Сапасыз тұқым шаруаларды сан соқтырды
Сапасыз тұқым шаруаларды сан соқтырды
338
оқылды

Жыл өткен сайын елімізде азық-түлік бағасы халықтың қалтасын қағып, қос бүйірден қысып жатқаны жасырын емес. Осыған орай Жамбыл облысында тұрақтандыру қоры құрылып, бағаның бұлқынуына жол берілмейді деп күтілген. Алайда бүгінде осы қорға қатысты айтылып жатқан шағым да, жазылып жатқан арыз да көп. Ал жуырда облыстық кәсіпкерлер палатасы тағы бір «былықтың» бетін ашып, қордың басы дауға қалды.

Диқандар қалай қарыз болып отыр?

Әңгіменің әлқиссасын арыдан бастасақ, жуырда облыстық кәсіп­керлер палатасы ресми сайтта­рында картоп бағасына қатысты ақпарат жариялады. «Бүгін Жамбыл облысы кәсіп­керлер палатасы алаңында Жуалы аудандық картоп өсіруші шаруа­лардың мәселелері талқыланды. Нақтырақ айтқанда, өткен жылдың күзінде «Тараз ӘКК» акционерлік қоғамы мен жуалылық 11 шаруа қожалығы арасында 144,8 миллион теңгеге қарыз беру туралы келі­сімшарт жасалған. Келісімшарттың мақсаты – облыстың әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауар­ла­ры­ның бағасын тұрақтандыру. Сол себепті де шаруаларға жеңілдетіл­ген 0,01 пайызбен несие берілген бо­латын. Сондай-ақ келісімшартқа сәйкес, қарыз алушы кәсіпкерлер 2021 жылғы өнімнің 50 пайызын келісіне 65 теңгеден аспайтын ба­ғада өткізуі тиіс. Бұл облыстық тұ­рақ­тандыру қорының мұқтажын өтеу­ге қажет», – деген кәсіпкерлік па­ла­та­сы осы несиені шаруалардың өте­мей жатқанын айтып, дабыл қақты. Енді бұл несие қайдан келді дегенге келер болсақ, былтыр об­лыс­тың Ауыл шаруашылығы бас­қар­масы мен «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының ұйымдастыруымен диқандардың сапалы тұқым сатып алуы үшін 0,01 пайызбен несие берілген бо­латын. Несиені қайтару уақыты бір жыл деп белгіленіп, еңбек адамда­ры жинаған өнімдерінің 50 пайы­зын 65 теңгеден тұрақтандыру қо­­рына өткізуге міндеттелген. Алайда кредитке алған тұқымның сапа­сы­ның нашарлығына байланысты биыл еңбек адамдары жоспарлы өнімін жинай алмай, келісімшартта көрсетілген талапты да орындай алмай отыр. Осыған байланысты шаруалар шу шығарып, «бұл нағыз тонау» деп отыр. Иә, тұқым сапасыз болса, одан диқандар қайдан жақсы өнім ал­сын? Ал қолдарында бар азын-ау­лақ картопты нарық бағасынан үш есе арзан бағаға беру қожалықты то­қырауға әкелетіні анық. Сон­дықтан шаруалардың жанқайы орынсыз дей алмайсың. Жуалы ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рақымғазы Құниязовтың айтуын­ша, елді мекенде 10 шаруа қожалы­ғы тұқым үшін несие алған екен. Алайда бірде-біреуі несиесін қайтара алмаған. – «Тараз» әлеуметтік кәсіпкер­лік корпорациясы арқылы аудан­дағы 10 шаруашылық 0,01 пайыз­бен несие алды. Осы қаржыға олар Қарағанды облысындағы «Астра-Агро» жауапкершілігі шектеулі се­ріктестігінен тұқым әкелді. Алай­да тұқым сапасыз болып шы­ғып, ойдағыдай өнім бермеді. Оған қоса, құрғақшылық бір бүйірден қысып, шаруалар қи­налды. Соның салдарынан алған несиелерін қай­тара алмайды. Қазір олар тұ­рақ­тандыру қорына келісімшартта көрсетілгендей 65 теңгеден емес, нарықтағы бағадан 20-30 пайызға арзан 110-120 тең­геге сатуды сұрап отыр, – дейді бөлім басшысы.

Шаруа неге шырылдайды?

Осы орайда сапасыз тұқым алып сан соғып отырған шаруалар­дың өздеріне хабарласып, мән-жайды білген едік. – Биыл Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың қол­дауының арқасында шаруалар несиеге тұқым алды. Алайда Қара­ғанды өңірі суық болғандықтан, тұқым бізге жерсінбеді. Нәтиже­сінде, еккен тұқымның 30 пайызы шықпай қалды. Бұл мәселеге қа­тысты облыс әкімдігіне де, тұқым сатқан «Астра-Агро» ЖШС-на да хат жолдадық. Облыс әкімдігінің Ауыл шаруашылығы басқарма­сынан келген комиссия картоп ек­кен алқабымызды тексеріп, тұқым сапасыздығы мен өнімнің сирек шыққанын растады. Қазір аудандағы шаруалардың алды 10 миллион теңге несие ал­ған. Келісімшарт бойынша 5 мил­лион теңгеге картопты 65 теңгеден тұрақтандыру қорына беруіміз керек болатын. Алайда онсыз да аз шыққан өнімін шаруалар ең тө­менгі бағамен беретін болса, онда банкротқа ұшырайды, – дейді «Зли­ха» шаруа қожалығының төрағасы Керімқұл Бегалиев. Оның айтуынша, диқандар несиені төлеуден қашпақ емес. Бірақ бағаны жерге ұрмай, нарық­тық бағадан 20-30 пайыз арзанда­т­ып берейік деген өтініш айтып отыр. Оған келіспесе, несиені қай­таруға тағы бір жыл мүмкіндік берілгенін қалайды. «Жуырда Ауыл шаруашылығы басқармасынан адамдар келіп, ша­руалармен сөйлесті. Екіжақты пі­кірлесуден кейін алған несие­міздің үстіне 1 пайыз айыппұл қо­сылатын болып шешілген. Сон­дай-ақ ди­қан­дар тұрақтандыру қорына 100 теңгеден картоп өткізетін болып уағдаласқан. Бұған барлық шаруа қожалығы келісіп, 4-5 тоннадан бе­ретін болған. Алайда кеше облыс­та диқандарға салынатын айыппұл көлемін 10 пайызға өсіру қажет­ті­гі туралы әңгіме айтылып жатқа­нын естідік. Егер солай істейтін болса, жағда­йымыз мүшкіл болғалы тұр», – дейді Керімқұл Бегалиев.

Тығырықтан шығатын жол бар ма?

«Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының Сауда және азық-түлік қауіпсіздігі департа­мен­тінің директоры Арман Түймебаев тұқымды шаруалардың өздері таң­дағанын алға тартып отыр. – Тұқымды арнайы таңдау үшін бір-екі шаруашылық төраға­сын ілестіріп, Солтүстік Қазақстан облысына бардық. Біздің тараптан «мынаны ал» дегендей ешқандай нұсқау болған жоқ. Тұқымды ша­руашылық төрағаларының өздері таңдап, келген соң диқандардың басын қосып, олар бірауыздан тұ­қымды бір шаруашылықтан ала­тын болып келісілді. Біздің мақсат – шаруаларды шырылдату емес. Тек олардан уәде етілген өнімді алу. Себебі қазір қорда бар-жоғы 150 тонна ғана картоп қалды. Еңбек адамдарына түсіністік­пен қарағанымызбен, мемлекеттен алынған 144,8 миллион теңге кері қайтарылуы керек, – дейді А.Түй­мебаев.

P.S.

Әрине, мұндай жағдайда біреу­дікі дұрыс, әлде бұрыс деп айту қиын. Сапасыз тұқым алып, сан соққан шаруаларды да, берген қаржыны қайтара алмай отырған жауапты мекемені де түсінуге бо­лады. Алайда тығырықтан шығатын бір жолды табу керек. Текетіресіп, екіжақты кикілжің тудырғаннан мәселе шешілмейді. Оның зардабын әлеуметтік өнімді күтіп отырған қарапайым халық көреді. Сондықтан бұл мәселеге облыс әкімінің өзі ара­ласып, «арба да сынбайтын, өгіз де өлмейтін» жолды тапқаны жөн-ау...

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы