Көкшетауда мұғалім 1-сынып оқушыларының маңдайына «дәптер» деп жазған
Көкшетауда мұғалім 1-сынып оқушыларының маңдайына «дәптер» деп жазған
©А.Ахметқазы
788
оқылды

Көкшетауда №13 «Экос» мектебінде 27 жылдық еңбек өтілі бар мұғалім бірінші сынып оқушыларын жәбірлеген. Ол он екі бірінші сынып оқушысының маңдайына «дәптер» деп жазған. Аталған оқиғаға қатысты облыстық білім басқармасы түсініктеме берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

№13 «Экос» мектеп директорының айтуынша, аталған оқиғадан кейін мұғалім бірден жұмыстан босатылған. Құжаттары рәсімделіп жатыр. Жайсыз оқиға дүйсенбі күні бірінші сыныптағы алтыншы сабақ кезінде болған. Мектеп әкімшілігі қазіргі уақытта балаларға жаңа мұғалім сабақ беріп жатқанын, қажет болған жағдайда психологиялық көмек көрсетілетінін мәлімдеді. Дегенмен мектепте ата-аналар арасында мұғалімге кешірім беріп, жұмыстан босатпауды өтінгендер де табылған. Ал ата-аналардың келесі тобы педагогті аталған оқиға туралы оның жеке іс қағазына енгізе отырып жұмыстан шығаруды талап етіп отыр. Өзге өңірден келген мұғалімнің 27 жылдық жұмыс өтілі және бір ұл өсіргені белгілі болды. – Аталған факт бойынша Көкшетау қаласы білім бөлімінің және білім басқармасы қызметкерлерінен құралған комиссия қызметтік тексеріс жүргізу үшін жіберілді. Білім басқармасының басшысы қалалық білім бөлімінің басшысын, №13 «Экос» мектебінің директоры және директорының орынбасарын шақыртып жедел жиналыс өткізді. Қазіргі уақытта мұғалім Еңбек кодексінің 52-бабының 1-тармағы 14-тармақшасына сәйкес жұмыстан босатылды. Сыныпта оқу процесі жалғасып жатыр. Оқушыларға психологиялық көмек көрсету бойынша жұмыстар жүргізілді. Ата-аналармен жиналыс өткізілді, – дейді Ақмола облысы білім басқармасынан.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы