Үкімет ауылды қалай гүлдендіреді?
Үкімет ауылды қалай гүлдендіреді?
350
оқылды

Қазақстан ауыл шаруашылығын көтеруге 5 жылда 4,1 триллион теңге шығындауға ниетті. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев агоөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша ұлттық жобаны таныстырды. Әзірге сала жыл өткен сайын кері кетіп бара жатқандай. Мысалы, биылғы астық әр гектардан небәрі 9,7 центнерден айналды. Салыстырсақ, Беларусьте бұл көрсеткіш биыл 31 центнерге, Украинада 41,8 центнерге тең.

АШМ басшысының айтуынша, ұлттық жобаны әзірлеуге БҰҰ жанындағы халықаралық FAO азық-түлік ұйымының өкілдері, шетелдік сарапшылар, отандық ғалымдар тартылды. ҰЖ келесі негізгі міндеттерден тұрады: біріншіден, еңбек өнімділігі 2,5 есе артуы, екіншіден, нарық отандық негізгі азық-түлік тауарларымен қамтылуы тиіс. Үшіншіден, өңделген өнімнің үлесі 70%-ға жеткізіледі, АӨК өнімдерінің экспорты 2 есеге ұлғайтылады. Төртіншіден, 7 ірі экожүйені қалыптастыру және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру есебінен 1 миллион ауыл тұрғынының табысы тұрақты артпақ. Бесжылдыққа есептелген міндеттердің орындалуына Е.Қарашөкеев жауапты. «Нақты инвестициялық жобалар анықталып, іске асырылып жатыр. Бұл жұмыс Үкімет пен ми­нистрліктің ерекше бақылауында. Нәтижесінде, 2024 жылға қарай құс еті, шұжық өнімдері, ірімшік және сүзбе, алма, балықпен қамтамасыз ету 100%-ды, ал қант бойынша  80%-ды құрайды», – деді министр. Жалпы, 5 жыл ішінде 4,1 трлн теңгеге 582 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Осы жобалар ет, жемістер, көкөністер, қант, дәнді, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және қайта өңдеу бойынша 7 экожүйенің ажырамас бөлігіне айналады. Бұл қосылған құны жоғары қазақстандық өнім жасауға қатыса алатын кемінде 350 мың фермерлік және үй шаруашылықтарын іске тартуға мүмкіндік береді. Экожүйелерді өңірлік мамандануды ескере отырып, елдің барлық өңірінде қалыптастыру көзделіп отыр.  

Айхан ШӘРІП