Алматыда тұрғын үй ауласындағы шаруашылық құрылыстары өртенді. Өрт орнынан 25 литрлік екі газ баллоны мен 5 литрлік екі газ баллоны шығарылды, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт сөндірушілер 18 қазан күні сағат 14:47 кезінде Алмалы ауданындағы Қожамқұлов көшесі, 259 мекенжайындағы өртті сөндіруге шықты.
Оқиға орнына жеткенде жалпы ауданы 40 шаршы метр шаруашылық құрылыстың жанып жатқаны анықталды.
25 литрлік газ баллондардың бірінен газ шыққан соң оны өрт сөндірушілер қауіпсіз қашықтыққа шығарып үлгерді. Полиция қызметкерлері көшені қоршауға алды.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде өрт 8 минутта, сағат 15:10-да өшірілді. 15:27-де толығымен жойылды.
Өрт сөндіру жұмысына 10 техника, жеке құрамнан 35 адам жұмылдырылды. Қызыл жалын 100 шаршы метрді шарпыған.