Павлодарда жұмысшысын атып өлтірген кәсіпкер сотталды
Павлодарда жұмысшысын атып өлтірген кәсіпкер сотталды
Фото: rus.delfi.ee

Кәсіпкерге қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

Оқиға қала сыртындағы өндірістік аймақта болыпты. Сол күні 27 жастағы Андрей Шиллер жалақыдан қалған 20 мың теңгесін даулап келеді. Аздап ішімдік ішкен ол бастығын балағаттап, сол жерден шықпай қойыпты. Ал кәсіпкер ғимаратты жалға беріп отырған 55 жастағы бизнесменді көмекке шақырған. Ашуға кәсіпкер жұмысшыны алғашқыда соққыға жығып, артынан мылтықпен атып тастаған.

Павлодар облысы сотының баспасөз хатшысы Ағеділ Ибраева: «Заң бойынша мұндай қылмысқа 15 жылдан 20 жылға дейін немесе мүлкін тәркілеп, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Алқа билердің бірауыздан келісімімен, «Б» деген азаматты бұзақылық әрекетпен адам өлтіргені үшін кінәлі деп танып, 18 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді», – деді.

Бұған дейін үйінің терезесінен жылқыларға оқ атқан тұрғын туралы жазған болатынбыз.