Әлеуметтанулық зерттеулердің сапасына шағым аз болмайды. Тапсырыс беретін мемлекеттік органдарда да мәселе аз емес. Мұндай пікірді Нұр-Қазақстан әлеуметтанушыларының VII конгресіне қатысқан Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты.
Сенат Төрағасы Тәуелсіздіктің 30 жылында Қазақстан қоғамында сапалы өзгерістер болғанын айта келе, осы жылдардағы реформалар парадигматикалық әлеуметтік өзгерістерге ықпал еткенін және қоғамның құрылымы түбегейлі жаңғырғанын тілге тиек етті. Осы кезеңде еліміздегі барлық негізгі қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзгерістерге үнемі әлеуметтік зерттеулер жүргізіліп отырды.«Қарқынды саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғырулар құндылықтар жүйесінің өзгеруіне әкеліп соқты. Әрине, Қазақстан қоғамы үшін Тәуелсіздіктен асқан құндылық, еркіндіктен қымбат ұғым жоқ. Біздің қоғамда болып жатқан өзгерістердің бәрі әлеуметтік ғылымдардың зерттеу тақырыптары екені сөзсіз. Бұл ретте әлеуметтанушылардың маңызы зор. Сондықтан Қазақстанның дамуына әлеуметтанушылар үлкен үлес қосты деп айтуға толық негіз бар», – деді Мәулен Әшімбаев.Сонымен қатар Сенат Спикері қазір Қазақстанда жүйелі жаңғыру үрдісі жалғасып жатқанына, ашықтықты, бәсекеге қабілеттілікті және саяси жүйенің тиімділігін қамтамасыз ету үшін ауқымды жұмыс қолға алынғанына назар аударды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында қоғамды маңызды мемлекеттік шешімдерді талқылауға жұмылдыру үшін құқықтық жағдай жасалып жатыр.
«Мемлекет басшысы қыркүйек айында жариялаған Жолдауында тәуелсіз әлеуметтік зерттеулердің маңызы зор екенін айтты. Президентіміз тәуелсіз әлеуметтік сауалнамалар әкімдердің жұмысын бағалаудың маңызды тетігі болуы керегіне де тоқталып өтті. Биліктің жұмыс сапасына қатысты халықтың шынайы көзқарасын осындай зерттеулер беруі қажет», – деді Сенат Спикері.Оның айтуынша, бүгінде мемлекеттік саясатты тәуелсіз, объективті және сапалы әлеуметтік қолдауға деген сұраныс артып келеді. Дегенмен бұл салада шешуді қажет ететін проблемалар да аз емес.
«Соңғы жылдары елімізде көптеген әлеуметтік сауалнамалар жүргізілді. Оған бөлінген қаражат та аз болмағаны түсінікті. Алайда сол зерттеулердің сапасына қатысты шағымдар жиі айтылады. Зерттеулерге тапсырыс беретін мемлекеттік органдарға да қатысты мәселелер бар. Мысалы, осындай зерттеулерді жүргізуге шақырылатын ұйымдарды іріктеу кезінде кәсіби талаптар лайықты деңгейде ескеріле бермейді», – деді Мәулен Әшімбаев.Бұл мәселені шешуде кадр даярлау ісі негізгі басымдықтардың бірі екені сөзсіз. Сондай-ақ әлеуметтанушылардың кәсіби деңгейі жаңа жағдайға сай болуы да аса маңызды. Сенат Төрағасы бұл бағытта цифрлық технологияларды кеңінен пайдалану және Big Data талдауы арқылы зерттеу құралдарын жаңғырту да өзекті екенін айтты.
А.СҰЛТАН