тұрғындарына еш қауіп төндірмейді. Қазір жарылыс орны егжей-тегжейлі тексерілуде. 10 шақырым жердегі төрт түлік пен малшылар қауіпсіз жерге көшірілетін болады. Және жарылыс аумағы толықтай қоршалып, үш күн бұрын Тараз қаласы мен Байзақ ауданының тұрғындарына хабар беріледі», – делінген Тараз гарнизонының хабарламасында. Бұл ақпараттың не себепті бір пайда болып, қайта жоқ болып кеткенін білмек мақсатта Тараз гарнизонының баспасөз қызметінің жетекшісі Дина Мухариноваға хабарластық. Маман жарылыс жұмыстары 14 қазаннан басталғанын растады. – Бұған дейін хабарланған ақпарат алдын ала жоспар болатын. Алайда 14 қазаннан бастап жарылыс жұмыстары жүргізілетін болып шешілді. Оқ-дәрі бөлшектерін жою қараша айынының 13-не дейін дүйсенбі мен жұма аралығы күнделікті жүргізіледі. Тұрғындарға қауіп төндірмейтін барлық сақтық шаралары сақталды, – дейді Дина Мухаринова.P.S.
Міне, осылайша Жамбылдағы жарылыстан екі айға жуық уақыт өткенде құзырлы органдар сөзден іске көше бастады. Жауапты мамандар жарылыстан жақын маңдағы ауыл тұрғындары жапа шекпейтінін айтып отыр. Жарылыс жұмыстары бір ай уақыт жүргізілетінін ескерсек, жиналған оқ-дәрі бөлшектері аз емес деген байлам жасауға болады. Әйтеуір барлық жұмыстар жоспарға сай өткізіліп, қара халықтың жүрегі орнына түссе болғаны.
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы