Арбитраж: инвесторлар неге соттасады?
Арбитраж: инвесторлар неге соттасады?
438
оқылды

12 қазан күні Қазақстан Париж қаласының сотында Түріктің Tasyapi Insaat Taahhut San. ve Ticaret A.S. компаниясын арби­траждық іс бойынша жеңді. Енді төрелік шешімге сәйкес, Та­шяпы Қазақстанның пайдасына 6,7 млрд теңге төлеуі қажет. Сонымен қатар сот Ташяпыны Қа­зақ­станның 30 000 еуро көлемінде кеткен сот шығынын өтеуге міндеттеді. Бұл Қазақ­станның халықаралық соттардағы кезекті жеңісі болып отыр. Ендеше инвесторлар Қа­зақстанмен неге жиі соттасатын болып жүр? Биыл халықаралық соттарда мемлекеттің мүддесін қорғау үшін 21,2 млрд теңге бөлінген екен. Соңғы он жылда бұл соманың 12 есе өскенін аң­ғару­ға болады. Өйткені 2010 жылы бұл мақсатқа бюджетте 1,8 млрд теңге көзделген. Соны­мен, Қазақстан осы жылдар бойы қай компаниямен не үшін дауласып жүр?

Инвестклиматтағы жайсыз ауа райы

Еліміздегі саяси ахуалдың икемділігі мен бейбіт ұстанымы Қазақстанды инвестиция құю жағынан тартымды экономика ретінде қалыптастырып отыр. Осы себепті де Орта Азияда республи­камыз шетелдік тікелей инвес­ти­цияларды тартуда көшбасшы саналады. Тәуелсіздік жылдарында мемлекетімізге $350 миллиардқа жуық инвестиция келген екен. Ал соңғы бес жылда Қазақстан жыл сайын орташа есеппен $21,3 мил­лиардқа жуық инвестиция тартқан. Мәселен, әлемді пандемия дүрлік­тірген 2020 жылдың өзінде елімізде жалпы сомасы $1,3 млрд болатын 25 ірі инвестициялық нысандар пайдалануға беріліп, 3 800-ден астам жұмыс орны ашылған. Олар­дың арасынан Алматы қаласында оңтүстіккореялық Hyundai компа­ниясының автомобильдерін, Қарағанды обылысында немістің Linde Group компаниясының тех­никалық газдарын және Алматы облдысында БАӘ-нің Ancil Fund компаниясының құрама жемдерін шығару зауыты сынды маңызды­ларын атап өтуге болады. Инвес­торлар үшін елімізде қолайлы жағдай жасалған: оңайлатылған салық режимі, үнемі жетілдіріліп тұратын ұлттық заңнама, әркез кеңейтіліп тұратын инвестициялық преференциялар пакеті бар. Бірақ «үйдегі көңілді базардағы нарық бұзады» демекші, инвес­торлардың арасында жосықсыз, арам пиғылдылары да бар болып шықты. Олар Қазақстанды халық­аралық соттар мен арбитражға сүйреп, ел экономикасына инвес­тиция тартуға кедергі келтіріп о­тыр. Бұл туралы биыл Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаеваның өзі де алаңдаушылық білдіріп, Үкіметке сауал жолдаған болатын. Бұл жағдайды реттеу үшін нақты да ашық механизм орнатуды ұсын­ған ол инвесторлармен соттасу Қазақстанның беделіне нұқсан келтіретінін атап өтті. «Елімізде арбитражбен жұмыс істеу үшін Бас прокуратурада, Мемлекеттік кірістер комитетінде және Әділет министрлігінде бір­қатар мамандандырылған бөлім­шелер құрылған. Бірақ соған қара­мастан бұл көрсеткіштер жыл сайын өсіп келеді. Оның басым бөлігі инвестициялық даулар. Бұл біздің со және құқық қорғау жүйесі үшін стресс-тест болып отыр. Дау­ларды талдау кезінде экономика­лық және тағы да басқа салалардағы мемлекеттік басқарудағы жүйелі түрде жіберілетін кемшіліктер анықталған. Мәселен, соның бірі өкілетті мемлекеттік органдардың жұмыс бағдарламасы деңгейінде инвестордың міндеттерін анықтау тәртібіне қатысты», – дейді Мә­жіліс депутаты Дариға Назарбаева. арбитраж Бұл ретте депутат еліміздің кө­бірек инвестиция тартуға ұмты­лысын пайдаланып, кейбір жо­сықсыз инвесторлардың алаяқтық әрекеттерге баратынын да алға тартты. Соның бір мысалы шығы­нын көп қылып көрсету мақса­тында олардың алатын тауарла­рының, жұмыс немесе қызметте­рінің бағасын қымбат етіп көрсету деректері. Осылайша олар инвес­тиция көлемін жасанды түрде кө­бейтіп көрсетуге тырысады. Мұн­дай дерек елімізге белгілі Анатолий Статидің ісінде де анықталған бо­латын. Кейін арбитражға хабар­ласқан жағдайда олар осы сома­ларды бұлдап, сотта ұтылар болсақ, бұл қаржы Қазақстанның мойнына қарыз болады екен. Сол себепті де мұнда нақты қадағалау болу керек. Соттасу деректерінің әсері болды ма, әлде басқа жағы бар ма, жалпы былтыр елімізде инвестиция кө­лемі осыдан бес жыл бұрынғы дең­гейге түсіп кеткен. 2015 жылы Қазақстанға $15,3 млрд инвести­ция құйылған болса, бес жылда ол 11,5%-ға өсіп, 2019 жылы $24,3 миллиардқа жеткен. Ал 2020 жылы бұл көрсеткіш $17 миллиардтан сәл асып жығылды.

Сараң екі рет шығындалады

Ал бұған дейін 2003-2019 жыл­дар аралығында Қазақстан ха­лықаралық соттар мен арбитраж­дар­да 26 дауға қатысып жалпы сомасы $19,7 млрд. болатын талап-қарыздарды жеңіп шыққан екен. Оның 16-сы еліміздің пайдасына шешілген болса, 7-еуі бейбіт жол­мен реттеліп, тек 3 істе ғана ұтыл­ған екенбіз. Талап-қарыздардың барлық сомасы $24 млрд болған. Ал бұл дауларда ел мүддесін қорғау үшін $2 млрд жұмсалған. Еліміздің инвесторлармен соттасу үшін орасан көп ақша төлейтіні туралы бір кездері жағымсыз пікір туын­даған болатын. Мәселен, 2020-2022 жылдарға арналған үш жыл­дық бюджет талқыланған 2019 жы­лы Әділет министрлігі бұл мақ­сатқа жыл сайын 17,6 млрд тең­ге сұраған болатын. Аталған со­ма бүгінде өзгере келе 21,2 мил­лиардқа жетіп отыр. Бұл ретте осы үш жылда қаралатын даулардың саны 22 екен.
«Біз заңгерлер мен консуль­тант­тарға жұмсаған 1 доллардың орнына Қазақстанның 60 долларға сай келетін мүддесін қорғап қал­дық. Сараң екі рет шығындалады демекші, біз мұндай қадамға бар­мағанымызда, онда одан алпыс есеге шығынға батқандай екенбіз. Өйткені әрбір шағым беруші Қазақстаннан орасан сомаларды талап етеді. Оларды жеңіп шығу үшін қорғанысымыз да соған лайық болуы тиіс. Егер Дауларды реттеудің халықаралық орталығын қарайтын болсаңыз, Қазақстанның жалғыз емес екенін көресіз. Онда 86 ел бар. Оның 82-сі біз секілді кон­салтинг жалдайды. Қалған төртеуі өз күштеріне сүйенеді. Солардың бірі Аргентина, мәселен 1995 жылдан бері істердің 90%-ында ұтылумен келеді. Өйткені олар үнемдемек болған», – дейді Әділет вице-министрі Алмат Мадалиев.
Жеңісті мысалдың бірі ретінде биыл аяқталған бір істі айтуға болады. Сонау 2000 жылы бастал­ған бұл іс бойынша канадской World Wide Minerals Ltd компа­ниясы Қазақстаннан $1,9 млрд та­лап еткен екен. Бірақ әуелі Аме­риканың соты, одан соң Англия­дағы арбитраж бұл шағымдарын қанағаттандырмай, тек 2019 жылы қазан айында трибунал ғана сол соманың 0,725%-ын төлеуге, яғни салған инвестицияларының басым бөлігін өндіріп алуға шешім шығарған болатын. Оған қосымша сот шығындары бар. Осылайша, жалпы сома $50 млн болған. Мә­селенің мәнісі – Қазақстан елімізге 1996 жылы уран өндіруге келген бұл компанияға уранды экспорт­тауға лицензия бермей қойған. Осылайша, өзіне алған міндет­темелерін бұзған. Бұл шешімге Ан­г­лияның Жоғарғы сотына шағым түсірген Қазақстан өз уә­жінде трибунал шығындарды ба­ғалау және тұжырым жасау кезінде тиісті дәлелдемелерді жи­науда заң­бұзушылықтарға жол берді деп көрсетті. Осылайша, канадалық компанияға $500 мың сомасындағы сот шығынын төлеу міндеттелді.

Нұрлан ҚОСАЙ