Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясы Корольдігі консультативтік кеңесінің төрағасы Абдалла Әл аш-Шейхті қабылдады. Бұл туралы Ақорданың ресми сайты хабарлады.
Қазақстан Президенті Сауд Арабиясын ислам әлеміндегі сенімді серіктес әрі Қазақстанның Тәуелсіздігін таныған алғашқы араб мемлекеттерінің бірі екенін атап өтті.
– Сауд басшылығымен әрдайым байланыстамыз. Тамызда Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман Әл Саудпен телефон арқылы әңгімелескен кезде бірқатар уағдаластықтарға қол жеткізілді. Ал қыркүйек айында Инвестиция министрі Халид әл-Фалихпен кездестім. Бұл байланыстар екі ел арасындағы ынтымақтастыққа серпін береді деп есептеймін, – деді Мемлекет басшысы.
Кездесуде екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынастар талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев сауд компанияларының әлемдік нарықтағы мүмкіндіктері мен тәжірибесін ескере отырып, Қазақстандағы жобаларға белсенді қатысуға шақырды.