Шымкенттік шенеуніктер қандай көлік мініп жүр?
Шымкенттік шенеуніктер қандай көлік мініп жүр?
© kolesa.kz
222
оқылды

Президенттің «шенеуніктер Қазақстанда құрастырылған көлікпен жүрсін» деген тапсырмасы бар. Тапсырманың негізінде Үкімет басшысы мемлекеттік сатып алуларға импорттық автокөліктерге 2 жыл мерзімге тыйым салу туралы Қаулыға қол қойған-ды. Мұндай қадам отандық нарықтың мүддесін қорғау үшін жасалған. Алайда шымкенттік шенеуніктер бұл талапты орындай ма?

Иә, сонымен біздің шенеунік­тер қандай көлік мініп жүр? Біз осы сұрақты Шымкент қаласы әкімінің аппарат басшылығына жолда­ғанбыз. Әкімдіктің Іс басқармасы коммуналдық мемлекеттік меке­месінің жетекшісі Д.Қалымбетов қызметтік және кезекші антокө­ліктермен қамтамасыз ету норма­лары Қаржы министрінің бұйры­ғымен анықталатынын айтады. Бүгінде коммуналдық мемлекеттік мекемесінің балансында 12 қыз­меттік және кезекші автокөлік бар. Барлығы да жанармаймен жүреді. Яғни, дизель отынының қымбат­тауы әкімдік көліктеріне әсер ет­пейді екен. «Қалаға республикалық маңызы бар мәртебе берілуіне орай әкімдік автопаркі 2018 жылы жер­гілікті бюджет арқылы Қазақстанда құрастырылған, қозғалтқыш кө­лемі 1,6 текше сантиметрден аз 2 автокөлікпен толықтырылды. Отан­дық өнім Kia Cerato авто­кө­ліктері әкімдіктің автопаркінде кезекшілік етеді», – делінген әкімдік берген жауапта. Биыл әкімдіктегі 12 қызметтік және кезекші көліктердің жүріп-тұруы үшін жергілікті бюджеттен 23 миллион 936 мың теңге қара­лыпты. Оның 9 миллион 701 мың тең­гесі жанар-жағармайға жұм­салса, 14 миллион 234 мың теңгесі техникалық қызметке, жөндеу жұ­мыс­тарына кетпек. Яғни, ескі көліктерді жөндеп тұру маңызы айтылған. Айта кетейік, шымкенттік шенеуніктердің арасындағы ең ескі көлікті қала әкімінің орынбасары М.Айманбетов мінеді екен. Қоз­ғалтқыш көлемі 4,5 текше санти­метрлік Toyota Land Cruiser 100 автокөлігі 2003 жылы шығарылған. Одан кейінгі қала әкімінің бірінші орынбасары Ш.Мұқанның қоз­ғалт­қыш көлемі 3,5 текше метр болатын Mercedes-Benz S350L авто­­көлігі мен әкімінің баспасөз қыз­метіне тиесілі көлемі 2,5 бола­тын Toyota Camry көліктері 2010 жылы шығарылған. Жылы жағынан есептесек, одан кейінгі ескі көлікті, яғни 2011 жылы құрастырылған қозғалтқыш көлемі 5,7 текше метр болатын Lexus LX570 автокөлігін қала әкімі Мұрат Әйтенов тізгіндеп жүр. Алайда жы­лы ескі болғанымен, әкімдік пар­кіндегі ең қымбат көлік осы. На­рықтағы бағасы 20 мил­лион теңге төңірегінде болып тұр. Айта кетейік, бұл көлік сонау 2013 жыл­дан бері шымқаланың №1 бас­шы­ларына қызмет көрсетіп келеді. Мұ­рат Әйтенов 001 ST 17 мемле­кеттік нөмірлі автокөлікті басқарады. Бұдан кейінгі кезекте әкімнің орынбасары Е.Білісбеков жоғары класты, қозғалтқыш көлемі 3,6 болатын SsangYong Chairman Limo автокөлігімен Шымкент көше­лерінде жүйткіп жүреді. 2012 жылы шығарылған автокөлік құны да төмен емес. Әкім аппаратының басшысы Ғ.Мәуленқұлов пен әкімнің екі орынбасары А.Саттыбаев және М.Исаховқа 2015 жылы шыға­рылған Kia Cadenza автокөліктері тиесілі. Олардың қозғалтқышының көлемі – 3,5 текше сантиметр. Қалған екі Kia Cadenza 2015 және Youtong 2020 көліктері қонақ келгенде пайдаланылады екен. Жалпы, көліктердің құны оның жағдайына және жүру шақыры­мына қарай белгіленеді. Байқағанымыздай, Шымкент қаласының әкімдігі автопаркін соңғы 3 жылда жаңартпапты. Есе­сіне, ескіні жамау үшін жыл сайын жергілікті бюджеттен миллиондар бөлдіртеді екен. Мәселен, биыл техникалық ақауларды жою үшін 14 миллион теңге қаралып отыр. Бар-жоғы 12 көлікке (оның екеуі анда-санда мінетін кезекші, тағы екеуі тіпті аз пайдаланылатын қо­наққа арналған көліктер) осынша қаржы көп пе, аз ба? Одан бөлек, аумағы бар-жоғы 117 мың гектар және тіршілігі қай­нап жатқан ығы-жығы халқы бар көшеде жүретін қала әкімі М.Әй­тенов қозғалтқыш көлемі 5,7 куб Lexus LX570 автокөлігіне қанша­лықты мұқтаж? Шалғай ауылдары бар ойлы-қырлы, тау-тасты өңір­лерге шықса бір сәрі...

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы