Биыл елімізде қоғамдық көлік жүргізушілерінің ереуілі көп болды. Семейде, Ақтөбеде, Шымкентте, Талдықорғанда, Қостанайда, Ақтауда автопарк жұмысшылары көтерілді, кей қалаларда оларға кондукторлар да қосылды. Кейбір өңірлерде наразылық акциялары бірнеше рет өтті. Жүргізушілер қауымы автобус тасымалындағы күрделі жағдайларды түзеу, автопарктерге тиесілі субсидияларды төлеу, жалақы қарызын өтеу, медициналық сақтандыру және зейнетақы қорына ақша аудару сияқты талаптар қойды.
Тасымалдаушыларды тығырыққа тіреген проблема
Жолаушылар тасымалы саласында көп жылдан бері қордаланып келе жатқан проблема көп. Соның салдарынан республика бойынша көлік саласындағы мыңдаған маман жапа шегіп отыр. Олардың сыртында он мыңдаған адамның тағдыры тұр. Ал әр қалада жүргізушілер ереуіл жасап, қоғамдық көліктер рейстерге жиі шықпай қалса ше?! Жүздеген мың адам жұмысына жете алмай, шаһардың өмірі түп-түгел тұралап қалмай ма? Оның ел экономикасына тигізетін кері әсерін есептеудің өзі қорқынышты. Жоғарыда айтқан көп келеңсіздіктердің салдарынан еліміздің кей өңірінде автобус жүргізушілері жетіспейді. Басқа өңірді айтпай-ақ қояйық, жалақысы жақсы, көліктері жаңа ел астанасы – Нұр-Сұлтан қаласының өзінде автобус жүргізетін шопырлар тапшы.– Жалпы, қала бойынша қоғамдық тасымалдау қызметінде 1 124 көлік қамтылған. Олардың 869-ы күнделікті рейстерге шығады. Ереже бойынша, әр автобуста бірін-бірі ауыстырып, жұмыс істейтін 3 жүргізушіден болуы керек болғанымен, бізде әр көлікті 2 жүргізушіден тізгіндейді. Бүгінде елордадағы 6 автопарк бойынша 759 автобус жүргізушісі жетіспейді. Бірақ бізде жалақы қарызы, субсидия төлемеу деген мәселе жоқ. Бәрі уақытылы беріледі. Жүргізушілердің тапшылығы – оларға қойылатын талаптың жоғарылығынан болып отыр. Оның үстіне, қазір жастар жағы қоғамдық көлік жүргізуге құлық танытпайды, – деді CTS компаниясының қоғаммен байланыс бөлімінің маманы Науат Азанбаева.Астанадағы жағдай осы болса, басқа өңірлер туралы не айтасыз? Басынан бұлт арылмаған бұл саланың көп проблемалары мен жұмыстың мазасыздығынан кәсіби, білікті жүргізушілер автобус жүргізуге онша құмарта қоймайды. Олардың орнын тәжірибесіз мамандар басады. Тіпті, шопырлар жеткілікті болып, автобустар күнделікті рейстерге үздіксіз шығып тұрса да, одан проблема азаятын емес. Тәжірибесіз жүргізушілер сапар барысында түрлі апаттарға, төтенше оқиғаларға жиі ұрынып қалады. Ал облыс және аудан орталықтарындағы қоғамдық көлік автопарктерінің жағдайы адам шошырлық. Кейбір жерлерде әлі күнге дейін баяғы Кеңес заманынан қалған ескі «ПАЗ»-дармен жұрт тасиды. Ақаулы көліктердің жол үстінде сынып жатуы, тіпті отқа оранған кездері жиі ұшырасады. Оның үстіне, автобустардың майы мен оны-мұны жөндеу шығындары да жүргізушілердің мойнына артылған.
Жырға айналған субсидия
Қазіргідей жыл сайын емес, ай сайын өмір сүру қымбаттап жатқан заманда қоғамдық тасымалдаушылардың жұмысы бұрынғыдан бетер қиындай түскен: теңгенің құнсыздануы, жанар-жағармай мен көлік бөлшектері бағасының өсуі бір жағынан қысса, екінші шағынан карантин шектеуі де жан алқымнан алып тұр, мұның бәрі республикадағы автопарктердің табысын көп төмендетіп жіберген. Сөйте тұра, өмір қымбаттағанымен, мемлекет тарапынан қоғамдық тасымалдау қызметіне берілетін демеуқаржы көлемі бұрынғы деңгейде қалып қойған. Ал автопарктер шығындарын жабу үшін тасымалдау тарифін көтерейін десе, ол халықтың наразылығын тудырады, ал жергілікті атқарушы орган субсидияны ұлғайтуға құлшынып отырған жоқ. Айта кетейік, әлеуметтік маңызды бағыттарды субсидиялау тек 2019 жылдан бері беріле бастаған. Бірақ кейбір облыстарда 2021-2023 жылдардың бюджеті бекітілгенде, оған бөлінуі тиіс шығындар ескерілмей қалған. Тіпті, біршама аудандар мен қалаларда тасымалдау қызметтеріне ешқашан демеуқаржы берілмеген, кей өңірлерде ауылдық және қала маңы тасымалы әлі күнге әлеуметтік маңызды маршруттар деп мойындалмаған. Үкімет халықтың бірқатар осал тобының қоғамдық көліктерде жүріп-тұруына жеңілдіктер берген, бірақ жергілікті әкімдіктер тасымалдаушылардың содан жоғалтқан қаржысына өтемақы төлеуді қарастырмаған. Кикілжіңнің бәрі осы тұстан туады: тасымалдаушы жеңілдігі бар жолаушыларды көліктеріне мінгізгісі келмейді, ал олар Үкімет берген заңды жеңілдігім бар деп өзеурейді. Әлеуметтік шиеленіс туындауының басты себебінің бірі де осы. Қоғамдық тасымалдаушылардың шаш етектен асатын көп проблемасын Мәжілісте «Nur Otan» партиясы фракциясының депутаттары да көтерген болатын.– Күрделі жағдайға қарамастан орталық органдар да, өңірлік органдар да тасымалдаушылардың проблемаларын шешуге құлықсыз. Бұл әлеуметтік шиеленіске әкеледі. Үкіметтің автопарктерді түгелдей жекеменшіктің қолына беру туралы шешімі де қордаланған проблемаларды шешпейді, – дей келе, «Nur Otan» партиясы фракциясының депутаты Артур Платонов Үкіметке әлеуметтік маңызды маршруттарды субсидиялаудың әдістемесі мен нормативтік анықтамасын әзірлеуді және жергілікті атқарушы органдардың субсидиялау бойынша міндеттемелерді толықтай орындауы туралы мәселе қойды.
Шешімін таппаған мәселе
Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярдың айтуынша, жолаушылар тасымалы қызметін дамыту мақсатында 2018-2020 жылдар аралығында республикалық бюджеттен әлеуметтік маңызды автобус маршруттарын субсидиялау үшін 100,5 млрд теңге (2018 жылы – 17,2 млрд теңге, 2019 жылы – 36,9 млрд теңге, 2020 жылы – 46,4 млрд теңге) және автопарктердің отандық автобустарды сатып алуы үшін жеңілдетілген лизингтік қаржыландыру бағдарламасы шеңберінде 57,2 млрд теңге (2018 жылы – 10 млрд теңге, 2019 жылы – 23,5 млрд теңге, 2020 жылы – 23,7 млрд теңге) бөлінген. Ал Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпараттан 2021 жылы өңірлердегі әлеуметтік маңызды бағыттарды субсидиялау үшін 59,1 млрд теңге, ал жеңілдетілген лизингтік бағдарлама бойынша 22 млрд теңге қарастырылғанын білдік.«Сондай-ақ қоғамдық тасымалдау мәселелеріне қатысты биыл 8 шілде күні ИИДМ-гі жергілікті атқарушы органдардың, «Атамекен» ҰКК және автокөлік қауымдастықтарының қатысуымен жиналыс өткізді. Мұнда автобуспен тасымалдау саласы бойынша қордаланған мәселелер талқыланып, тасымалдаушыларды субсидиялау жөніндегі әдістеме мен ережелердің орындалуы қатаң міндеттелді. Қорыта айтқанда, бұл жайт Үкіметтің ұдайы бақылауында болады», – деп сендірген еді Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр.Бірақ одан беріде екі айдан астам уақыт өтті, алайда қоғамдық тасымалдау ісінің жағдайы күрт жақсарып кете қоймаған сияқты. Әсіресе, 2018-2020 жылдарды бюджеттен автопарктерді субсидиялауға бөлген 100 миллиардтан астам теңге мен лизингпен жаңа автобустар сатып алуға бөлінген 57 млрд теңгенің нақты қайда жұмсалғаны белгісіз. Осы уақыт ішінде тығырыққа тіреліп, банкроттыққа ұшыраудың алдында тұрған Ақтөбе, Шымкент, Петропавл қалаларының тасымалдаушылары ереуілге де шығып үлгерді. Өйткені субсидия алмаған автопарктер жергілікті атқарушы органдар бекіткен тарифтердің салдарынан автобус жүргізушілеріне жалақы төлей алмай жатыр. Одан бөлек, сатып алынған жаңа автобустарға лизинг бойынша мемлекет тарапынан тиесілі қаражат әлі төленбеген. Мысалы, Семей қаласындағы екі жыл бойы қызметін сәтті атқарып келген автопарк, қажетті қаржы алмағандықтан, соттың шешімімен банкрот болып жарияланып, несиеге алған техникасы түсініксіз жолмен басқа мердігерге берілген. Сонда Үкімет айтқан 100 млрд субсидия мен 57 млрд лизингке арналған қаражат қайда сонда? Ең қызығы, аталған автопаркке екі жыл бойы субсидия төлемеген қала басшылары жаңа мердігер келгенде бір-ақ сәтте 520 млн теңге мөлшерінде демеуқаржы бөлген. Бұл қаражат қайдан шықты және бюджетте жаңа мердігер үшін арнайы сақталып отырған ба? Ол қаржы Семейдің автопаркі банкроттыққа ұшырағанша екі жыл бойы неге берілмеген? Сұрақ көп, жауап жоқ! Автобус тасымалын ұйымдастыру мен әлеуметтік маңызды бағыттарды субсидиялау жергілікті атқарушы органдардың құзырына берілген. Ал олардың осындай аса маңызды әлеуметтік мәселелерді шұғыл түрде шешпеуінің кесірінен көптеген адамдар жұмыс орындарынан айырылып, қарапайым тұрғындар күнделікті жүріс-тұрысынан қалып, көп қиыншылықтар тудырып отыр. Ол, әрине халықтың наразылығын тудыратыны жасырын емес. Бұған құзырлы органдар не дейді екен?!
Дәулет АСАУ