Павлодар облысының Мичурино ауылының шетінде 41 жастағы әйелдің мүрдесі табылды. Адам өлтірді деген күдікпен Шарбақты ауылының тұрғыны қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«21 қазан күні сағат 19:30-да жедел қызметкерлер Павлодар ауданының Мичурино ауылының шетіндегі орман алқабында із-түзсіз жоғалған 41 жастағы әйелдің денесін тапты. Ол зорлықпен өлтірілген», - деді Павлодар облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Құқық қорғау органдарының дерегіне сай, аталған іс бойынша соталды тергеу басталды.
«Сараптамалар тағайындалды, тергеу шаралары жүріп жатыр», - деп мәлімдеді Павлодар облысы Полиция департаментінің бастығы Нұрлан Масимов.
Департаменттің хабарлауынша, адам өлтірді деген күдікпен Шарбақты ауданының 32 жастағы тұрғыны ұсталған. Ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстың мән-жайы анықталып жатыр.