Көк туымызды көкке көтеріп жүрген ел мақтанышы болар жігерлі жастар баршылық. Жүрегі елім деп соққан жалынды жастар бізге қонаққа келген жайы бар.
Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында, Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы Ы.Алтынсарин атындағы №26 жалпы орта мектебінде, 2014 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатында топ жарып, әлем чемпионы атанған спортшымыз Жасұлан Қыдырбаев пен қатар мектебіміздің 2004 жылғы түлегі, Talim TV арнасының продюссері Ерлан Әбдірұлымен ашық және еркін тақырыпта сұхбат ұйымдастырылды. Сұхбат барысында оқушылар қонақтарға олардың биік белестерді қалай бағындарғаны жайлы бірқатар сұрақтар қойды. Олар оқушыларға алға қойған мақсатқа білімнің және еңбектің арқасында жетуге болатынын сұхбат барысында өмірлік тәжірибелерінен мысал келтіре отырып, айтып берді. Кездесуге қонақтарымен қатар Ж.Нұрлыбаев ауыл округінің әкімі Н.Елшібаев пен мектеп директоры А.Е.Елжанұлы да қатысып, осындай өнеге боларлық азаматтардан оқушылар үнемі үлгі алу керектігін айтып өтті. Кездесу барысында Ерлан Әбдірұлы мектепте білім нәрімен сусындатқан бірқатар ұстаздарды ұлықтап, оларға өз құрметін көрсетті! Жиын соңында мектеп директоры сөз алып, кездесу қонақтарына қазақтың салт-дәстүрімен әдет-ғұрыптарын сақтай отырып «Орамал тон болмайды, жөн болады» деп шапан жауып, жылы лебізін білдірді. – Дәл бүгінгі кездесу талай жас шәкірттің өмірге деген көзқарасын өзгертіп, туған елге, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырды, – дейді мектеп директоры. Келген қонақтардың қатысуымен Ж.Нұрлыбаев ауыл округінде спорт сүйер жастар үшін жаздық спорттық алаңы ашылып, жастар арасында турнир өткізілді.Шербаев Марат, Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы, Ы.Алтынсарин атындағы N26 ЖОМ дене шынықтыру пәні мұғалімі