Нағыз кәсіби, ең шебер газшылар анықталды
Нағыз кәсіби, ең шебер газшылар анықталды
321
оқылды

Газ саласы еліміз үшін қаншалықты маңызды болса, ондағы қызмет те қаупі өте жоғары және асқан жауапкершілікті талап етеді. Осыны ескерген «ҚазТрансГаз» ұлттық операторы қызметкерлерінің тәжірибесін шыңдау және жұмысшыларды ынталандыру үшін жыл сайын «Үздік маман» байқауын ұйымдастырып келеді. 2000 жылдан бері үздіксіз өтіп келе жатқан байқау былтыр ғана пандемия жағдайына байланысты болмады. Биыл акционерлік қоғам барлық карантин талаптарын сақтай отырып, Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданы Ақбұлақ ауылының маңында орналасқан оқу-курстық комбинатының жаңа полигоны базасында, яғни ашық алаңда «Үздік маман-2021» дәстүрлі кәсіби шеберлік байқауының финалын өткізді.

Жалпы аумағы 1 500 шаршы метрді құрайтын Оқу-курстық комбинатының полигоны барлық талапқа сай толық жабдықпен қамтылып, жақында ғана салыныпты. Салтанатты шарада лентаны қиған «Интергаз Орталық Азия» АҚ Бас директорының бірінші орынбасары Бахтияр Ізбасаров жаңа полигонның ерекшелігін атап өтті. « Бұл база – оқу комби­натын­дағы әзірленген әдістемелік құрал­дардың сапасы жағынан еліміздегі бізге ұқсас оқу орындарының арасындағы көшбасшысы. Сонымен бірге полигон газ саласының техникалық мамандарын оқыту сапасын едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Жыл сайын 48 лауазым және түрлі мамандық бойынша 10 мың қызметкер оқытылады. Сабақтар мен емтихандар қашықтан жүзеге асырылып, түрлі вебинар өткізілетін болады. Ал оқу процесін практикалық тәжірибесі мол оқытушылар жүргізеді», – деді ол. Бұл полигон ангарлық үлгідегі үлкен ғимараттан тұрады екен. Онда оқу сыныбы, макеттер, тренажерлар және қимадағы жабдықтың табиғи үлгілері орналастырылған. Полигон аумағында сондай-ақ жұмыстың нақты жағдайына барынша жақындатылған жабдықтар, автоматты газ тарату стансасы, шкафтық газ реттеу пункті және газ құдығы бар өңірлік газ шаруашылығының алаңы, сонымен қатар дәнекерлеу бекеттері де бар. Бахтияр Ізбасаров байқаудың ком­панияға да, қатысып отырған үміткерлерге де берері көп екеніне тоқталды. Жұмыс­шылардың кәсіби шеберлігін жетілдіріп, теориялық базаны практика арқылы жетілдіріп отыруды көздейтін бұл байқау ар­қылы жастар газ тасымалдау жүйесінде өздерінің мүлт кеткен тұстарын байқап, өзге қатарластарымен тәжірибе алмаспақ. Финалдық байқауда 15 конкурстық мамандық бойынша 92 үміткер бақ сынады. Үміткерлер екі күн бойы өздерінің саласы бойынша практикалық тапсырмаларды орындады. Байқау комиссиясы қатысу­шылардың өндірістік алаңда орындаған жұмыс сапасын, еңбектің ұтымды және қауіпсіз тәсілдерін қолдануын бақылады. Сондай-ақ мұнда қатысушының өндірістік дербестік дәрежесі, тапсырманы орындауға жұмсалған нақты уақыты, дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсету дағдылары да бағаланды. шебер газшы Газшылар қауіпті нысандарға қызмет көрсететіндіктен, әр қызметкердің жоғары біліктілігі өте маңызды екенін атап өткен байқау комиссияның төрағасы теориялық, сондай-ақ практикалық жағынан маңызды дайындық жүргізілетінін жеткізді. «Осылайша, қызметкерлердің шеберлік деңгейі қосымша арта түседі. Біздің мамандарымыз әрқашан жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Ал олардың жұмыс сапасы тұтыну­шыларға газды үздіксіз тасымалдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді ол. Конкурс барысында мамандардың өте жоғары көрсеткішпен көзге түскенін атап өткен орынды. «Бұл байқау қызметкер­леріміздің шеберлік деңгейін арттыра түсті деп ойлаймын. Конкурс бізге ең мықты мамандарымызды және соған қарай әлсіз тұстарымызды да саралап берді. Мәселен, Қарағанды оқу-комбинатының маман­дары­ның техникалық қауіпсіздік бойынша көбірек үйренуі қажеттігін білдік. Енді онда Кәсіподақ комитеті тарапынан жат­тығу құралдары алынып беріледі. Мұнда жұмысшылар жиі жаттығып, келесі байқау­да нәтижесін көрсетеді деп сенеміз. Байқау барысында қатысушылардың ынтасын, қызығушылығын және белсенділігін байқадым. Олардың қатарында болған Ғалым Жұбатов, Бахрам Ахралов және Нұрберген Жақашов сынды белсенді жігіттерді атап өткім келеді. Олар тәжірибеде өздерінің жақсы дайындықтарын көрсетті. Үміткерлердің теориялық тұрғыда да да­йын­дықтары байқалды. Сондықтан бай­қауға қатысып отырғандарға және оны ұйымдастырушыларға да алғысым шек- сіз», – деді байқау төрағасы. Осылайша, «Технологиялық компрессорлар машинисі», «Желілік құбыр жүр­гізу­шісі», «Газ тарату стансасының операторы» және «Электр газбен дәнекерлеуші» сынды басқа да жалпы 15 номинация бо­йынша бақ сынаған қатысушылар арасынан жеңіп шыққандар салтанатты жағдайда марапатталып, арнайы сыйлық иегері атанды. Әр номинация бойынша үш жүлде бекітілген.

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы