Шымкентте шетелдік нөмірлі көліктердің жүргізушілері жасаған 275 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Жатжұрттық нөмірдегі автомобильдердің жол жүрісі ережелерін жиі бұзатыны байқалады. Оларды енді тәртіп сақшылары «Автомобиль» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында «аулап» жатыр.
12 қазанда басталған жедел-профилактикалық іс-шараның жетінші күнінде тек Шымкенттің өзінде көлік жүргізушілеріне қатысты 4 504 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелді. Оның ішінде шетелдік мемлекеттік белгілері бар көлік жүргізушілерінің 275 әкімшілік құқықбұзушылыққа барғаны анықталып, хаттама толтырылды. Оның 27-сінің «темір тұлпары» тәркіленген және арнайы автотұраққа қойылған. Атап айтқанда, міндетті сақтандыру заңнамасын бұзғаны – 17, техникалық байқаудан өтпегені – 20, жүргізу барысында ұялы телефонмен сөйлескені – 6, бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өткені – 8. Бұдан бөлек, қозғалыста жаяу жүргіншіге басымдық бермеген – 3, қауіпсіздік белдігін тақпаған – 26, авариялық жағдай туындатқан – 2, көлік құралын мас күйде басқарған – 2, тиісті құжатсыз басқарған – 13, жол бетін ластаған 33 жүргізуші әшкереленді. Сондай-ақ өзге де құқықбұзушылықтар бойынша 129 жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылған. Бұл іс-шара 10 қарашаға дейін жалғасады. Осындай іс-шаралар жол-көлік оқиғаларының санын азайтып, алдын алуға септігін тигізеді. Тәртіп сақшылары жол қозғалысының барлық қатысушыларынан жол жүру ережелерін қатаң сақтауды сұрайды.Елдос СЕНБАЙ