Автопарктердің айтар арызы бар
Автопарктердің айтар арызы бар
484
оқылды

Биыл елімізде қоғамдық көлік жүргізушілерінің ереуілі көп болды. Семейде, Ақтөбеде, Шымкентте, Талдықорғанда, Қостанайда, Ақтауда автопарк жұмысшылары көтерілді, кей қалаларда оларға кондукторлар да қосылды. Кейбір өңір­лерде наразылық акциялары бірнеше рет өтті. Жүргі­зушілер қауымы автобус тасымалындағы күрделі жағдай­ларды тү­зеу, автопарктерге тиесілі субсидияларды төлеу, жалақы қарызын өтеу, медициналық сақтандыру және зейнетақы қорына ақша аудару сияқты талаптар қойды. 

Тасымалдаушыларды тығырыққа тіреген проблема

Жолаушылар тасымалы сала­сында көп жылдан бері қордаланып келе жатқан проблема көп. Соның салдарынан республика бойынша көлік саласындағы мыңдаған ма­ман жапа шегіп отыр. Олардың сыр­тында он мыңдаған адамның тағ­дыры тұр. Ал әр қалада жүргі­зу­шілер ереуіл жасап, қоғамдық кө­ліктер рейстерге жиі шықпай қалса ше?! Жүздеген мың адам жұмысына жете алмай, шаһардың өмірі түп-түгел тұралап қалмай ма? Оның ел экономикасына тигізетін кері әсерін есептеудің өзі қорқынышты. Жоғарыда айтқан көп келеңсіз­діктердің салдарынан еліміздің кей өңірінде автобус жүргізушілері жетіспейді. Басқа өңірді айтпай-ақ қоя­йық, жалақысы жақсы, көліктері жаңа ел астанасы – Нұр-Сұлтан қа­ласының өзінде автобус жүргі­зетін шопырлар тапшы.
– Жалпы, қала бойынша қо­ғам­дық тасымалдау қызметінде 1 124 көлік қамтылған. Олардың 869-ы күнделікті рейстерге шы­ғады. Ереже бойынша, әр автобуста бірін-бірі ауыстырып, жұмыс іс­тейтін 3 жүргізушіден болуы керек болғанымен, бізде әр көлікті 2 жүр­гізушіден тізгіндейді. Бүгінде елордадағы 6 автопарк бойынша 759 автобус жүргізушісі жетіспейді. Бірақ бізде жалақы қарызы, суб­сидия төлемеу деген мәселе жоқ. Бәрі уақытылы беріледі. Жүргі­зу­шілердің тапшылығы – оларға қо­йылатын талаптың жоғары­лы­ғынан болып отыр. Оның үстіне, қа­зір жастар жағы қоғамдық көлік жүргізуге құлық танытпайды, – деді CTS компаниясының қоғам­мен байланыс бөлімінің маманы Науат Азанбаева.
Астанадағы жағдай осы болса, басқа өңірлер туралы не айтасыз? Басынан бұлт арылмаған бұл са­ланың көп проблемалары мен жұ­­мыстың мазасыздығынан кәсі­би, білікті жүргізушілер автобус жүргізуге онша құмарта қоймайды. Олардың орнын тәжірибесіз ма­мандар басады. Тіпті, шопырлар жеткілікті болып, автобустар күн­делікті рейстерге үздіксіз шығып тұрса да, одан проблема азаятын емес. Тәжірибесіз жүргізушілер сапар барысында түрлі апаттарға, төтенше оқиғаларға жиі ұрынып қалады. Ал облыс және аудан орталық­тарындағы қоғамдық көлік авто­парктерінің жағдайы адам шо­шыр­лық. Кейбір жерлерде әлі күн­ге дейін баяғы Кеңес заманынан қал­ған ескі «ПАЗ»-дармен жұрт таси­ды. Ақаулы көліктердің жол үстінде сынып жатуы, тіпті отқа оранған кездері жиі ұшырасады. Оның үстіне, автобустардың майы мен оны-мұны жөндеу шығындары да жүргізушілердің мойнына артылған.

Жырға айналған субсидия

Қазіргідей жыл сайын емес, ай сайын өмір сүру қымбаттап жатқан заманда қоғамдық тасымалдау­шы­лардың жұмысы бұрынғыдан бетер қиындай түскен: теңгенің құн­сыз­дануы, жанар-жағармай мен көлік бөлшектері бағасының өсуі бір жағынан қысса, екінші шағынан карантин шектеуі де жан алқымнан алып тұр, мұның бәрі республи­кадағы автопарктердің табысын көп төмендетіп жіберген. Сөйте тұра, өмір қымбаттағанымен, мем­лекет тарапынан қоғамдық тасы­малдау қызметіне берілетін демеу­қаржы көлемі бұрынғы деңгейде қалып қойған. Ал автопарктер шы­ғындарын жабу үшін тасы­малдау тарифін көтерейін десе, ол халықтың наразылығын тудырады, ал жергілікті атқарушы орган субсидияны ұлғайтуға құлшынып отырған жоқ. Айта кетейік, әлеуметтік ма­ңызды бағыттарды субсидиялау тек 2019 жылдан бері беріле бас­таған. Бірақ кейбір облыстарда 2021-2023 жылдардың бюджеті бекітілгенде, оған бөлінуі тиіс шы­ғындар ескерілмей қалған. Тіпті, біршама аудандар мен қалаларда тасымалдау қызметтеріне ешқашан демеуқаржы берілмеген, кей өңір­лерде ауылдық және қала маңы тасымалы әлі күнге әлеуметтік ма­ңызды маршруттар деп мойын­далмаған. Үкімет халықтың бірқатар осал тобының қоғамдық көліктерде жүріп-тұруына жеңілдіктер берген, бірақ жергілікті әкімдіктер та­сы­малдаушылардың содан жо­ғалт­қан қаржысына өтемақы тө­леуді қарастырмаған. Кикілжіңнің бәрі осы тұстан туады: тасымал­даушы жеңілдігі бар жолаушыларды көліктеріне мінгізгісі келмейді, ал олар Үкімет берген заңды жеңіл­ді­гім бар деп өзеурейді. Әлеуметтік шиеленіс туындауының басты себебінің бірі де осы. Қоғамдық тасымалдау­шылар­дың шаш етектен асатын көп проб­лемасын Мәжілісте «Nur Otan» партиясы фракциясының депутат­тары да көтерген болатын.
– Күрделі жағдайға қарамастан ор­талық органдар да, өңірлік ор­ган­дар да тасымалдаушылардың проблемаларын шешуге құлықсыз. Бұл әлеуметтік шиеленіске әкеледі. Үкіметтің автопарктерді түгелдей жекеменшіктің қолына беру тура­лы шешімі де қордаланған проб­ле­маларды шешпейді, – дей келе, «Nur Otan» партиясы фракция­сы­ның депутаты Артур Платонов Үкі­метке әлеуметтік маңызды мар­шруттарды субсидиялаудың әдіс­те­месі мен нормативтік анық­тамасын әзірлеуді және жергілікті атқарушы органдардың субси­диялау бойын­ша міндеттемелерді толықтай орын­дауы туралы мәселе қойды. 

Шешімін таппаған мәселе

Премьер-Министрдің орын­басары Роман Склярдың айтуын­ша, жолаушылар тасымалы қызме­тін дамыту мақсатында 2018-2020 жылдар аралығында респуб­ли­ка­лық бюджеттен әлеуметтік маңыз­ды автобус маршруттарын субси­диялау үшін 100,5 млрд теңге (2018 жылы – 17,2 млрд теңге, 2019 жы­лы – 36,9 млрд теңге, 2020 жылы – 46,4 млрд тең­ге) және ав­топарктердің отан­дық автобус­тарды сатып алуы үшін же­ңілде­тілген лизингтік қар­жы­ландыру бағ­дарламасы шең­бе­рінде 57,2 млрд теңге (2018 жылы – 10 млрд теңге, 2019 жылы – 23,5 млрд теңге, 2020 жылы – 23,7 млрд теңге) бөлінген. Ал Қаржы ми­нистрлігінің баспасөз қызметі та­ратқан ақпараттан 2021 жылы өңір­лердегі әлеуметтік маңызды бағыт­тарды субсидиялау үшін 59,1 млрд теңге, ал жеңіл­де­тілген ли­зинг­тік бағдарлама бо­йынша 22 млрд теңге қарасты­рыл­ғанын білдік.
«Сондай-ақ қоғамдық тасы­мал­дау мәселелеріне қатысты биыл 8 шілде күні ИИДМ-гі жергі­лікті атқарушы органдардың, «Ата­мекен» ҰКК және автокөлік қауымдастықтарының қатысуы­мен жиналыс өткізді. Мұнда авто­буспен тасымалдау саласы бойын­ша қордаланған мәселелер талқы­ланып, тасымалдаушыларды суб­сидиялау жөніндегі әдістеме мен ережелердің орындалуы қатаң мін­деттелді. Қорыта айтқанда, бұл жайт Үкіметтің ұдайы бақылауында болады», – деп сендірген еді Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр.
Бірақ одан беріде екі айдан астам уақыт өтті, алайда қоғамдық тасымалдау ісінің жағдайы күрт жақсарып кете қоймаған сияқты. Әсіресе, 2018-2020 жылдарды бюд­жеттен автопарктерді субсидия­лауға бөлген 100 миллиардтан ас­там теңге мен лизингпен жаңа ав­тобустар сатып алуға бөлінген 57 млрд теңгенің нақты қайда жұм­сал­ғаны белгісіз. Осы уақыт ішінде тығырыққа тіреліп, банкроттыққа ұшыраудың алдында тұрған Ақ­тө­бе, Шымкент, Петропавл қала­ла­рының тасымалдаушылары ере­уіл­ге де шығып үлгерді. Өйткені суб­­сидия алмаған автопарктер жер­гілікті атқарушы органдар бе­кіт­кен тарифтердің салдарынан ав­тобус жүргізушілеріне жалақы тө­лей алмай жатыр. Одан бөлек, са­тып алынған жаңа автобустарға лизинг бойынша мемлекет тара­пы­нан тиесілі қаражат әлі төленбеген. Мысалы, Семей қаласындағы екі жыл бойы қызметін сәтті атқа­рып келген автопарк, қажетті қар­жы алмағандықтан, соттың ше­шімімен банкрот болып жария­ланып, несиеге алған техникасы түсініксіз жолмен басқа мердігерге берілген. Сонда Үкімет айтқан 100 млрд субсидия мен 57 млрд лизинг­ке арналған қаражат қайда сонда? Ең қызығы, аталған автопаркке екі жыл бойы субсидия төлемеген қала басшылары жаңа мердігер келгенде бір-ақ сәтте 520 млн теңге мөлшерінде демеуқаржы бөлген. Бұл қаражат қайдан шықты және бюджетте жаңа мердігер үшін ар­найы сақталып отырған ба? Ол қар­жы Семейдің автопаркі бан­кроттыққа ұшырағанша екі жыл бойы неге берілмеген?  Сұрақ көп, жауап жоқ! Автобус тасымалын ұйымдас­тыру мен әлеуметтік маңызды ба­ғыттарды субсидиялау жергілікті атқарушы органдардың құзырына берілген. Ал олардың осындай аса маңызды әлеуметтік мәселелерді шұғыл түрде шешпеуінің кесірінен көптеген адамдар жұмыс орын­да­рынан айырылып, қарапайым тұрғындар күнделікті жүріс-тұры­сынан қалып, көп қиыншылықтар тудырып отыр. Ол, әрине халық­тың наразылығын тудыратыны жа­сырын емес. Бұған құзырлы ор­гандар не дейді екен?!

Дәулет АСАУ