Ұлттық жобалар ұлтты өрлеуге бастай ма?

Ұлттық жобалар ұлтты өрлеуге бастай ма?

Ел тарихында тұңғыш рет бірден 10 ұлттық жоба қабылданды. Олар қоғам мен мемлекет өмірінің барлық маңызды қырын, экономиканың басым салаларын қамтиды. Олар табысты жүзеге асса, Қазақстан дамы­ған елдерге жақындауы, ал қазақ­стан­дық­тардың өмірі бұрын-соңды болмаған деңгейде жақсаруы мүмкін. Бұл мұратқа жету үшін көл-көсір қаржы төгілмек. Мысалы, тек Ұлттық экономика министрлігі әзір­леген 3 ұлттық жобаға жалпы көлемі 15,9 трлн теңге жұмсалады. Жалпы, бұл жобалар не үшін керек, олар  бұрынғы мемлекеттік бағдарлама­лардан несімен ерекшеленеді?

Мембағдарлама орнын ұлттық жоба басты

Президент Қ.Тоқаев 7 қазанда «Ұлт­тық жобалар тізбесін бекіту туралы» Жар­лыққа қол қойды. Ол 10 ірі ұлттық жобаны бекітті және Үкіметке соларды жүзеге асыру шараларын қабылдауды жүктеді.
Сонымен, «Ұлттық жобалар тізбесі» келе­сідей: 1. «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ҰЖ. 2. «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ҰЖ. 3. «Ұлттық рухани жаңғыру» ҰЖ. 4. «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен техно­логия­лық серпіліс» ҰЖ. 5. «Кәсіпкерлікті дамы­ту» ҰЖ. 6. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ҰЖ. 7.  «Қазақстандық-тардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ор­нық­ты экономикалық өсу» ҰЖ. 8. «Жасыл Қазақстан» ҰЖ. 9. «Агроөнеркәсіптік кешен­ді дамыту» ҰЖ. 10. «Қауіпсіз ел» ҰЖ.
– Ұлттық жобаларда көзделген іс-шаралар Мемлекет басшысының тапсырмалары мен «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасындағы міндеттерге толық сәйкес келеді. Оларды іске асыру экономиканың орнықтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін одан ары арттырудың, қазақстандықтардың тұрмыс сапасын жақсартудың факторына айналады, – деп түсініктеме берді Премьер-Министрі Асқар Мамин. Экономист-ғалым Марат Ерғозин ұлттық жобаларды зерделеп, қарап шық­қанын айтады. Осы ондық енді қолда­ныстағы салалық мембағдар­ламаларды ауыстырады. Оның байламынша, жоба сөзі жаңа, жағымды. «Айталық, тұрғын үй кешенін салу жобасы, зауыт жобасы деген сияқты. Халық ол жобаның қаншалықты ілгерілегенін ғимараттың бой көтеруіне қарап, нақты біледі. Демек, біз де 2025 жылға қарай осы он жобаның негізінде не бой көтергенін нақты білуге тиіспіз», – деген пікірде М.Ерғозин. Мембағдарламадан тағы бір айырма­шылығы, ұлттық жобада «іске асырудың жоспар-кестесі» бар. Сондай-ақ ҰЖ-ның «Қазақстан-2050» стратегиясымен, Ұлт­тық даму жоспарымен, Ұлттық қауіпсіздік стратегиясымен, Саланы дамыту тұжы­рым­дамаларымен қаншалықты қабы­сатыны қысқаша көрсетілген.

Дәрі-дәрмектің жартысы өз өніміміз болады

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шорановтың түсіндіруінше, ұлттық жобаларды қабылдау мемлекеттік саясатқа, мемлекеттік басқару жүйесіне жобалық тәсілді енгізуді, жобалық басқару тетіктерін іске қосу үшін қажет. Яғни, нақты істерге, жобаларға басымдық беріледі. ДСМ 1,5 жылдан астам уақыттан бері Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мем­бағдарламасын іске асырып келді. Ол енді «Дені сау ұлт» ұлттық жобасына айналды. ҰЖ 4 бағыт, 9 тапсырма, 21 көрсеткіш, 72 іс-шарадан құралған. Қаржыландыру көлемі 3,6 трлн теңге. Нәтижесінде, тірек және серіктес ауылдар 100% МСАК ұйымдарымен, бастапқы медициналық-санитарлық және консуль­тациялық-диагностикалық кө­мек­пен қам­тылады. Елде кемінде 40 аурухана, 2 ғылы­ми орталық салынады және жаңғыртылады. Амбулаторлық деңгейде медкөмектің көлемі кеңейтіледі. Жүкті әйелдер жеке және аралық босануға дейінгі бақылаумен, сондай-ақ 1 жасқа дейінгі балаларды проактивті бақылаумен және скринингтермен қамтамасыз етіледі. 8 балаларды оңалту орталығын және 2 ерте анықтау орталығын ашу жоспар­ланған, бұл мүмкіндігі шектеулі балаларды медициналық оңалтумен қамтуды 3 есеге ұлғайтуға мүмкіндік береді. Аса тап­шы мамандықтар бойынша резиден­тураның білім беру грантының саны 3 800-ге дейін артады, сондай-ақ әлемнің жетекші орталықтарында қарқын­ды терапияның халықаралық стандарттары бойынша оқытылған дәрігер­лердің саны ұлғайтылады. ДСМ басшысы А.Цойдың хабарлауынша, жергілікті фармацевтикалық нарықта сатылатын барлық дәрі-дәрмек пен медбұйымдардың 50%-ы отандық өндіріс өнімі болады деген міндет белгіленген. Тіпті, халық арасында темекі шегетіндер үлесін 19%-ға дейін азайту, дене­шынықтырумен және спортпен айналысатындар санын 50%-ға дейін арттыру (әрбір екінші қазақстандық – спортшы!), халықтың спорттық инфра­құрылыммен қамтылуын 1 000 адамға шаққанда 53%-ға дейін жеткізу секілді елең еткізерлік міндет қойылған. Нәти­жесінде, қазақстан­дықтардың өмір сүру ұзақтығы 75 жасқа дейін ұлғаюы тиіс.

Үш ауысымды мектептер жойылады

Білім және ғылым министрі А.Ай­мағамбетовтің мәліметінше, «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін 1 мың жаңа мектеп тұрғызылады, осылайша үш ауысымды мектептер толығымен жойылмақ. Жалпы, бұл ҰЖ 4 бағыт, 5 міндет, 15 көрсеткіш және 26 іс-шараға негізделген. Осы бес­жылдықта 3-6 жас аралығындағы балалар 100% балабақшамен қамтылуы тиіс. «Мектепке дейінгі ұйымдардың желісін дамытамыз. Барлық балабақшада баланы дамытудың жаңа моделі енгізіледі. Бала­бақшалардың мемлекеттік білім беру стан­дарты «Ойын арқылы оқыту» принципіне сай өзгертіледі. Осыған орай балаларды ерте жастан дамыту бойынша педагогтерге біліктілікті арттыру курстары ұйымдас­тырылады», – деді білім министрі. Қала мен ауыл, өңірлер арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайту, республиканың білім сапасын арттыру үшін кешенді шаралар қарастырылған. Педагогтердің жалақысы ары қарай өседі. Олардың кәсіби дамыту жүйесі жетілдіріледі. Оқулықтарды әзірлеуге, оларға сараптама жүргізуге жаңа тәсілдер әзір­ленеді. Пандемия және қашықтан оқыту әшкерелеген білімдегі олқылық­тарды жою бағдарламасы, «Цифрлық ұстаз» жобасы іске асырылады. Яғни, үйінде, қашықтан оқитын балаға мұғалімді цифрлық ұстаз алмастырады. 2025 жылға қарай шағын қалаларда, аудан орталық­тарында және ауылдарда 5 000 мектеп жаңғыртылады. «Оның аясында балаларға қауіпсіз және қолайлы жағдай жасау, жоғары жылдамдықты интернетпен қамту, мектеп жиһазын жаңарту, мектеп кітапханаларын және асханаларды жаңғырту, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Мектептердің 90%-ы пәндік кабинеттермен және 100%-ы қауіпсіз кіру, күзет және бақылау жүйесімен қам­тамасыз етіледі», – деп сөз берді БҒМ басшысы. Ұлттық жоба техникалық және кәсіп­тік, жоғарғы білім салаларына да біраз өзгеріс әкелуі тиіс.

Жаңа мұнай өңдеу зауыттары салынбақ

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің мәлімдеуінше, бұл меморган «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арт­тыруға бағытталған орнықты экономика­лық өсу», «Кәсіпкерлікті дамыту», «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобаларын әзірледі. Бірінші ҰЖ-да 6 міндет, 13 көрсеткіш және 55 іс-шара көз­делген. «Ұлттық жобаларды қаржылан­дырудың жалпы көлемі 15,9 трлн теңге. Соның ішінде республикалық бюджеттен 402 млрд теңге жұмсалады. 15,5 трлн теңгесі жеке инвестиция. Ұлттық жоба 2025 жылға қарай тұрақты экономикалық өсуді 5%-дан жоғары деңгейде қамтамасыз етеді. Өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын технологиялық жаңғырту шаралары қабылданады. Өндіріс көлемін ұлғайтуға және өңдеу өнеркәсібі тауарларының номенклатурасын кеңейтуге ықпал ететін 418 индустриялық жоба іске қосылады», – деді еліміздің бас экономисі. Айтпақшы, елде жаңа МӨЗ салынуы мүмкін: өңдеу өнеркәсібінің жоғары технологиялық өнімдерін шығару мақса­тында 2025 жылға қарай 5 мұнай, газ, химия зауытын пайдалануға беру жоспар­ланған. Қабылданған шаралар нәтижесінде өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің өндірісі 1,5 есеге артады. Шикізаттық емес экспорт 2 есеге ұлғайып, көлемі 2025 жылы 41 миллиард долларға жетуі тиіс. Шикізаттық емес сектордың негізгі капиталына құйылатын инвестиция көлемі қазіргіден 75%-ға арттырылмақ. Эко­номика­дағы еңбек өнімділігі 1,2 есеге өседі. Энергетикалық кешенді жаңғырту есебінен 2000 МВт жаңартылатын энергия көздерінің қосымша қуаты іске қосылмақ.

Үш жоба экономиканы 5% өсіреді

«Кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы бизнес белсенділігін арттыруға, кәсіпкер санының өсуін жеделдетуге, жаңа нарық­тарды қалыптастыруға, сондай-ақ бәсеке­лестікті кешенді дамытуға бағытталған. Мұнда 10 міндет, 30 көрсеткіш, 69 іс-шара белгіленген. Қаржыландырудың жалпы көлемі 8,5 трлн теңге, оның 1 трлн теңгеден астамы – республикалық бюджеттен, 125 млрд – жергілікті бюджеттен. 7,3 трлн теңге жеке инвестиция тартамыз», – деді Ә.Ерғалиев. Бұл ҰЖ аясында елде жеке кәсіпкер­лікпен айналысуға жағдайлар жасалады, бизнеске қажетті еңбек ресурстары даярланады, субсидияланатын жұмыс орындары ұйымдастырылады. Құжаттағы басты міндеттерінің бірі – кәсіпкерлік үшін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру және экономикадағы мемлекеттің үлесін төмендету. Кәсіпкерлік белсенділікті арттыру мақсатында 690 мың шағын және орта бизнес субъектісі мемқолдау шараларымен қамтылады. Көп форматтағы сауда объектілерінің саны 6-дан 132-ге дейін ұлғайтылады. Жекешелендіруді өріс­тету мемлекеттің эко­номика­дағы үлесін 14%-ға дейін қыс­қартпақ. Шағын және орта кәсіпкерліктің ЖІӨ-дегі үлесі 2025 жылға қарай 35%-ға дейін ұлғаюы тиіс. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы базалық қызметтерге тең қолжетімділікті және еліміздің көліктік байланысын нысанаға алады. ҰЖ өңірлер арасындағы қатынасты және бір облыс ішіндегі елді мекендердің бір-бірімен тығыз байланысын қамтамасыз етеді. Әйтпесе, мысалы Петропавлдан, Қос­танайдан өз өңірлерімізге емес, Ресей өңірлеріне қатынау әлдеқайда жеңіл. Жоба 4 міндет, 20  көрсеткіш және 94 іс-шарадан тұрады. Қаржыландырудың жал­пы көлемі 7,6 трлн теңге: респуб­ликалық бюджеттен 4 трлн, жергілікті бюджеттерден 786 млрд теңге, 2,8 трлн теңгесі – жеке инвестиция. Нәтижесінде, 16 мың шақырым сумен жабдықтау және кәріз желілері тартылады. Қытай-Еуропа-Қытай транзитінің өткізу қабілеті 5 есеге өседі. Қазақ-өзбек алыс-берісі мен барыс-келісін дамытатын «Түркістан-Шымкент-Ташкент» жоғары жылдамдықты пойыз магистралі салынады. Қалалар мен ауылдар 100% ауызсумен жабдықталады. 2025 жылдың соңына дейін даму әлеуеті бар 3 561  ауыл жаңғыр­тылады. –103 млн шаршы метр тұрғын үй пай­далануға беріледі. Республикалық авто­жолдардың бәрі және жергілікті жолдардың 95%-ы жақсы жағдайға жеткізіледі. Автомобиль жолдарының сапасын арттыру транзиттік жүк ағыны көлемін 2025 жылға қарай 30 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүм­кіндік береді, – деді министр Әсет Ерға­лиев. Егер тек осы үш ұлттық жоба тиімді іске асырылса, соның өзі 5% тұрақты эко­номикалық өсуге қол жеткізуге, халықтың табысын 27%-ға арттыруға және 450 мың тұрақты жұмыс орнын құруға жеткілікті екен. «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасында ұлттық руханиятты дамыту, ел рухын көтеру мәселелеріне мән бе­рілген. 250 жаңа мәдени нысан салынып, 1 200 нысан күрделі жөндеуден өтпек.

P.S.

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов Премьерге ҰЖ-лар бойынша кең ауқымды ақпараттық науқан өткізуді ұсынды. Әйтпесе, былайғы жұрт түгіл, тіпті сарапшылардың біразы бұл құжат­тар­мен таныс емес, журналистерге түсініктеме бере алмайды. Пиар деген жақсы, бірақ ең бастысы – ұлттық жобаларды сапалы іске асыру. Сонда елдегі жағдайдың күрт жақсарғанын, озық елдерге жақындағанын көріп-білген қазақстан­дықтар мұның ел басшылығы саясатының игілігі, ұлттық жобалардың жемісі екенін ұғынады, патриотизм өркен жаяды, ел рухтанады.

Айхан ШӘРІП