Әнші Майра Ілиясова өзінен Әлібиге деп жиналған ақшаның есебін сұраған Меруерт Түсіпбаеваға Instagram арқылы жауап беріп, өзіне таққан айыптың орынсыз екенін жеткізді. Сонымен қатар өнердегі әріптесін сотқа бермек.
«Меруерт Түсіпбаева Әлібиге байланысты мәселеге орай менің тарапыма жағымсыз әңгіме көтеріп отыр екен. Кешелі бері дос, таныс, туыс, өнер жанашырлары хабарласып: "Сіз жайлы жайсыз әңгіме таратып жатыр", – деп алаңдаушылық танытып жатыр. Сонда да сабыр сақтауға, айқайға қамшы басып даурықпауға тырыстым. Ал, енді халық алдында жауап берейін.
"Алдында жинаған ақшаның есебі Майра Ильясовада. Халықтан жиналған 4 млн теңгені сол кісіге тапсырдық" депсің. Ол ақша неге маған берілу керек? Халық жинаған қаражат карточкасының номері жазылып көрсетілген Әлібидің әпкесі Табышова Нұрбақыт Қаныбековна ханымға бірден аударылып отырды. Маған ешқандай ақша берілген жоқ. Әлібиге көмек ретінде бәріміз, яғни Меруерт Өтекешова, Қанат және Света Айтбаевтар, Асхат Маемиров, Әлібидің курстастары біраз адамдар атсалыстық.
Мен "Айдын Нұры" қорына Әлібиге көмек ретінде өтініш білдіргенімде, 1 млн теңге Әлібидің әпкесі Нұрбақыт ханым карточкасына аударылды.
"Біз Майра Ильясоваға айтқанбыз, сіз тапқан адвокаттардан бас тартайық деп", – дейсің. Осы екі адвокат ұсынылған кезде Әлібидің ұстаздары Асхат Маемиров, Меруерт Өтекешова бастаған топ мүшелері мақұлдап, бәріміз шешім қабылдағанбыз. Ақша туралы есеп сол 2 адвокаттан сұралу керек.
Мен бар-жоғы Әлібиді қорғаған қолдаушының бірімін. Осы кезге дейін біздің жан айқайымызға құлақ асқан ешқандай құзырлы органдарды көргеніміз жоқ. Әлібидің мәселесі сен өзің ғана шешетін немесе әлеуметтік желіде хайп жасайтын әңгіме емес. "Жаптым жала, жақтым күйе" етпей, әрбір мәселенің шындығына көз жеткізіп, нақтылы дәлелмен ғана жарияға жар салуға болады. Біз халықтың алдында жүргеннен кейін әрбір сөздің өзіндік салмағы, мәні, мағынасы болады. Халықтың ынтымақпен, шын ниеттестікпен, жанашырлықпен ұл-қыздарының несібесінен жырып берген әрбір қаржысы аманат. Тағы да қайталап айтайын, халықтың қаржысы түгелімен Әлібидің әпкесінің есепшотына жіберілген.
Меруерт, халыққа мен туралы теріс пікір қалыптастыруға әрекет еткенің үшін, менің арыма кір келтіргенің үшін сот органдарына жүгінуіме тура келеді», – деп жазды ол.
Бұған дейін Меруерт Түсіпбаева әлеуметтік желіде жазба қалдырып, Майра Ілиясовадан Әлібиге жиналған төрт миллионның есебін талап еткен еді.