Қазір еліміз бойынша емханаларға тіркелу науқаны жүріп жатыр. Бірақ кейбір солтүстікқазақстандықтар өздері қалаған емханасына тіркеле алмай әлек. Бұған не себеп?
№3 емханаға тіркелген Петропавл тұрғыны Роман Чудиновтің қалауы – №1 қалалық емхана. Себебі өзі қаланың орталығында тұратындықтан, үйіне жақын жердегі емхананы таңдаған. Ал қаланың қиыр шетіндегі №3 емдеу мекемесі оған тым алыс. Сондықтан «басы ауырып, балтыры сыздай қалса», қоғамдық көлікпен дәрігерге жетуге көп уақыт шығындамайын деп ол №1 емханаға тіркелмек болған. Алайда онысынан түк шықпады. Емханаға тіркелудің үш жолы бар болса, соның үшеуін де қолданып көрген ол барлық тәсілдері бойынша қарсылыққа тап болды. Өзі мұның себебін түсінбей дал. Ол табан тоздырып, таңдаған медициналық ұйымына да жүгінген, «электрондық үкімет» порталы арқылы онлайн тіркелмекші де болған және халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы өтініш те берген. Бірақ «қайда барса да, Қорқыттың көріне» тап болған. «15 қарашаға дейін кез келген адам өзі қалаған емханаға тіркеле алады деген акция жарияланды. Ал шын мәнісінде кедергі көп. Біресе учаске лық толы, біресе тұрғылықты жерің сәйкес келмейді деген сияқты себептер айтады. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мамандары да, басшысының орынбасары да бұл науқан тек тұрғылықты жерін ауыстырғандарға қатысты дегенді алға тартты. Ендеше неліктен Денсаулық сақтау министрлігі жариялаған хабарландыруда бұл науқанға барлық қазақстандықтар қатыса алады деп жазылған? Неліктен мен өзіме ыңғайлы емхананың қызметін тұтына алмаймын? Неге мен олардың айтқанына көніп, жапа шегуім керек? Бұл науқан қағаз жүзінде жарияланғанымен, іс жүзінде адамдарға пайдасы шамалы. Не үшін жарияланғаны түсініксіз», – дейді Роман Чудинов. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарландыруын ашып қарасақ, шынымен де «Науқан жыл сайын ел тұрғындары, егер олар қазіргі жағдайға қанағаттанбаса, тіркелетін ұйымын өзгерте алатындай етіп өткізіледі», – деп тайға таңба басқандай жазылған. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалының баспасөз релизінде де: «Қазір қызмет алып жатқан медициналық ұйым жұмысы қанағаттандырмаған жағдайда, емхананы еркін таңдау арқылы тіркелуі үшін аталмыш акция тұрғындарға жыл сайын өткізіледі, ал нарық қатысушылары, оның ішінде жаңадан қосылған ұйымдар келесі жылы халыққа қызмет көрсету мақсатында тапсырыс алады», – делінген.НЕГІЗДЕМЕ БАР
№1 қалалық емхананың бас дәрігері Светлана Кашенцеваның айтуынша, тіркелгісі келген адамдардың өтініші қанағаттандырылмаған жағдай болып тұрады. «Оларды тіркеуден бас тартулардың барлығы да негізделген, нақты себебі бар. Мәселен, бір елді мекен ішінде жылына екі рет емханаларға тіркелуге болмайды немесе қала маңайындағы ауыл тұрғындарын біздің емханаға тіркеуден бас тартамыз. Әркім өзінің тұрғылықты жері бойынша тіркелуі тиіс. Осындай себептерге байланысты бірді-екілі бас тарту жағдайы болды», – деді Светлана Тимофеевна. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры Лариса Гордееваның айтуынша, емханаға тіркеуден бас тартудың бірнеше себебі бар. Біріншіден, тіркелуші жалған ақпарат ұсынса, екіншіден пациенттің тұратын мекені емхананың қызмет көрсету аймағынан тыс жерде орналасса, үшіншіден бекітілген халық саны жалпы практика дәрігеріне 1,7 мың адамнан асып кетсе және төртіншіден тіркелген тұлғаның заңды өкілдігін растайтын құжаты болмаған кезде оның өтініш қанағаттандырылмайды», – деді Лариса Болеславовна. Роман Чудиновтің қалаған емханасына тіркеле алмауына мұнда көрсетілген себептің үшіншісі түрткі болыпты.ЖАН БАСЫНА ШАҚҚАНДАҒЫ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ ЕНГІЗІЛГЕН
Лариса Гордееваның мәліметінше, 2021 жылы қор медициналық-санитарлық алғашқы көмектің 615 өнім берушісімен шарт жасасқан: соның ішінде 357-сі мемлекеттік және 258-і жекеменшік ұйымдар. Аталған ұйымдардың барлығы денсаулық сақтау субъектілерінің деректер базасында тіркелген. Яғни, әр еңбеккердің еңбекақысынан міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорына аударылған қаржы осы ұйымдарға жөнелтіледі деген сөз. Бүгінде емханаларға жан басына шаққандағы қаржыландыру енгізілген, яғни медициналық сақтандыру қорынан бөлінген қаржы ұйымға бекітілген әр пациент үшін төленеді. Ендеше емханалар клиенттер санының неғұрлым көп болғанына мүдделі болуы керек сияқты. Шын мәнінде, олай болмай тұр. Сондықтан Роман Чудиновтің өкпе-ренішін түсінуге де болады. «Емханаға тіркелу консультациялық-диагностикалық қызметтерге жолдаманы, ауруханаға жатқызуды, кез келген жоспарлы медициналық көмекті және тағы басқаларды қоса алғанда, денсаулық сақтау жүйесіндегі медициналық көмектің кең тізбесін алуға құқық береді. Алайда өз үйінен алыс орналасқан емханаға тіркелген науқастың шақыртуына терапевт-дәрігер келе алмайды. Бар айырмашылығы сол ғана», – дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалындағылар. «Жыл сайынғы бекіту науқанын өткізуге бақылау мен жауапкершілік аумақтық Денсаулық сақтау басқармаларына жүктелгенін атап өткен жөн, егер медициналық ұйымның өзі азаматтардың көңілдерінен шығатындай етіп жауап бере алмаған және шешім шығара алмаған жағдайда, тіркелушілер көкейіндегі сұрақтарын, шағымдары мен ұсыныстарын аумақтық Денсаулық сақтау басқармаларына жолдауға болады», – делінген қордың баспасөз парағында. Алайда облыстық Денсаулық сақтау басқармасындағылар емханаға бекіту науқаны әлі аяқталмағанын алға тартып, жауап беруден бас тартты. Филиал директоры Лариса Гордееваның айтуынша, осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдарына барлығы 19,4 млн адам ғана тіркелген. «Оның ішінде қала халқының саны 11,6 млн адам болса, ауылдық тұрғындар саны – 7,9 млн адам. 2020 жылғы тіркеу науқанының қорытындысын қарайтын болсақ, медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымын еркін таңдау қызметін 134,4 мың адам пайдаланған. Оның ішінде шетелдік азаматтар – 1 037 адамды құраса, соның 1 010-ы басқа елдердің азаматтары, қандастар саны 27 болған», – деді Лариса Болеславовна. Тұрғындарды емханаға тіркеу науқаны қарашаның 15-іне дейін жалғасады.Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы