Мемлекет басшысы қазақ халқының қасиет тұтқан, аңыз-жырға қосқан, елдіктің ұстынына балаған ардақты мекенге, аумағы жөнінен еліміздегі ең ірі облысқа сапарлап қайтты. Жұмыс сапары аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен Ұлытау ауданындағы «Жошы хан» тарихи-мәдени кешеніне аялдады.
Президентке Жошы хан кесенесі, мұражай, Жошы хан ескерткіші, жорық шатыры және қонақ үйден тұратын кешеннің заманауи технологиялық мүмкіндіктері мен қордағы құнды жәдігерлер таныстырылды. Мемлекет басшысы қасиетті тарихи нысанның үнемі ғалымдар назарында болып, ол туралы деректер ғылыми айналымға түсуі керегіне баса мән берді.– Келесі жылы шетелдің және еліміздің белгілі ғалымдарын шақырып, Алтын Ордаға байланысты үлкен халықаралық конференция өткізуіміз қажет, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек өңірдің туристік әлеуеті туралы баяндама жасап, Президентке курорттық аймақтар мен тарихи-мәдени кешендерді дамыту жоспарын ұсынды. Жоспарға сәйкес Ұлытау, Қарқаралы аудандарының, Балқаш қаласының туризм саласындағы әлеуеті артып, сервистік және туристік инфрақұрылымдары дамитын болады. Осыдан кейін Қ.Тоқаев Жезқазған қаласына барып, өңірдің әлеуметтік дамуы мен минералды-шикізат базасын кеңейту жөніндегі «Қазақмыс» корпорациясының жоспарына қанықты. Жезқазған мен Балқаш өңірлерін дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасы әзірленген. Онда негізгі үш бағыт қамтылыпты, бұлар – әлеуметтік қызметтердің деңгейін көтеру, инфрақұрылымды жетілдіру және экономикалық даму. Президентке сумен қамту жобаларын іске асыру перспективасы, білім сапасын жоғарылату, азық-түлік нарығындағы бағаларды тұрақтандыру жөнінде айтылды. Сондай-ақ корпорацияның әлеуметтік міндеттемелерді орындауы және инвестициялық жобаларды іске асыруы жөнінде мәлімет берілді. Жезқазған мен Балқаш өңірлерін өркендетуде еліміздің дамыған аймағы саналатын Алматы қаласы үлгі болмақ. Жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысы Жезқазған қаласын сапалы ауызсумен жабдықтаудың қиындықтары туралы хабардар болды. Мәселені шешу үшін Үйтас–Айдос суқұбырын қайта жөндеуден өткізіп, Қожамсейіт кен орнында жаңа су құбырын салу қажет. Президент Үкіметке және облыс әкімдігіне аталған жобаны 1,5 жыл ішінде жүзеге асыруды тапсырды.
– Зерттеу бағыттарыңыз дұрыс. Сумен қамту – шешуді қажет ететін маңызды әлеуметтік мәселе. Жолдауымда осы туралы айтқанмын. Үкімет тиісті тапсырма алды, әкімдікпен, компаниямен бірлесіп, қысқа мерзім ішінде, ары кеткенде 1,5 жылда осы мәселені шешуі керек. Азаматтарымызды таза ауызсумен қамтамасыз етуіміз қажет. Мен бұл мәселені өз бақылауыма аламын! – деді Мемлекет басшысы.Қ.Тоқаев азық-түлік бағасының қымбаттауына және ауыл шаруашылығын субсидиялау мәселесіне қатысты пікір білдірді.
– Бұл, әрине жаһандық нарықта болып жатқан күрделі мәселе. Әлемде барлық тауардың бағасы шамамен 40-50 пайызға қымбаттады. Еліміздегі қордаланған мәселелер салдарынан азық-түлік қымбаттап жатыр. Бұл мәселені шұғыл шешуге қанша тырыссақ та, жағдайды өздеріңіз көріп отырсыздар. Проблеманы жүйелі шешуіміз қажет. Ауыл шаруашылығы саласына қыруар қаржы бөлсек те, азық-түліктің басым бөлігін сырттан аламыз. Өзге елдер субсидияның не екенін білмейді. Білсе де, дәл осындай мол қаржы бөлінбейді. Бір жағынан адамдарды босаңсытып жібердік, екінші жағынан сыбайлас жемқорлыққа жол беріп алдық. Бұл мәселемен түбегейлі айналысуымыз керек. Мен Үкіметке, Ауыл шаруашылығының жаңа министріне міндет жүктедім, – деді Президент.Ол экологияға және ірі кәсіпорындардың шығаратын зиянды қалдықтарына қатысты мәселеге ерекше назар аударды.
–Біз 2060 жылы карбонизация деңгейін нөлге түсіреміз деп жарияладық. Экономикамыздың ерекшелігін және оның құрылымын ескеруіміз қажет. Энергия теңгерімінің 70 пайызы көмірге тиесілі екені белгілі. Біз ертең бәрін жауып тастап, көміртегіден арылдық деп айта алмаймыз. Бұл сіздердің кәсіпорындарыңызға да қатысты. Бірақ 2060 жылға қарай көміртегіден арылу бағыты бойынша жүруге тиіспіз. Әйтпесе, әлемдік дамудың көшінен қалып қоямыз. Бұл негізгі кәсіпорындардың мүддесін ескере отырып, Үкіметке және Мемлекет басшысы ретінде маған да жүктелген аса жауапты міндет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Президент жиынды қорытындылай келе, барлық бекітілген бағыт бойынша мемлекет отандық жетекші кәсіпорындармен бірлесіп, тиісті жұмыстарды белсенді жалғастыруы керек екенін айтты. Сапар аясында Мемлекет басшысы телекөпір режимінде Қарағанды облысының Жәйрем кентінде жаңадан ашылған кен байыту кешенінің жұмысын іске қосты. Кен байыту фабрикасының құрылысында 2 500-ге жуық адам жұмыс істеді. Бұл кешен Қазақстанда мырыш пен қорғасын концентраттарын шығаратын ең ірі кәсіпорын болады. Өндірісте 400 адам жұмыспен қамтылады. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Мемлекет басшысына аймақ үшін аталған жобаның маңызы зор екенін жеткізді. Жаңа фабрика шығаратын өнім түрлері көбейеді және өндіріс көлемі 2,5 есе артып, 5 миллион тоннаға дейін барады. Сондай-ақ өңделген өнімнің экспорты ұлғайып, салық түсімі 1,5 миллиард теңгеге өседі. Бүгінде Қарағанды облысында 2 триллион теңгеден астам қаражатқа 50 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Биыл 14 жоба іске қосылып, аймақтың өнеркәсіп кәсіпорындарының инфрақұрылымына тартылатын инвестиция көлемі 230 миллиард теңге болады. Қ.Тоқаев сондай-ақ Жезқазған қаласындағы дарынды балаларға арналған, мамандандырылған «Өркен» мектеп-интернатына барды.
Айхан ШӘРІП