"Халықтың сенімін арттыру – әр полицейден әділдікті, жоғары құқықтық мәдениетті талап етеді" – генерал-майор Оңал Бекеев
"Халықтың сенімін арттыру – әр полицейден әділдікті, жоғары құқықтық мәдениетті талап етеді" – генерал-майор Оңал Бекеев
285
оқылды

Еліміздің теміржолдары мен әуе көліктері нысандарында қоғамдық тәртіп пен заңдылықтардың сақталуын, азаматтардың жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісі – көліктегі полиция қызметкерлеріне жүктелген. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында көлік полициясының бүгінгі тынысы, алда атқарар міндеттері жайлы ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Оңал Бекеевпен жүздесіп, әңгімелескен едік.

  Оңал Ботайұлы, сұхбатымызды, ең алдымен, өзіңіз басқаратын департаменттің құрылымы, қызметтің негізгі мақсаты туралы әңгімеден бастайықшы?!  Бүгінгі күні Көліктегі полиция департаментінің құрылымына 25 аумақтық бөлініс кіреді. Олардың қызмет көрсету аумағындағы теміржол төсемдерінің ұзақтығы 17 мың шақырымнан асады. Осы аумақта 393 темір жол вокзалы мен 19 әуежай бар, олардың  17-сі халықаралық маңыздағы әуежайлар. Бұған қоса, Ресей Федерациясымен, Қытай Халық Республикасымен, Өзбекстан,  Қырғызстан,  Түркменстан мемлекеттерімен шектесетін 27 түйісу стансалары бар. Осы аумақта көлік сақшылары қоғамдық тәртіпті қадағалап, жолаушылаған азаматтар мен тасымалданатын жүктердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Ал, экстремистік және террористік сипаттағы, есірткі бизнесі, бұзақылық, тонау, зорлау сияқты аса ауыр қылмыстармен күресу көлік полицейлері үшін басым бағыттар болып қала бермек. Полицейлердің күн сайын атқаратын жұмыстары өте ауқымды әрі жауапты. Сондықтан қандай істе болсын табандылық танытып, жүктелеген міндеттерді адал атқаруға күш саламыз. Биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы полицияның сервистік моделіне айырықша тоқталды. Осы бағытта жүзеге асырылуы тиіс тапсырмалардың орындалу барысы жайлы айтсаңыз? «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік  негізі» атты стратегиялық құжатта Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев полицияның сервистік моделі туралы: «Бірқатар өңірлерде ол пилоттық режимде іске қосылды. Келесі қадам – оны масштабтау», деп нықтап айтты. Мемлекет басшысының «халық  үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен «жұртқа жақын полиция» жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Ішкі істер министрі Е.Тұрғұмбаевтың тапсырмасымен өте ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Басты мақсатымыз ішкі істер органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету, азаматтардың полицейлерге деген сенімін арттыру. Департамент пен оның аумақтық бөліністерінде іс-шаралар кешені әзірленді. Азаматтық қоғамның полицияға деген сеніме сақшылардың кәсібилігін ұштау, жеке құрам арасында тәртіпті нығайту және жемқорлықты болдырмау арқылы қол жеткізуге болады. Заман талабына сай халықпен кері байланыстың тәсілдері де тәжірибемізге енгізілуде. Соның бір айғағы ішкі істер органдары қызметкерлерінің әлеуметтік желілермен жұмыс істеуі десек, қателеспейміз ғой? Дұрыс айтасыз. Әлеуметтік желілер полицейлердің тәулік бойына халықпен тығыз байланыс жасап, өз учаскесінде орын алған құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Көлік полицейлері тарапынан жасалған заңсыздықтарға жедел ден қою үшін  Өзіндік қауіпсіздік басқармасының  8707-294-23-20 сенім телефоны (тәулік бойы, WhatsApp, Telegram), 8(7172)94-23-20 (жұмыс уақытында), ҚР ІІМ-нің «1402» бірыңғай сенім телефоны жұмыс істейді. «Facebook», «Instagram»  әлеуметтік желілерінде менің де жеке парақшаларым бар. Өз парақшаларымда азаматтармен тікелей диалог жүргіземін. Осы желілер арқылы азаматтар кез келген уақытта өз өтініштері мен ұсыныстарын онлайн режимінде жолдай алады. Келіп түскен бірде-бір өтініш назардан тыс қалмайды. Ең бастысы, қызмет сапасын көтеруге мән береміз. Біздің жұмысымыз қоғамдық тәртіпті сақтау мен құқық бұзушылықтың алдын алу жүйесін әрі қарай жетілдіруге бағытталған. Жалпы, Департаменттің жеке құрамы арасында тәртіпті нығайту, сыбайлас жемқорлық көріністерінің жолын кесу шаралары, әрдайым  өзекті болып қала береді. Таяуда ғана ағымдағы жылдың тоғыз айында атқарылған жедел-қызметтік жұмыстардың қорытындысын жасадыңыздар. Қызмет нәтижесіз емес шығар? Біз мұндай жиынды тоқсан сайын өткізіп тұрамыз. Бұл жедел-қызметтік жұмыстарымызды саралап, алдағы кезеңде атқаратын міндеттерімізді айқындауға мүмкіндік береді. Ағымдағы жылдың басынан бері «Құқықтық тәртіп», «Іздестіру», «Қауіпсіз вокзал», «Қарасора» және т.б. көптеген жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргіздік. Департаменттің қызмет көрсету аумағында 1300-ден аса қылмыстық құқық бұзушылық тіркелсе, олардың жалпы ашылуы 90,1 пайызды құрады. Түрлі құқықбұзушылықтар үшін 34000 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар есірткі заттарын заңсыз тасымалдаудың жолын кесуге бағытталған шаралар іске асырылды. Нәтижесінде, Департамент бөліністерінің күшімен 138 келіден аса әртүрлі есірткі заттары тәркіленді. Жыл өткен сайын қылмыстың түрлері жаңа сипат алуда. Жалпы, көлік сақшылары қылмыскерлерді құрықтау жұмыстарына қалай жұмылдырылып отыр? Расында, қауіпсіздік мәселесі жұмысты ұдайы жүргізуді талап етеді. Әсіресе, ұйымдасқан қылмыс пен есірткі бизнесі сияқты қылмыстардың кімді де болсын алаңдатары хақ. Соңғы уақытта ішкі істер органдары интернет-ресурстарға мониторинг жүргізуге ерекше көңіл бөлуде. Өйткені қазіргі кезде кейбір қылмыстық топтардың өздерінің қылмыстық әрекеттерін ғаламтор арқылы жасауы белең алды. Оларға есірткі заттарын байланыссыз сататын «саудагерлер» мен интернеттегі алаяқтарды жатқызуға болады. Еліміздің синтетикалық есірткі саудасына қатысты заңы қатал бола тұра, нашақорлыққа тәуелді жастардың қатарының артуы қынжылтады. Еліміздің Ішкі істер министрлігінде есірткіге қарсы іс-қимыл департаменті, аумақтық департаменттерде арнайы басқармалар жұмыс істейді. Есірткінің заңсыз айналымына қарсы жұмыстар жүйелі жүргізіліп жатыр деуге толық негіз бар. Дегенмен, бұл ғасыр індетіне айналған кесапатпен күресуде тек бір органның күші жеткіліксіз. Меніңше, білім, мәдениет, денсаулық салалары сияқты іргелі мемлекеттік құрылымдар өзара бірлесіп, тиімді іс-қимыл жасаулары қажет. Жасыратыны жоқ, кейінгі кездері темір жол бойында азаматтардың жарақат алуы, тіпті, пойыз астына түсіп, мерт болуы туралы көп естиміз. Қызмет көрсету аумақтарыңыздағы қазіргі ахуал қалай? Орынды сауал. Жыл басынан бері департамент қызметкерлері тұрғындарға темір жол бойында жүріп-тұру ережелерін түсіндіруге бағытталған 5 мыңға жуық кездесу өткізді. Десек те, азаматтардың темір жолда жарақат алуы әлі де азаймай тұр. Мәселен, биылғы жылдың 9 айында азаматтардың темір жол бойында 92 қайғылы жағдайға ұшырау фактісі тіркелген болса, соның ішінде алтауы жасөспірімге қатысты. Алтауы да мерт болған. Осының барлығы, олардың теміржол стансаларында, жолдар мен аралықтарда жеке қауіпсіздіктерін сақтамауларынан орын алған. Темір жолдағы қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында біздің қызметкерлеріміз «Темір жол – аса қауіпті аймақ», «Тоқта! Басып кету қаупі бар», «Жасөспірім Заң Қауіпсіздік» сынды т.б. жедел алдын алу іс-шараларын жиі өткізіп тұрады. Департамент пен «Қазақстан темір жолы» АҚ торапты жол арақашықтығы мекемесі арасында темір жол қозғалысының қауіпсіздігі жөніндегі бірлесіп жасақталған кешенді жоспар бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Алдағы уақытта осындай қайғылы жәйттерді болдырмау мақсатында тағы да қандай шараларды қолға алған жөн деп ойлайсыз? Қаупі жоғары саналатын темір жол аумақтарында азаматтардың өмiрi мен денсаулығын сақтауға, олардың еркін қозғалуына толық мүмкіндіктер жасалу шарт. Ол үшін, темір жол жиегінде орналасқан елді мекендерді аспалы көпірлермен, арнайы өткелдермен, қоршаулармен, жарықпен, бейнекамералармен т.б. инфрақұрылымдармен жабдықтау қажет. Міне, осы шараларды жүзеге асыру үшін қазіргі күні қолданыстағы кейбір заң актілері мен қауіпсіздік ережелеріне өзгерістер енгізу қолға алынды. Бұл Қазақстан темір жолы» АҚ, жергілікті атқарушы билік, білім беру және құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылын үйлестіру арқылы жүзеге асырылмақ. Азаматтарымыздың өз өмірі мен денсаулықтарына жауапкершілікпен қарауының да маңызы зор. Үлкенді-кішілі стансалардың көрнекі жерлеріне ілінген арнайы ескерту белгілеріне тұрғындарымыз көңіл бөлмейді. Теміржолға жақын орналасқан елді мекендердегі балалар, шойын жолдың үстіне шығып ойнайды. Құлақтарына құлаққап киген жастарымыздың келе жатқан пойыздың дабылын естімеуі салдарынан жазым болғандығы жөнінде фактілер бар. Ереже бойынша балалар темір жолдардан ересектердің көмегімен ғана өтулері керек. Ата-аналар да өз балаларын жіті бақылауда ұстаса игі болар еді. Рас, көлік полицейлері  балаларының қауіпті аймақта жүруіне жол берген  ата-аналарға әкімшілік шаралар қолданады. Бірақ салынатын айыппұлмен бұл мәселені түбегейлі шешу мүмкін емес. Қайғылы оқиға болмасын десек, үйде де, түзде де балаларға қауіпсіздік шараларын түсіндіріп отырған жөн. Сайып келгенде, әрбір адамның темір жол бойында үнемі қырағылық танытқаны абзал. Генерал мырза, Сіз кадр мәселесінің қыр-сырын  жіті меңгерген білікті басшысыз. Олай болса, полицейлерге қойылып отырған талаптар қаншалықты пәрменді деп ойлайсыз? Баршаға мәлім, соңғы үш жылдан бері ішкі істер органдарында өте ауқымды реформалар жүргізілуде. Әсіресе, кадрларды іріктеу мәселесіне, яғни санынан гөрі сапасына баса назар аударылуда.   Полиция қатарына тек білікті, кәсіби дайындығы жоғары, моральдық тұрақты, шымыр азаматтар ғана қабылдануы шарт. Бір сөзбен айтқанда, халықтың сенімін арттыру әр қызметкерден әділдікті, жоғары құқықтық мәдениетті талап етеді. Келіп түскен әрбір шағымның артында – арызданушы азаматтардың жанайқайы тұрғандығын ұғынған ләзім. Бұл халықтың билік өкілдеріне деген сенімін арттыруға мұрындық болатын ең басты фактор. Оңал Ботайұлы, биылғы желтоқсанда ел Тәуелсіздігінің 30  жылдығын дүйім халық болып атап өтетін боламыз. Мерейлі мерекеге дайындықтарыңыз қалай? Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің  «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Мен жаңа Қазақстан патриотизмінің жасампаздық құдіретіне сенемін. Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады», деді. Яғни, бүгінгі  ұрпақтың борышы бірлігімізді бекемдеп, бабаларымыздың қаны,  аналарымыздың көзжасымен келген тәуелсіздікті баянды ету. Ол үшін әрбір азамат Отанымыз Қазақстанның кемел келешегі жолында аянбай тер төгіп, туған елдің өркендеуіне сүбелі үлес қосулары керек. Тәуелсіздік мерекесін өткізу кезінде еліміздің әуе және теміржол нысандарында қоғамдық тәртіп пен азаматтардың жеке қауіпсіздігін қамтамасыз етуге айырықша көңіл бөлінбек. Департаменттің жеке құрамы қызмет өткерудің күшейтілген тәртібінде жұмыс істейтін болады. Өйткені Тәуелсіздік күні – еліміздің мәртебесі жағынан ең жоғары тұрған ұлттық мереке. Ел еңсесі тіктеліп, ұлттық рухымызды көтеретін шараға алыс та жақын шетелдерден қонақтардың келетіні заңдылық. Демек, халқымыздың әлеуетін, бірлігі мен ынтымағын  әлемге паш ететін мерекеде бізге бір сәт те босаңсуға болмайды. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан: Ермахан Шайхыұлы