Түркістан облысында мұғалімді жұмысқа орналастырғаны үшін пара алған аудандық Адам әлеуетін дамыту бөлімінің басшысы мен ауыл мектебінің директоры ұсталды, - деп хабарлады Түркістан қалалық мамандандырылған тергеу соты.
Түркістан тергеу сотының судьясы Сайрам аудандық адам әлеуетін дамыту бөлімінің басшысы Құралай Шадиева мен жергілікті №14 мектептің директоры Арман Пернебаевқа қатысты қаулы шығарды.
Оларға Қылмыстық кодекстің 366-бабы (Пара алу) бойынша айып тағылып отыр. Сот екеуін де қамауға алуға және тергеу кезінде тұтқында ұстауға санкция берді.
Олар өткен аптада сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жедел-тергеу жұмыстары нәтижесінде ұсталды. Күдіктілер мектепке мұғалімді жұмысқа орналастыруды ұсынып, миллион теңге сыйақы алмақ болған.
Қазіргі уақытта тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Олардың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.
Екі күдікті де өздерін кепілмен босатуды сұрады, олар жылжымайтын мүлік пен қолма-қол ақша беруге дайын. Олардың өтінішін Түркістан облыстық соты қарастырады.