Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы психикалық денсаулығында мәселесі бар адамдарға көмек көрсету тәсілін өзгертуді ұсынды.
Психиатриялық ауруханаға түскен әр төртінші науқас ол жерде жарты жылдан ұзақ жатады
89
оқылды

Әлемнің бірқатар елінде психиатриялық ауруханаға жатқызылған науқастардың 28 пайызы емдеу мекемесінде алты айдан астам уақыт өткізеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы психикалық денсаулығында мәселесі бар адамдарға көмек көрсету тәсілін өзгертуді ұсынды.

Ұйымның 9 қазанда жариялаған мәліметінше, көптеген елде психикалық аурулары бар адамдар ұзақ уақыт бойы ірі психиатриялық ауруханалар мен әлеуметтік мекемелерде тұруға мәжбүр. Олардың бір бөлігі мұндай мекемелерге өз еркінен тыс орналастырылады. ДДСҰ жүргізген зерттеуге сәйкес, есеп берген елдердің небәрі 9 пайызы психикалық денсаулық сақтау жүйесін ауруханадан тыс көмек көрсетуге толық бейімдеген. Ал елдердің 53 пайызы мұндай өзгерістерді енді бастап жатыр.

Ұйым осыған байланысты жаңа практикалық нұсқаулық жариялады. Онда психиатриялық ауруханада ұзақ жатқан адамдардың қоғамға қайта оралуына жағдай жасау жолдары көрсетілген. Мамандардың пікірінше, мұндай науқастарға медициналық емнен бөлек, баспана, әлеуметтік қолдау, білім алу және жұмысқа орналасу мүмкіндігі қажет.

ДДСҰ психикалық денсаулыққа қатысты көмекті адамның еркіндігі мен құқығын шектемей ұйымдастыруға шақырды. Бұл үшін елдерге ұзақ мерзімді стационарлық емдеуге тәуелділікті азайтып, тұрғылықты жері бойынша көрсетілетін қызметтерді дамыту ұсынылады. Ұйым жаңа тәсілді енгізу барысында психикалық ауруларды бастан өткерген адамдардың өз пікірін ескеру маңызды екенін атап өтті.