Жақында Өскемен қа­ла­сындағы абақтылардың бі­рінде жазасын өтеп жат­қан азаматты азаптап өл­тірген түрме қызметкер­ле­ріне қатысты сот үкімі шықты.
Өскемен түрмесіндегі өлім
439
оқылды

Соңы қайғылы жағдайға ұлас­қан келеңсіз оқиға екі жылдай уа­қыт бұрын болған. «2019 жылдың 18 мау­­сымында ОВ-156/2 мекеме­сінің қызметкерлері алдын ала сөз бай­ласып, жәбірленуші Андрей Кон­дратенконы ұрып-соққан. Ауыр дене жарақатын алған ер адам сол жерде көз жұмды. Өз қыл­мыстарын жасыру үшін олар тағы екі сотталғанды мәж­бүрлеп, мәйітті тәртіптік изолятор камерасына жеткізген. Ал полиция қызмет­кер­леріне сотталушының өз-өзіне қол жұмсағанын айтқан» делінген Өс­кемен қалалық №2 соты баспасөз қызметінің таратқан ақпаратында.

Абақтының 7 қызметкері сотталды

13 қазанда Өскемен қалалық №2 сотында өткен сот отырысында Андрей Кондратенконың өліміне қатысты бірқатар тың мәліметтер белгілі болды. Сот өкілдерінің ай­туынша, колония қызметкерлері тер­геу шаралары барысында істі әде­йі созу үшін қарама-қайшы көр­сетілімдер берген. Екіншіден, адво­каттардың бірі істі созу үшін әдепке сай келмейтін түсінікте­мелер беріп қана қоймай, тергеу материалдарын YouTube арқылы жа­рия еткен. Сот отырысында судья Андрей Кон­дратенконың әпкесі Ирина Ники­форова жәбір­ленушінің көзі тірі кезінде жазаны өтеу мекемесінде оған қысым көрсетіліп жатқанын бірнеше рет хабарлағанымен, про­куратураның әрекетсіздік таныт­қанын да айтты. Судья келтірген тағы бір дерек, Андрей Кондратенко көз жұмған­нан кейін мәйітті ашқан кезде мар­құмның асқазанынан түрме қызметкерлерін айыптайтын жазба табылған. Жазба тергеу ба­рысында дәйек ретінде пайдала­нылған көрінеді. Сонымен, Өскемен қалалық №2 сотының үкімімен ШҚО бо­йын­ша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің 6 қызметкеріне қа­тысты Қылмыстық кодесктің 146-бабы 3-бөлігіне (сотталған адам­­ды азаптап, абайсызда өлтіру) сәйкес іс қаралып, олар 5, 7 және 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

 2019 жылы тамыз айында Пре­зидентке өз жанайқайын әлеумет­тік желі арқылы айтып, көмек сұ­раған жәбірленушінің әпкесі Ирина Никифорова сот шешіміне қанағаттанатынын, шектен шық­қан түрме қызметкерлеріне ла­йық­ты жаза тағайындалғанын жеткізді. «Алайда басқа инстанциялар бұл шешімді өзгертіп, жазаны жұмсар­татын болса, мен соңына дейін күресетінімді ескертемін. Себебі түрмеге түскен адам жазасын өтеп шығуы тиіс», – дейді ол. Сонымен қатар 13 қазанда өт­кен сот отырысында Ирина Ники­фо­ро­ваның түсірген азаматтық ша­­ғымы да қаралып, жартылай қанағат­тан­дырылды. Сот шешіміне сәйкес айыпталушылар жәбір­ленуші тарап­қа материалдық шы­ғын ретінде 505 300 және мо­раль­дық залал ретінде 7 миллион теңге өтеуі тиіс.

Сотталғандарды шеге жұтуға дейін мәжбүрлеген

Осы күні Өскемен қалалық №2 сотында бопсалау, қызмет бабын асыра пайдалану арқылы пара ал­ған тағы бір түрме қыз­меткеріне қатысты шешім шыға­рылып, ол 7 жылға бас бостанды­ғынан айы­рылды. «А. есімді түрме қызметке­рінің 2018 жылдың 14 маусымында сотталған адамның анасынан пара ретінде автокө­ліктің 76 000 теңгелік жазғы ши­наларын алғаны анық­талды. Сон­дай-ақ ол сотталғанды өз туы­сының үйінде баспалдақ жасауға мәжбүрлеген» делінген Өскемен қалалық №2 соты баспа­сөз қыз­метінің ақпаратында. «Баспалдақ жасауға мәж­бүр­леген» демекші, сот отырысында судья түрме қызметкерлерінің кей­бірінің шектен шыққаны сонша, сотталғандарды шеге жұ­туға дейін мәжбүрлейтінін жеткізді. Жазасын өтеушілер мұндай қа­дамға амалдың жоғынан әрі құқық қорғау орган­дары өкілдерінің назарын өздеріне аудару үшін барады екен. Айта кетейік, сот үкімі заңды күшіне әлі енген жоқ.

Азамат ҚАСЫМ, Шығыс Қазақстан облысы