Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы еліміздің жоғары оқу орындарының ректорларымен және ғылыми қоғамдастығымен кездесті.
Еліміздің ғылыми қоғамдастығы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасын талқылады.
Алматы қаласына жұмыс сапары кезінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов жоғары білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Кеңеске Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, еліміздің жоғары оқу орындарының ректорлары, ғылыми және сараптамалық қоғамдастық қатысты.
Алматы қаласы әкімі Б.Сағынтаев мегаполис дәстүрлі түрде еліміздің білім беру орталығы болып табылатынын, онда 180 мыңға жуық оқушы жастар - ЖОО студенттері бар екенін атап өтті. Осыған байланысты жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға ерекше назар бөлінеді.
«Өскелең ұрпақта сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру білім беру саласы қызметінің сапасын, тиімділігін бағалауда маңызды критерий болып табылады. Қаланың барлық аудандарында «Adaldyq alańy» фронт-офистері жұмыс істейді. ЖОО-мен бірлесіп «Саналы ұрпақ» және «Парасат» жобалық кеңселерін құру бойынша жұмыс жүргізілуде. Барлық жоғары оқу орындарында «Адал көмек» және «Ізгілік елшісі: Акселератора добра» еріктілерімен білім алушылар үшін заңгерлік кеңестер өткізіледі», - деп хабарлады Б.Сағынтаев.
Кездесуде жоғары білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл аясында негізгі проблемалық мәселелер талқыланды, сондай-ақ қоғамдықты тарта отырып, сарапшылық қоғамдастық арасында белсенді талқыланатын 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат Тұжырымдамасының жобасы таныстырылды.
«Білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық мемлекеттің болашағына тікелей қауіп төндіреді. Оның алдын алатын құралдар бар, оларды пайдалану керек. Сондықтан біздің ортақ міндетіміз – оны азайту және жою үшін барлық қажетті шараларды қабылдау. Жоғары оқу орындарынан адал еңбекті бағалайтын және өз отанына қамқорлық көрсететін еліміздің лайықты азаматтарын тәрбиелеу және шығару», - деп атап өтті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы.
Сонымен қатар, кеңесте еліміздің университеттерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтерді енгізу және студенттер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөніндегі кешенді жоспарларды іске асыру мәселелері талқыланды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және оның аумақтық бөлімшелері университеттер құрылымында көрсетілген қызметтерді ашу, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс институтының жұмысын ұйымдастыру бөлігінде барлық мүмкін әдіснамалық көмек көрсететін болады.
Кездесудің «ашық диалог» түріндегі форматын ескере отырып, ғылыми қоғамдастық пен ЖОО басшылығы білім беру саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру мәселелері бойынша өз пікірлері мен идеяларымен бөлісті.
Кездесу қорытындысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен Білім және ғылым министрлігі арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Тараптар бірлескен жұмыстың жоспарлары мен жобаларын талқылады.