Қоқысқа батқан Қазақстан
Қоқысқа батқан Қазақстан
503
оқылды

Таяуда вице-премьер Роман Скляр сенатор Андрей Лукиннің сауалына жауап бере отырып, елімізде 2,7 млрд тонна қоқыс жиналып қалғанын хабарлады. Ал ақылға қонымсызы – қоқыс өңдейтін зауыттардың арасында Ресейден  қоқыс алдыратындар да бар.  Оған қоқыс  өңдеуге бөлінетін субсидияның толық игерілмейтінін де  қосыңыз.

Мұндай адам шошырлық мөлшердің басым бөлігі, яғни 2,1 млрд тоннасы жасыл тізімдегі, былайша айтқанда күл мен қақтан тұратын, көлік шинасы, құстардың саңғырығы сияқты тағы да басқа аса қауіпті емес қоқыс түріне жатады екен. Ал янтарь тізіміндегі, яғни жар­­тылай қауіпті бұрғылау шлам­дары, пай­даланылған майлар, мұнай шлам­дары, шикі мұнай шайындылары, мұнай сіңген топырақ сынды қалдықтар көлемі 639,3 млн тон­на. Қызыл деңгейдегі, құрамында полихлорланған дефинил (ПХД), асбест сынды қауіпті заттар бар қалдықтар көлемі 83,4 мың тонна.

Өндіріс өз қалдығын өзі тазаласын

Үкімет басшысының орынбасары қауіпті қалдықтар Шымкент қа­ласында (631 мың тонна) және Пав­лодар (632,7 млн тонна), Маң­ғыстау (228 мың тонна), Қызылорда (108 мың тонна), Қарағанды (745,7 млн тонна), Ақтөбе (6,1 млн тонна) облыстарында деп отыр. Ондай кәсіпорындарды анықтау үшін Экология министрлігінің ау­мақтық департаменттері 2020 жы­лы 97 тексеру, 2021 жылы 185 тек­серу жүргізген. Бірақ бұл тексерулер де қоқыс көлеміне әсер еткен жоқ. «Елімізде анықталған қоқыс көлемі, әрине өте орасан. Сондықтан да мұндағы оңалту жұмыстарын тездетіп қолға алуымыз керек. Қандай қалдық­тарды болмасын жағып жіберу немесе жер астына көміп тастау түбегейлі дұрыс емес. Халық­аралық тәжірибеде бар жолдарын қарастыру қажет. Сондай-ақ өндірістік қалдықтарды әр компания өзі жинап, өзі жоюы керек. Бұл жұмыс жергілікті атқарушы органдардың күші­мен жүзеге аспауы керек. Бұл дегеніміз – халықтың ақшасы, яғни сіз бен біздің салығымыз жұмсалып жатыр дегенді білдіреді», – дейді республикалық KAZ ECO PATROL қоғамдық ұйымының төрағасы Тимур Елеусізов. Естеріңізде болса, 9 қыр­күйек күні сенатор Андрей Лукин экологтердің жұмысын сын­ға алып, жыл сайын қор­шаған ортаны қорғауға жұм­салатын 1,5 млрд теңге желге ұшып жатыр деген болатын.

EcoQoldau – қоқыстан табыс тап!

Қазір Қазақстанда бір жылда 5 миллион тоннаға жуық қалдық тасталады екен. Соның 30%-ға дейінгі көлемі қайта өңдеуге жарамды. Былтыр елімізде осындай қоқыстың 18,6%-ы өңделген. Әрине, бұл салыстырмалы түрде мардымсыз екені рас. Сондықтан да қалдықтарды жоюмен айналысатын оператор қазақ­стандықтарды осы істі бірге атқаруға шақырады. Әрине, тегін емес. «Биылдан бастап біз EcoQoldau электронды платформасын іске қостық. Біздің жүйемізге тіркеліп, қалдық­тарды жинап, оны зауыттарға өткізсе, бірінші зауыт ақша береді, біз субсидия береміз. Біздің зауыттарға қазір шикізат жетпейді. Сондықтан олар іріктелген қалдықтарды Ресейден алдыртуға мәжбүр», – дейді «ӨКМ Операторы» ЖШС стратегиялық мәселелер бойынша басқарушы директоры Қайратқали Хайрулла. Бұл жұмыстар біртіндеп жанданып келеді. Бұған дейін жылына 33 мың тонна қалдық жиналып келген болса, EcoQoldau қосымшасы қосыл­ғалы, яғни биыл 95 мың тонна қалдық жиналыпты. Ал жыл әлі аяқталмағанын ескерсек, ӨКМ өкілдері алдағы қаңтарға дейін 120-130 мың тонна қалдық жинаймыз деген ойда. Ал recycle.kz сайтындағы мәліметтер бойынша «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері» (РОП) қағидаты енгізілгеннен бері елімізде 252 820 тонна автокомпонент, 473 тонна металл қаптама қалдығы, 116 499 тонна макулатура, 62 065 тонна шыны, 28 251 тонна пластик жиналып, қайта өңделген. «Мұның бір себебі біздің қаржылай субсидияның көле­мін өткен жылмен салыстыр­ғанда екі жарым есеге дейін ұлғайтуымызбен байланысты. Биыл бір келі макулатура жи­насаңыз, сіз 34 теңге субсидия аласыз. Сонымен қоса, біз сіз­дерге жол шығынын өтеп бере­міз. Одан бөлек шыны бө­тел­келеріне 44 теңге, ал пластмасса қалдықтары болса, оған 50 теңгеден төлейміз. Мәселен, сіз Нұр-Сұлтан қаласынан 20 тон­на қағаз қалдықтарын жинап, Алматыдағы зауытқа өт­кізетін болсаңыз, олар сізге келісіне шамамен 100 теңгеден 2 миллион теңге ақша береді. Біз 640 мың теңге субсидия береміз. Сонымен бірге жол шығынының 80-90%-ын біз өтейміз», – дейді «ӨКМ Операторы» өкілі. Мұндай ынталандыру шыны­мен-ақ биылдан бастап қоқыс жинаушылар қатарын ондаған есеге арттырған екен. Бұған дейін мұндай шаруамен айналысушылар саны 23 кәсіп­орын болса, енді 283-ке жетіп отыр. Оған қоса, оны өңдейтін зауыттар мен цехтардың да қатары көбейіп келе жатыр. Қазір қалдықтарды өңдеп, оны шикізат етіп шығаратын 37 мекеме тіркелген. Бұған дейін бұл цифрдың жартысына да жетпейтін. Қабылданатын қал­дық­тардың 70%-ын макулатура құрайды, одан кейінгі орында шыны және пластик ыдыстар. Әйтсе де, бұл жұмыстарды тағы да жандандыра түсу қажет. Бұл үшін орасан сомада субсидия қарас­тырылған. Бірақ ол иге­ріл­мей қалып жатыр. Мәселен, осы мақсатқа бөлінген 13 млрд теңге қаражаттың тек 3 млрд-ы ғана жұмсалыпты.

Ескі қоқысты өңдеу қиын

Мамандардың айтуынша, полигонға апарып тасталған қалдықтарды өңдеу қиын екен. Өйткені қалдықтар сапасын жоғалтып, көп ретте екінші рет пайдалануға келмейді. Ал оны өңдеу үшін жұмсалатын шығын да көп болмақ. Сондықтан да ендігі мәселе ұзақ жылдардан бері жиналып қалған полигонды көбейтпеу үшін жаңадан шығып жатқан қоқыстарды қайта өңдеу. Бірақ бұл да 2,7 млрд тонна қоқысты жоюдың шешімі емес. «Қоқыстардың ауаға зияны өте зор. Сонымен қатар қоқыстарға рекультивация жасалмаса, олар жерасты суларына әсер етеді. Ал жаз мезгілінде олар күннің ыстығы мен желдің әсерінен бықсып жанады. Оның зияны өз алдына. Қоқыс өртен­ген кезде одан 12 химиялық элемент бөлінеді. Ол адамдарда обыр ауруының өршуіне әсер етеді», – дейді республикалық «Байтақ болашақ» экологиялық альянсының Алматы облысы бойынша филиал директоры Қайрат Нұрханов. Расында да, соңғы кездері қоқыстың өртену дерегі тіптен кө­бейіп кеткенін аңғаруға болады. Бір Алматының өзінде қо­қыс­тың өртенуі оның эко­логиялық жағдайын одан сайын ауырлатып отыр. Әли ауылындағы, Талғар қаласын­дағы қоқыс­тардың өртенуі осыған дәлел. Ал күні кеше Ақтау қаласында өртенген қоқыс полигонына да жергілікті жұртшылық көп шағым айтты. Мұндай эко­логиялық мәселе қоқыс өңдеу зауытын салу қажеттілігі әлде­қашан пісіп-жетілгенін аңғар­тады. «Елімізде бірде-бір қалада полигондағы қоқысты өңдейтін зауыт жоқ. Кезінде 10-15 жыл бұрын Виктор Храпуновтың әкім болып тұрған кезінде Алматыда зауыт салынатын болып, миллиардтаған ақша бөлінген болатын. Бірақ не зауыт жоқ, не ақша жоқ – барлығы да баяғы сол проблема күйінде қалды. Ал былтыр испаниялық инвесторлармен Әли ауылының тұсында қоқыс өңдеу зауытын салу туралы уағдаластық болған. Ол осы қазан айында іске қосылуы тиіс болатын. Бірақ оның да тағдыры тағы беймәлім боп қалып отыр. Өйткені қоқыс полигондары жекеменшікке берілген. Олардың қандай шаралар атқарып жатқанын білу қиын. Ақыр аяғында зардап шегетін қарапайым халық», – дейді эколог. Елімізде жылдар бойы қор­даланып қалған қоқыс мәселесі алдағы 10 жылдықта түбегейлі шешімін тауып кетеді дегенге сене қою қиын. Ол үшін бұл проблемаға экологиялық апат ретінде кешенді түнде ден қою қажет.

Нұрлан ҚОСАЙ