Түркістанда 150-ге жуық жекеменшік балабақша құрылтайшылары облыс әкімдігінің алдына жиналып, наразылыққа шықты. Олар мемлекет есебінен берілетін қаржының тым аз екенін айтып, шу шығарды.
Түркістандықтар мемлекет тарапынан бекітілетін осынау қаржыны республиканың өзге өңірлерінен төмен алады екен. Есесіне, жалақысы көтерілмеген балабақша қызметкерлерінің біразы жұмысын ауыстыруға мәжбүр. Тіпті, бірқатары жылыжайларда жұмысшы болып жалданып, жұмыс істеуде.Тәрбиешілер базарға шығып кеткен
Шыдамның шегі таусылған құрылтайшылар әкімдіктен үміт күтіп отыр. Алайда олармен тілдесуге облыс әкімі Ө.Шөкеев емес, оның орынбасарлары Арман Сәбитов пен Сәкен Қалқаманов шықты. Облыс әкімінің орынбасарлары Түркістан облысының дотациялы өңір екенін еске салып, балабақша құрылтайшыларына дәл қазір беріле салатын қаржы жоқтығын жеткізді. Әбден ашынған наразы топ уәдеден шаршағанын, балабақшалардың жабылудың сәл-ақ алдында тұрғанын ескертіп, айқайға басты. Билік өкілдері наразы топтың айқайы күшейіп бара жатқан соң Қаржы министрлігіне петиция жазып береміз деп жиналғандарға басу айтты. «Бұл жерде, біріншіден балалардың, одан соң кәсіпкерлердің құқығы тапталып жатыр. Екіншіден, педагог кадрлардың құқына қол сұғылуда. Өзге облыстың балаларына 40-50 мыңнан төленіп жатқанда, Түркістан облысының балаларына ғана 25 мың теңгеден беріп отыр. Сондықтан біздің білікті мамандарымыз, тәрбиешілеріміз жұмыстан босап кетіп жатыр. Жоғары санаттағы тәрбиешілеріміз базарға шығып кетті. Бүйте берсе, 40 мыңға жуық балабақша қызметкері жұмыссыз, ал 115 мың бүлдіршін балабақшасыз қалуы мүмкін», – деген жанайқайын білдірді Түркістан облысы бойынша Үздіксіз білім беру қауымдастығының төрайымы Ділдар Хабибова. Ал балабақша құрылтайшысы Ләззат Убайдаева «2021 жылдың ақпан айында басқарма басшысы Жолаевқа кіргенмін. Ол кісіге барғанда «2021-дің қыркүйек айында қаражат беріледі. Үстіндегі айырмашылығын сол кезде береміз», – деді. Міне, қыркүйек те, қазан да өтті. Ешқандай себеп жоқ, бізге не себепті қаражат көтерілмейтінін айтпайды. Қиналып жатырмыз», – деді ол. Түркістан облысы Адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Амантай Өсербаев бұл мәселеден хабары бар екенін атап өтті. «Біздің тарапымыздан жолданған хат Білім және ғылым министрлігінен қолдау тауып, Қаржы министрлігіне бірнеше рет ұсыныс жазылды. Алайда бұл мәселе қазір Қаржы министрлігі тарапынан қолдау таппай отыр», – деді ол.Жекеменшік балабақшалар жұмысын тоқтатуы мүмкін
Айта кетейік, жекеменшік балабақша құрылтайшыларын мазалап отырған бұл мәселе бүгін ғана емес, көптен бері ушығып келе жатыр екен. Бір кездері «Балапан» бағдарламасы аясында көкжиегі кеңейген мектепке дейінгі мекемелер қазір мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істейді. Бұл бағытта 2017 жылғы қараша айында Білім министрінің жан басына шаққандағы қаржыландыру әдістемесі бойынша №597 бұйрығы шыққан. Әдістеме аясында республика бойынша әр балаға 2019 жылы 28 мың теңгеден бекітілсе, былтырдан бері қалалық жерде 37 мың теңге, ауылдық аймақта 41 мың теңге төленуі тиіс болып бекітілген. Алайда Түркістан облысының жекеменшік балабақшаларындағы балаларға 2020 жылға дейін 18-26 мың теңге төңірегінде төленіп жүріпті. Әр ауданның бюджетіне қарай бекітіліп отырған. Кейбір аудандарға тіпті республикадан келетін 19 мың теңгенің үстіне қосылмаған да. 2021 жылға дейін жергілікті әкімдікке қарайтын білім саласы қазір облыстық Білім басқармаларына қарасты болса да жарымай келе жатыр. Бүгінде өңірдегі барлық 1 000-нан аса балабақшадағы 115 мың балаға ай сайын 25 мың теңгеден төленіп келеді. Бұл қаржы жекеменшік балабақшалардың жыртығын жамай алмай тұр. Даудың басы – осында. «Елімізде білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды. Онда педагог кадрлардың айлық жалақысын көтеру туралы айтылған. Мемлекеттік бағдарлама аясында педагогтердің жалақысы біртіндеп 100 пайызға көтерілуі тиіс. Ол жерде педагогтер мемлекеттікте ме, әлде жекеменшікте ме, әйтеуір мемлекеттің тапсырысымен жұмыс істеп жатқан болса, бәріне бірдей жалақы төленуі тиістігі де айтылған. «Педагог мәртебесі» туралы заң да шықты. Алайда бұл заң түркістандықтарға жүрмейтін сияқты», –дейді Ділдар Хабибова. Қауымдастық төрайымы егер бұл мәселе биыл да шешімін таппаса, кәсіпкерлер жұмыстарын амалсыз тоқтататынын ескертті. Республикада бекітілген бірыңғай әдістеме бойынша есептерге сәйкес, мектепке дейінгі ұйымдарда жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативі Түркістан облысында 2021 жылы қала үшін 37 537 теңгені, ал ауылдық жерлер үшін 41 053 теңгені құрауы тиіс еді. Алайда осы уақытқа дейін облыста бір балаға айына бұрынғыдай 25 582 теңге бөлінуде. Соның өзі жылдың соңына дейін жетпей қалу қаупі бар. Дәл осындай қиын жағдайға өңірдегі 1 024 жекеменшік балабақша кезігіп отыр. Салдарынан 40 мың қызметкерге сол баяғы 2019 жылдың коэффициентімен жалақы төленуде. Педагогтердің жыл сайын алып жатқан санаттары, қымбатшылық ескеріліп отырған жоқ. «60 мың теңге жалақымен оларды ұстап отыру мүмкін емес. Бұл мәселе арнасынан асып, ушықты. Жағдайдан билік өкілдері де хабардар. Мәселені кәсіпкерлік палатасында 10 рет көтердік. Парламентке, Бас прокуратураға дейін жазғанбыз. Сенатта мұны Дариға Назарбаева, Парламентте Фахриддин Қаратаев та қозғады. Жалпы, 37 мекемеге хат жолдаппыз. Нәтиже шығар емес. Облыс әкімдігі болса, республикадан қосымша қаржы келмесе төлеп беруге ешқандай мүмкіндігіміз жоқ деп отыр. Республикалық чатымыз бар. Мәселен, Қызылордада 51 мың теңгеден төлейді, олар келер жылға 63 мың теңгеге көтеріп отыр. Мынау тұрған Шымкент қаласының өзі 37 500 теңге төлейді. Алдағы уақытта республика аясында зерттеу жүргізіліп, мәселенің шешімін табады деген үміттеміз. Кеше 150 адам қол қойып петиция жазып жібердік. Енді Үкімет деңгейінде қаралып, оң шешімін табатын шығар деп сеніп отырмыз», – дейді қауымдастық төрайымы.Балабақшалардың 75 пайызы – жекеменшік
Облыс әкімдігінің маңында өткен наразылықтан соң билік ертесіне едел-жедел брифинг өткізді. Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингке қазақстандық Үздіксіз білім беру қауымдастығының төрайымы Лейла Куленова, Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Нақыпбеков, Түркістан облысы бойынша Үздіксіз білім беру қауымдастығының төрайымы Ділдар Хабибова, Түркістан облысының Адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Садықова қатысты. Онда облыстағы 1 417 балабақшаның 267-сі мемлекеттік, 1 031-і жекеменшік екені айтылды. Яғни, облыста ашылған балабақшаның 75%-ға жуығы кәсіпкерлік субъектісі екен. «Бұл мәселелер балаларымыздың тәрбиесі мен білімінің сапасына де әсер етуде. Салдарынан бүлдіршіндер балабақша кезегінде тұруға мәжбүр. Жабылу қаупінде тұрған балабақша иелерінің құқықтарын қалпына келтіруде палата тарапынан мәселе шешімін тапқанша Үкімет деңгейінде көтеретін боламыз. Бүгін мәселені Премьер-Министрдің бірінші орынбасары А.Смаиловтың қарауына шығарып отырмыз», – деді Тимур Нақыпбеков брифинг барысында. Өңірде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында биылға бекітілген бюджет 115 729 орынға шаққанда 53,3 млрд теңгені құраған. Оның 10,2 млрд теңгесі республикалық бюджеттен болса, 43,04 млрд теңгесі жергілікті қаржыдан қаралған. Енді облысқа қосымша қажеттілік жалпы 26,6 млрд теңгені құрап отыр. Алайда көрсетілген жетіспейтін қаражат республикалық бюджеттен бөлінетін жалпы сипаттағы трансферттерді қарау барысында ескерілмепті. Ал Түркістан облысының Адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Садықова жыл сайын мектепке дейінгі жастағы балалардың саны 4 000-нан астам адамға көбейіп отырғанын, бұл мәселенің облыс әкімдігінен бастап, Сенат пен Мәжіліс депутаттары бірнеше рет Үкімет пен салалық министрлікке хаттар мен есептеулер жібергенін жеткізді. Тіпті, Премьер-Министр А.Мамин Түркістан қаласына келген жұмыс сапары барысында мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз етуге қажетті қаражатты бөлу мәселесін заңнамада белгіленген тәртіппен пысықтауды тапсырған. Алайда бұл мәселе әлі шешілмепті. Сонда дейміз-ау, республикадағы барлық құзырлы органдар жабылса да, тіпті Прьемер-Министрдің назарына ілініп, тапсырма берген мәселе неге шешімін таппай келеді? Тіпті, жыл басында Дариға Назарбаева Үкіметке де сауал жолдаған. Дәл осы жағдай биыл ғана емес, соңғы 2-3 жылда бірнеше рет қайталаныпты. Балабақша қызметкерлерінің жалақысын уақытылы бермеу және жалақының көтерілмеуін құрылтайшылар айналып келгенде, мемлекеттен берілетін субсидияның осылайша ырың-жырың тірлікпен келе жатқанын айтып түсіндіреді.P.S.
Жуырда Қазығұрт ауданындағы бір топ жекеменшік балабақшаның тәрбиешілері де жиі-жиі жалақының кешігетінін, жалақыға қосылуы тиіс 25 пайыз үстемеақының жоқтығын айтып шағымданған. Одан бөлек, кезекті еңбек демалысының ақшасы, емделуге деп берілуі тиіс қаржы да жоқ. Есесіне, 2-3 топты біріктіріп, кезекші топ жасақтаған. Ашынған тәрбиешілер шағымын айтқанымен, соңында аты-жөндерін айтудан бас тартқан болатын. «Бақсақ бақа екен» демекші, жекеменшік балабақшалардағы проблеманың басы мұнда екен ғой...
Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы