Тамыз айының басында PR және коммуникация саласында мойындалған маман Марат Райымханов Канадаға отбасымен бірге көшіп кеткенін хабарлады. Әншілер, танымал кісілер жаппай Түркияға қоныс аударып жатқанда бір адамның мұхит асқанында тұрған не бар деп ойларсыз. Ол пікірмен келісуге де болады. Бірақ қынжылтатыны, Марат шетелде білім алған, халықаралық ұйымдарда, мемлекеттік қызметте, корпорацияда жұмыс істеп, тәжірибе жиған құнды маман. Егер Қазақстан жылдар бойы өзі өсіріп, оқытып, маман ретінде қалыптасуына жағдай жасаған жандардың жыраққа кетуіне көз жұмып отыра берсе, отандық адам капиталы жыл өткен сайын жұпыны халге түсіп, барымыздан айырылмаймыз ба?
Жалпы, бүгінгі жаһандану процесінде түрлі себеппен басқа елге көшіп кету – қалыпты жағдай. Біреу жұмыс іздесе, басқасы тарихи Отанына оралады. Үшіншісі шетте қалған отбасы мүшелерімен қосылуға асығады. Әркімде әртүрлі себеп бар. Алайда жақсы өмір, жақсы жұмыс не білім іздеп, шетелге шарқ ұрып, есікті тарс жауып кететін жандардың саны жыл өткен сайын артып келеді. Әрине, бұл – қауіпті үрдіс. Яғни, елдегі жағдайға, өмір сапасына көңілі толмайтындар аз емес. Осылайша, жырақтан батпан құйрық іздемесе де, жоғары жалақы, тыныш ғұмыр тапқысы келетіндер жетерлік.
Қайда бет алды? Бұл саладағы статистика не дейді? 2016-2020 жылдар аралығында 188 мың Қазақстан азаматы шетелге көшіп кеткен. Оларға биыл алғашқы 6 айда елден біржолата кеткен 14 мың кісіні қосыңыз. Барлығы 200 мың халық. Үлкен қаланың тұрғын санына пара-пар. Көшкендердің 87 пайызы Ресейге бет алған. Кейінгі орында Германия, Беларусь. АҚШ, Өзбекстанға қоныс аударғандар да бар.
Неге Ресей? Түрлі себеп бар. Қазақстанға тың игеру жылдары келген орыс ұлтының өкілдері, олардың ұрпағы тарихи еліне қайтып жатыр. Қазақстанның солтүстік, орталық, шығыс, батыс аймағында шашыла жайғасқан орыс халқына Қазақстанмен шекаралас әрі ең жақын ел – Ресейге көшу оңай. Студент ұл-қыздары ресейлік ЖОО-ға түсіп, ата-анасы соңынан көшіп кеткендер де баршылық. Ресей 143 миллиондық үлкен нарық емес пе? Жұмыс іздеп кеткендер де табылады. Бұдан басқа, Ресей Сібірді игеру үшін бірнеше мемлекеттік бағдарлама қабылдады. Ол бойынша Сібірге қоныс аударғандарға азаматтық жеңілдікпен беріліп, қаржылай қолдау көрсетіледі. Бұл да Қазақстандағы біраз адамға тартымды мүмкіндік болып көрінді. Дегенмен Ресейге көшіп жатқандардың барлығы орыс халқының өкілі емес. Арасында қаракөздер де кездесіп жатады.
Шығын қанша? Мақала басында эмиграция отандық адам капиталына үлкен соққы екенін айттық. Қалайша? Кеңес Одағында не тәуелсіздік жылдары білім алып, бүгінге дейін бірнеше жылдық жұмыс тәжірибесін жиған мамандар қай елдің нарығы үшін болса да керек-ақ. Ал оларды бала кезінен оқыту, жұмыс табу бюджет үшін жатқан шығын. Мысалы, былтыр Үкімет болашақ мамандарды даярлау үшін 80 мың білім грантын бөлді. Әр гранттың құны әртүрлі. Мысалы, Назарбаев университеті 1 729 грантты жеңіп алған, оның әрбірінің құны 6,6 млн теңге. Ал Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 6 301 грант жеңген, оның әрбірінің орташа құны 635 мың теңге. Бұл тек 1 гранттың 1 жылдық шығыны. Бакалаврдың құнын анықтау үшін оны 4-ке көбейтіңіз. Ал жалпы отандық үздік 15 университетте грант бойынша маман даярлаудың тек 1 жылдық құны 28 млрд теңгені құраған.
Оның барлығы бюджеттен төленеді. Егемендік алғаннан бастап Үкімет дәл осылай жыл сайын маман даярлауға шығынданады. Ал әрбір оқушыны мектепте 11 жыл тегін оқытудың шығыны бөлек. Міне, осылайша бюджет есебінен балабақшада, мектепте, университетте тегін білім алған азамат бір күнде шетел асып кетсе, Қазақстан Үкіметі мен қоғамы қанша шығынға батқанын есептеңіз. Ал ол адамның денсаулығы үшін медицина саласына қанша қаражат жұмсалды?! Мұндай эмигрант саны 5 жылда 200 мыңнан асқанын жаздық. Сонда біздің мемлекет ретінде шығынымыз қанша миллиард теңге?
Неге барлығын ақшамен өлшеп отыр дерсіз? Нарық заманында кез келген процесті не оның нәтижесін ақшамен өлшеу мүмкін. Бұл Батыс елдерінде кең таралған тәжірибе. Тіпті, адамның өмірін де ақшамен бағалай алады. Әсіресе, сақтандыру компаниялары. Бұл әдіс еңбек миграциясы, интеллектуалдық миграция сынды үрдістен мемлекет қанша қаражат жоғалтқанын есептеуге мүмкіндік береді. Өкінішке қарай, соңғы 5 жылда Қазақстаннан көшіп кеткен 200 мыңдай адамның шығыны қанша болғанын әлі ешкім есептеген жоқ. Салыстыра кетейік, Ресей 2000-2017 жылдар аралығында эмиграциядан келген шығынды 27 трлн рубль деп бағалапты. Есесіне мигранттар тек 2015 жылы АҚШ экономикасына 2 трлн доллар табыс әкелген, Германияға 550 млрд доллар. Яғни, түйін біреу – адам еліңнен көшіп кетсе, қып-қызыл шығын. Ал көшіп келсе, пайда. Сол себепті адамдар көшіп кетуге емес, сырттан қоныс аударуға асығып тұратындай, жанға жайлы мемлекет құру қажет.
Қандай мамандардан айырылдық? Бүгінде Қазақстанды тастап, түйіншегін арқалап кетіп жатқандардың арасында құнды мамандар аз емес. Сандарға көз жүгіртсек. Мысалы, 2016-2020 жылдар аралығында 31 629 техника маманы, 16 855 экономика маманы, 10 788 педагог, 5 250 медицина маманы көшіп кеткен. Қазір бұл мамандық иелері республиканың аймақтарына аса қажет. Тіпті, орталық қалаларда да дәрігер жетіспейді. Алайда олар жырақта күн көруді қалады. Егер статистикаға эмоциясыз, бейтарап қарайтын болсақ, эмигранттардың 28-29 пайызының жоғары білімі бар екен. Оны 2019-2020 жылдарғы мәліметке қарап айта аламыз. Егер оларға орта арнаулы білімі бар адамдарды қоссақ, онда қандай да білім алып, көшкендердің үлесі эмигранттар арасында 53 пайызға дейін жетеді. Орта арнаулы білім иелері деген кім? Ол тігінші, слесарь, токарь, сантехник, көлік жөндеуші, дәнекерлеуші және тағы басқалары. Жастар IT маманы, қаржыгер, заңгер болуға ұмтылған уақытта жоғарыда аталған мамандар еңбек нарығымызға қажет-ақ. Мысалы, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Қазақстанда орта деңгейдегі 148 мың маман жетіспейді деп мәлімдеген еді. Өкінішке қарай, олардың бір бөлігі көрші елдерге көшіп жатыр.
Миграция азайды. Қазақстанға көшіп келетін мигранттар да баршылық. Алайда эмигранттармен салыстырсақ, көп емес. Айталық, 2020 жылы 29 мың адам көшіп кетсе, 11,4 мың елге көшіп келген. Яғни, 17,6 мың адам. Кері сальдоның көріне бастағанына он жылдай мерзім болып қалды. Қазақстанға азаматтар қай елден көшіп келіп жатыр? Былтырғы дерекке назар салсақ, 3 614 адам Ресейден келген, 2 595 кісі Өзбекстаннан, Қытайдан 1 560 мигрант, 1 192 адам Түрікменстаннан қоныс аударды. Арнайы квота күрт кемісе де, олардың арасында қандастар аз емес. Сондай-ақ 1990, 2000 жылдары өзінің тарихи Отанына көшіп кетіп, елге қайта оралып жатқан қазақстандықтар да бар. Дегенмен Қазақстанға көшіп келушілер арасында жоғары білімділердің үлесі мол емес, 17,5 пайыз көлемінде. Яғни, адам капиталы тұрғысынан алғанда да эмиграция мен миграцияны салыстырсақ, ұтылып жатырмыз.
Не үшін көшеді? Аталған сауалға жауап табу үшін зерттеушілер Ирина Черных және Рустам Бурнашев 2019 жылы шетелде білім алған немесе тәжірибеден өткен 50 жас маманның арасында сауалнама жүргізген. Олардың 35-і Қазақстанда, 15-і шетелде тұрған. Жас мамандар эмиграцияның келесі себептерін көрсеткен: 1) елде әлеуметтік-экономикалық жағдайдың нашарлауы 2) саяси тұрақсыздық болуы мүмкін деген қорқыныш 3) көрші елдердің мигранттарды тарту бойынша белсенді жүргізіп жатқан саясаты (Ресейді меңзеген болар) 4) Қазақстан азаматтығының «әлсіздігі» (Қазақстан паспортымен көп елге визасыз шығу мүмкін емес)
Бұл мәселе жыл өткен сайын өзекті болып келе жатқанына күмән жоқ. Өйткені көшіп жатқандардың 25 пайызы 15 және 28 жас аралығындағы азаматтар, яғни жастар кетіп жатыр. Нақты мысал келтірсек, соңғы жылдары Оңтүстік Кореяға жұмыс іздеп, көшіп жатқан жас азаматтар көп. Иә, бұл еңбек миграциясы, олар келешекте оралуы мүмкін дерсіз. Бірақ Корей түбегінде қалып қойғысы келетіндер де табылар, себебі қазірдің өзінде онда 12-13 мың қазақстандық заңсыз жүр.
Сондай-ақ Ресейге жоғары білім алуға аттанып, сонда жұмыс тауып, ресейлік атанып жатқан жастардың да қарасы көбейді. Мәселен, Қазақстанның Ресейдегі елшілігі 2019-2020 жылдары 74 мың қазақстандық студент солтүстік көршіміздің жеріне білім қуып кеткенін хабарлаған еді. Олардың барлығы елге оралмайтыны белгілі.
Сөз соңында. Қорыта айтсақ, «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?». Басқа ел түгілі қалада бір үйден екіншісіне көшудің өзі барып тұрған машақат. Ал шекара асып, мемлекет ауыстыру әжептеуір сынақ. Бірақ осыған қарамай түйіншегін түюге дайын отырғандар табылып жатыр. Неге? Өйткені қазіргі жас, орта жастағы азаматтарды тек патриоттық сезіммен елде байлап ұстай алмайсың. Олар жемқорлығы жоқ, тыныш, қауіпсіз, бағасы тұрақты, бай, бақуат елде тұрғысы келеді. Сондай жерде жұмыс тапсам, отбасым өмір сүрсе дейді. Айтпақшы, жоғарыда сөз болған Марат Райымханов та Канадаға осы себеппен көшкенін жазды. Енді қайтпек керек? Бәлкім, бұл сауалдың жауабын кемі үкімет басшысы деңгейіндегі лауазымды азамат беруі керек шығар. Өйткені тым күрделі мәселе. Мәселені зерттеген мақала авторы ретінде ой қоссақ, жоғарыда тізбектелген талаптарды (жемқорлығы жоқ, тыныш, қауіпсіз, бағасы тұрақты, бай, бақуат елде тұру) өз елімізде жүзеге асырмайынша, осылай бар байлығымыз – азаматтарымыздан жыл сайын айырыла беретін түріміз бар.
Нұрмұхамед БАЙҒАРА