Суицид азаймай тұр

Суицид азаймай тұр

Түркістан облысында тағы да қайғылы оқиға бол­ды. Бұл жолы 9-сынып оқу­шысы өзіне-өзі қол жұм­сады. Қазір тергеу амал­да­ры жүріп жатыр. Демек, суи­цидтің нақты себебі анықталған жоқ. Дегенмен ата-аналар мұ­ның әлім­жеттікпен бай­ла­нысын алға тартады. Ал ада­ми әлеуетті дамыту бө­лі­мінің басшысы пранк себеп болуы мүмкін екенін айтқан.

Сан рет ескерткен іс

Түркістан облысы Түлкібас ау­данындағы А.Макаренко мек­тебінің 9-сынып оқушысы суи­цид жасады. Састөбе елді меке­нінде тұратын жеткіншек төбелес кезінде қолын сындырып, әже­сінің үйіне келіп асылып қалған. Тұрғындар оқушының бұл әре­кетін ақша бопсалаумен бай­ланыстырады. Сол үшін олар мәселенің жабулы қазан жабулы күйінде қалмай, шешілгенін қалайды. Министрлік араласып, Білім басқармасы мен мектеп әкімшілігінің бұғып қалуына тосқауыл қойғанын күтіп жүр. Неліктен ата-аналар мазасыз? Өйткені олар бұдан бұрын да осыған ұқсас жайтқа куә болған. Аталған оқиғаның бүге-шігесіне дейін тексерілуіне қол жинап жат­қандар бар. Оқиғаны бұрма­лап, соңына дейін жеткізбесе, 500-ге жуық ата-ана қарсы шы­ғуға дайын. Айталық, ауыл тұр­ғы­ны Асқар Айдарбеков БАҚ-қа берген сұхбатында қыркүйек айында министр А.Аймағам­бе­товпен онлайн жүздесіп, мектеп­тегі мәселелер мен жабық күйде қалған істер жайын қозғаған. Министр түйінді шешеміз деге­німен, мектеп ішінде өзгеріс бол­маған. Осылайша, арада бір ай өткенде тағы бір суицид оқи­ғасы тіркелген. Оның айтуынша, Састөбе ауы­лындағы орта мектепте ке­йінгі алты жылда мұндай оқиға­лар жиі тіркелген. 9-сынып оқу­шысының асылып қалуына жо­ғары сынып оқушыларының күш көрсетуі себеп болған. Анығын айтқанда, мәселе ақша жинау ісіне келіп тірелуі мүмкін. Асқар Айдарбеков осымен екі бала өзі­не-өзі қол жұмсағанын, оқушы қызды зорлау оқиғасы тіркел­генін айтады. Ауыл тұрғындары өзара істің анық-қанығын біліп отырғанымен, басшылық көп нәрсені жасырын ұстауды қа­лайды-мыс. Ал Түлкібас аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің бас­шысы Ержан Қадырбектің мә­лімдеуінше, суицидке әлімжеттік себеп болғаны нақты емес. Ба­лалар арасындағы пранк себеп болуы мүмкін екен. Тексеріс то­лық аяқталған соң нақты не се­беп болғаны туралы ақпарат жа­рияланады. Қазірше арнайы мо­бильді топ жоғары сынып оқу­шыларына психологиялық кө­мек көрсетіп жатыр. Осы оқи­ғадан кейін мектеп директо­ры­ның орынбасары жұмысынан босатылған. Екінші орынбасары да жұмыстан кетуге арыз жазып қойған екен.

Буллинг пе, психологиялық қысым ба?

Әлімжеттік – буллингтің бір түрі. Нақтырақ айтқанда, «ежел­ден» келе жатқан түрі десек жөн болар. Күш көрсету, ақша талап етудің соңы суицидке әкелуі бек мүмкін. Психологтердің айтуын­ша, осындайда ата-аналар мен ұстаздардың бірігіп жұмыс істе­гені жөн. Әсіресе, буллингті тоқ­татуда мұғалімдердің рөлі басым. Сынып пен мектеп ішіндегі атмос­фераны елемеу, оқушы жү­зіндегі секемді сезбеу, уақытында байқамаудың соңы – суицид. Одан қалса, ауыр жарақатпен ауруханаға жату фактілері тағы бар. Нейропсихолог Айнұр Ал­даштың мәліметінше, елімізде жыл сайын буллингтен 150-ге жуық жасөспірім қаза табады. Оның ішінде өзіне қол жұмсай­тыны, соққы салдарынан көз жұматындары бар. Одан бөлек, әрбір бесінші бала сөзбен, соқ­қымен, зорлықпен жасалатын қысымға ұшырайды. Сондай-ақ нейропсихологтің айтуынша, Еуропа елдерінде, Англияда антибуллинг мектеп бағдарла­масына енген. Ал бізде осыған қатысты сынып сағаттары өткі­зілгенімен, ақпарат ескірген әрі оқушы санасына әсер ету сыз­басы ескі. Неліктен мектеп ішіндегі атмосфера жайын қозғадық? Себебі ауыл тұрғындарының ай­туынша, осы оқиғаның алдында ғана 10 және 11-сынып оқушы­лары төбелескен екен. Мұның артында ақша жинау ісі тұр. Жоғарыдағы оқиғада төбелестен соң оқушылардың бірінің «бұ­ғанасы сынып, операция жасал­ған». Бірақ тиісті органдар бұл тартыстың тек екі оқушының ара­сында болғанын, жеке мәселе себеп екенін алға тартқан. Осын­дай мәлімдемеден кейін тұр­ғын­дар суицид ісінің толық тексе­рілгенін қалайды. Олар «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жо­лын іздеу» керегін біліп отыр. Бірақ облыстағы, аудандағы, мектеп ішіндегі жауып-жасыру әрекетінен талай іс көлеңкеде қалған. Естеріңізде болса, маусым айының басында Түркістан об­лысында тағы бір оқушы өзіне-өзі қол жұмсады. Оған емтихан­нан төрттік алғаны, директордың «қысым» көрсеткені себеп де­лінген. Білуімізше, оқиға әлі тергеліп жатыр. Оқушының ата-анасы директордың жазадан сытылып кетуінен қорқады. Ал оның өліміне буллингтен гөрі психологиялық қысым десек, жөн болар. Иә, психологиялық қысым да буллинг түріне жатады. Ата-анасының, мұғалімдердің алдында жақсы атымен танылып, кілең бестікке оқып, қоршаған ортадан «сүрінбеу» туралы бұй­рық алған оқушының күйі бел­гілі. Психологтердің айтуынша, мұндай оқушылар өзін белгілі бір шекараның ішінде жүргендей сезінеді. Төмен ұпай жинаса, ар­тық әрекет жасаса, жұрт табалай­тындай көрінеді. Айналып кел­генде қалай бар, солай қабылдау керегіне қайта ораламыз. Бұл мә­селеде ата-ананың балаға арт­қан міндеттемелерін қайта қа­рап, шынайы жақсы көретінін сезіндіргені дұрыс. Осыдан кейін туатыны бір сұрақ: неге мектеп басшылығы өзгелердің алдында «қысылып-қымтырылады»? Қайта аталған оқиғаның ақ-қарасы анықталса, басқа мектептер етек-жеңін жи­найды емес пе? Буллингке қарсы семинар-тренинг жылына бір келетін Тамыз конферен­ция­сын­да ғана жүргізілмей, сынып сағаты қайтадан түзілер ме еді? Суицид, соққының соңы ауру­ханамен аяқталған оқиғалардың ашылмауы әлдекімдердің жылы орнын сақтап қалуына әсер ете ме? Не де болса, ендігіде мұға­лімдердің жұмысынан бөлек, психологтердің оқушылармен тығыз байланыста болуы басты назарға алынғаны дұрыс-ақ. Одан бөлек, министрліктің бул­линг ұғымын заңнамалық тұр­ғыдан бекіту жұмысы тездетіліп, ереже жобасының ата-аналар, педагогикалық және сарапта­малық қоғамдастық өкілдерімен бірлесе әзірленгені керек. Әрине, тәжірибе жүзінде жұмыс істеген мамандар жұмылдырылса игі.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ