Еуразия кеңістігіндегі ұлан-байтақ даланы ен жайлаған Қазақстан территориясының транзиттік әлеуеті зор. Жаһандану заманында, қазіргі қатал бәсекелестік кезеңінде бұл әлеуетті толық жүзеге асыру үшін көлік-логистикалық кешеннің қуатты дамығаны керек. Бұл ретте «Қазақстан темір жолы» елдің транзиттік әлеуетін барынша пайдалануға күш салып жатыр.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев логистикадағы үрдіс-трендтерді айтып берді. Алматыда «Көлік және логистика» 24-ші халықаралық көрмесі аясында «Көлік және логистика нарығы» атты ІІІ Халықаралық конференция өтті. Маңызды іс-шарада сөз сөйлеген ҚТЖ басшысы теміржол көлігінің артықшылығы, заманауи логистикалық үрдіс-трендтер, пандемияның сала дамуына әсері, теміржол транзитінің өсімі және басқа да маңызды жайттарға егжей-тегжейлі тоқталды. Атап өтер жайт, халықаралық іс-шараға қызығушылық зор болды, соның дәлеліндей, оған әлемнің 80-нен астам мемлекетінен мәртебелі меймандар қатысты. Мемқұрылымдардың және бизнестің өкілдері жиналған форумда Еуразияның көліктік әлеуетін жақсарту, сондай-ақ көлік пен логистика төңірегіндегі қордаланған барлық мәселе жан-жақты талқыға салынды.Логистиканың қазіргі үрдістері
Өз сөзінде ҚТЖ басшысы Қытай мен Еуропа секілді Еуразиялық байтақтағы екі аса ірі ойыншының ортасында орналасқан Қазақстан өзіне берілген географиялық артықшылықты ел игілігі үшін толыққанды пайдаланып, транзиттік әлеуетін өрістете беруі керегін баса айтты. Нұрлан Сауранбаевтың байламынша, теміржол транзитінің өсуі – бірінші тренд болып саналады. Пандемия логистика нарығына ықпал етті, атап айтқанда, теміржол сегментінің үлесі артқан. Бұдан ертеректе халықаралық сарапшылар Трансеуразиялық құрлықтағы маршруттер бойынша теміржол транзитінің әлеуетін шамамен 1, әрі кетсе 2,5 миллион ЖФБ (жиырма футтық балама) ғана болады деген бағалаған еді. Ал бүгінде эксперттердің бағалауынша, бұл әлеуеттің ең төменгі межесі 2,5 млн ЖФБ-дан басталады және жоғарыға қарай өрлейді. Соның ішінде биыл контейнерлік транзит тасымалы көлемін 1 млн ЖФБ-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Осы орайда Қазақстан орталықазиялық елдермен бірге Оңтүстік дәлізді дамыту бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Сондай-ақ Әзербайжан, Грузия тараптарымен Middle дәліз (ТМТМ), яғни транскаспийлік жоба бойынша бірлескен кәсіпорын құру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұған қоса, контейнерлер тасымалының үлесі ұлғаюда: тек 2016-2021 жылдары Қазақстан арқылы өтетін Қытай – Еуропа маршруты бойынша көрсеткіш бес есеге өсті. Мәселен, 2016 жылдың қаңтар-сәуір аралығында Шанхай–Роттердам бағытында 40 футтық контейнер үшін спот ставка 772 доллар деңгейінде ғана тіркелген. Ал 2021 жылдың қазанында Шанхай–Роттердам спот ставкасы 14 807 долларға жетті! Пандемия кесірінен әуе және теңіз көлігінің жұмысы тоқырағаны, әуе-теңіз жолдарымен жеткізуде кідірістер көбейгені белгілі, бұл жайт теміржолдың нарықтағы үлесінің артуына қосымша серпін берді. Адамзат үшін осынау күрделі кезеңде теміржол сенімді жұмыс істеді, тарифтерін тұрақты ұстады, транзиттік жүктерді жеткізудің жоғарғы жылдамдығын паш етті. Соның арқасында былтырдан бері жүк жөнелтушілер жүктерін контейнерлік пойыздармен жіберуге жаппай көше бастады. Тіпті бұған дейін дәстүрлі түрде «контейнермен тасуға жарамайды» деп танылып келген жүктердің өзін пойызбен жеткізуге ыңғайлаған. Яғни, елеулі өзгеріс-бетбұрыстар жүруде. «Екінші тренд – контейнеризация. Контейнерлік жөнелтілімдердің артықшылығы айқын: стандартталған әрі көп рет айналымда болатын контейнерлік құты, жеткізу жылдамдығы, жүктердің бүтін сақталуы, көлік циклының салыстырмалы алғанда арзандығы – осының бәрі контейнерлермен тасымалдау көлемін ұлғайтуда. Компаниялардың көбі контейнерлерге ауысып жатыр», – деді Н.Сауранбаев. Оның мәліметінше, Қытайда контейнеризациялану үлесі – 73%, Еуропада – 71%, ал Қазақстанда әзірге – 3%. Оның үстіне коронавирустан қорғанып, өзге көлік түрлерінің елге кіруін бөгеген қытай тарапы дәл осы контейнерлерді қабылдауды ғана шектемейді. Логистикадағы келесі, үшінші тренд – цифрландыру. – Цифрландыру мәселесі барлық компанияның күн тәртібінде тұр. Бұл шекаралар арқылы өту уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Дүниежүзілік банк жүргізген есептемелер көрсеткендей, жеткізілім мерзімінің тек 1 тәулікке ғана азайтылуының өзі елдер арасындағы сауда-саттық көлемін 5,2%-ға ұлғайта алады. Ендеше маршруттағы кідірістің әрбір күні маңызды екенін түсінеміз. Цифрландыру арқасында әрбір клиент бүкіл ақпаратты онлайн режимде алып отыруы керек. Барлығы сағат сияқты қарапайым әрі функционалды болуы тиіс, – деді Нұрлан Сауранбаев.Теміржол көміртектен ада салаға айналмақ
ҚТЖ басшысы басты трендтердің қатарында «көміртек ізін азайтуды» атады. Өндірістік процестерді экологиямен үндестіру үшін компания өзгелердің жасыл технологияларды енгізу және сутегімен жүретін локомотивтерді пайдалану тәжірибесін зерделеп жатыр. «Экологиялылық және қуат тиімділігі – құрлықтағы теміржол маршруттарының артықшылығының бірі. Көлікті таңдау кезінде клиенттердің көбі оның экологиялық тазалығына және ауаға шығаратын көмірқышқыл газы деңгейінің аз болуына көбірек назар аударады. Теміржол көлігінің көміртекті ізі кемедегіден 8 есе, авиациядағыдан – 9 есе, жүк автокөлігінен 24 есе аз!» – деп мәлім етті ҚТЖ басқарма төрағасы. Еуропалық Одақтың төмен көміртекті стратегиясы аясында теміржол көлігін дамытуға басты рөл беріліп отыр. Еуропалық комиссияның ұсынысы бойынша 2021 жыл теміржол жылы деп жарияланған. Себебі өзге көлік түрлеріне қарағанда, теміржол көлігі ауаға шығарындыларын үздіксіз азайтып келеді.Үш ірі жоба қолға алынды
Қазақстаннан және ел аумағы арқылы жүк жеткізу жылдамдығы мен сапасының артуына теміржол желілерін жаңғырту да игі әсер етуі тиіс. Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, пандемия кезінде тасымалының көлемі және түсетін жүктемесі 5 есеге ұлғайған теміржолдың өткізу қабілетін арттыру үшін инфрақұрылымды күшейту және жаңғырту талап етіледі. «Біз жылжымалы құрамымызға қатысты теңгерімсіздікті сезініп отырмыз. Қытай жағы Қазақстанға вагондардың 95 пайызын контейнерлермен береді. Кері бағытта – Қазақстаннан Қытайға жүкті тапсырғанда контейнері бар вагондардың үлесі 45–50 пайыздан аспайды. Қалғаны жартылай вагондармен тасылады. Бұл логистикалық және инфрақұрылымдық қиындықтар туғызады. Тиісінше, біздегі жүктерді контейнерлеу үрдісінің артуы бұл мәселені шешуге мүмкіндік береді», – деді ҚТЖ басшысы. Оның пайымдауынша, бірінші кезекте Достық – Мойынты теміржол желісі күшейтуді талап етеді. Қазір жалғыз жолды бұл учаске өз мүмкіндіктерінің шегінде, зорға жұмыс істеп жатыр. Бұдан бөлек, Алматы торабы және Сарыағаш – Келес шекаралық өтпесі жаңғыртуға зәру. Осы орайда «Қазақстан темір жолы» өткізу қабілетін өсіру үшін осыларға қатысты 3 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асырып жатыр. Біріншіден, биыл Достық – Мойынты пунктінде жолдарды ұлғайту жұмыстары басталған. 2021 жылы жұмыстардың қомақты бір бөлігі орындалыпты. Жоба 2025 жылға дейінгі «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы» стратегиялық құжатына енгізілді. Оны жүзеге асыру пойыздардың қозғалыс жылдамдығын тәулігіне 1 500 шақырымға дейін арттыруға жол ашады. Мұның сыртында Қытай – Еуропа негізгі транзит дәлізінің Қазақстан аумағы бойынша өткізу қабілетін жоғарылатуға мүмкіндік береді. Екіншіден, алдағы 2022 жылы Алматы айналасында теміржолдың айналма желісінің құрылысына кірісу жоспарланып отыр. Соның арқасында транзиттік жүк ағыны жаңа әрі қысқа маршрутқа ауыстырылады, теміржол көлігінің жүру жылдамдығы артады. Алматы-1 стансасының жүктелуі 40%-ға жеңілдейді. Үшінші маңызды жоба Дарбаза – Мақтаарал желісі болмақ. Ол Өзбекстанмен шекарадағы өткізу қабілетін жоғарылатуға және Сарыағаш – Келес қолданыстағы шекаралық өтпесінің жүктемесін азайтуға көмектеседі. Жаңа желі Өзбекстанмен теміржол қатынасына қосымша жүк көлемін тарту мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Халықаралық конференцияда Қазақстан – Қытай шекарасындағы жағдай да сөз болды. Н.Сауранбаевтың айтуынша, ҚТЖ тарапынан ешқандай шектеу жоқ. «Біздің Достықта, Алтынкөлде терминалдарымыз бар. Бұл жерде Қытайдың коронавирус пандемиясына деген көзқарасына мән берген жөн. Егер Қытай кеден қызметкерлерінің бірінен COVID-19 анықталса болды, стансасы шектеулі режимде жұмыс істеуге көшіріледі. Сонымен қатар Алашанькоу стансасына келгенде вагондарды, контейнерлерді міндетті өңдеу тәртібі енгізілген: олардың сыртын екі қайтара дезинфекциялайды. Сондай-ақ әрбір вагондағы жүктен сынама алу рәсімі жүргізіледі. Бүгінде осы мәселелерді шешу бойынша Қытайдағы әріптестерімізбен бірге үлкен жұмыс жүргізіліп жатыр», – деп түйді «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы. Оның айтуынша, мұндай проблема тек біздің ортақ шекарада ғана қалыптаспаған. Ондай түйткіл бүкіл жаһандық нарықты және барлық логистикалық компанияларды қамтып отыр.Елдос СЕНБАЙ